Бұл айтыстың жаңалығы Жандарбек Бұлғақов болды

Oinet.kz 05-08-2019 1363

2ec05eda9092a86697538883b2138692.jpg

Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен  «Бірлігіміз жарасқан – Мәңгілік ел» атты айтыс Тұңғыш Президент күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Айтысқа бас-аяғы 10 жұп, яғни 20 ақын қатысты. Дүбірлі додаға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен де ақындар келді. Айтысты белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізді. Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова бастаған, оның бір кездері сахнада сөз сайыстырған  әріптестері  Әсия Беркенова, Әбдіхалық Әбдірайым қоштаған қазылар алқасы   құрамына сондай-ақ белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт, ақындар  Ханбибі Есенқарақызы, Нармахан Бегалы, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы таңдалыпты. Шыны керек, «Түркістан» сарайындағы  айтыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жүлде қоры да қомақты болды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтің жанашырлығымен  ақшалай сыйлықтардан бөлек, үш автокөлік бәйгеге тігілді. Өкініштісі сол айтыстың деңгейі де, айтыскерлердің талантын бағалау да  жұрт көңілінен шыға қоймады. Мұны айтыс біткен кезде сездік. Эмоцияларынан, сөздерінен, іс-әрекеттерінен. «Жандарбек болмағанда қайтер едік?» деп аһілеп-үһілеген кей көрермендер үйлеріне қайтуға асықты. Енді біреулері Жандарбек Бұлғақовты есік алдынан «ұстап алып», онымен суретке түсумен болды. Ал, басқа ақындар «жетімсіреп» тұрды. Неге бұлай болды? Бәрін басынан бастайық. 

«Тиын санайтын әкімнен, тәспі санайтын әкім қайда артық» 

Жұма күні бағдарлама бойынша сағат 11.00-де бірінші айналым басталды. Зал толмаса да, әжептеуір көрермен жиналды. Көпшілігі зейнет жасындағы кісілер. Арасында бірен-саран жастар да болды. «Аламан айтыс болады!» деп зор үмітпен келгендері жүздерінен сезілді. Әйтсе де, айтыскерлер жалпылама ой, тым жаттанды сөздердің шеңберінен шыға алмай  10 минуттан соң жұртты жалықтыра бастады.. Олар орташа есеппен 25 минут айтысты. Өзіммен бірге кітап апарғаным жақсы болыпты, соны оқып уақыт өткіздім. Бір кезде сахнаға Біржан Байтуов пен Мөлдір Айтбай шықты. Біржанның  айтысты әжептеуір-ақ бастауы көпке ұзамай көпшілікке  ыңғайсыз күй кешкізді. Яғни, қызға қырындаудан басталған айтыс белден төмен тақырыпқа ұласты. Қызды-қыздымен Мөлдір: 

Егер мені сүйетін болсаң, 

Мына бойыңмен

Табанымнан сүйерсің,- деп Біржанды «мат» қылмақ болды. Біржан да қалыспай: 

Табаныңмен сүйер болсам, 

Онда сені жатқызып сүйейін бе? – деп жауап берді. 

Бұд жолғы додада бір-бірінің бойынан мін іздеген ақындар да болды. «Тазсың, арықсың, семізсің; жемсауыңа жем толып кетіпті; мен мықтымын, сол себепті сазайыңды тарттырамын» дегендей арзан сөздерді аз тыңдадық дей алмаймын. Абырой болғанда айтысты жүргізуші Көпен Әмірбек: 

- Қазылар алқасының төрайымы Әселхан апаларың «бір-бірлеріңнің бойларыңнан мін іздемеңдер» деп айтып еді. Құдай жаратқан физикалық болмысты сөз қылған дұрыс емес, - деп ескерту жасамағанда ақындар ел алдында екі күн бойы бір-бірін кекетіп-мұқатудан жалықпайтын сыңайлы. 

Әрине, тың ой айтқан ақындар да бар. Мысалы, қостанайлық Сырым Әуесхан: «Тиын санайтын әкімнен, тәспі санайтын әкім қайда артық» деп облыс әкімінің іс-сапарынынан хабардар екенін көрсетті. Сонымен қатар, ширек ғасырдағы толағай табыстардан бөлек, 5 мың теңге үшін шешінгендер, 70 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған Тұңғышбай мәселесі, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толғаны жайлы сөз қозғалды.    

Тағы да «заготовка»... 

Айтысты талай жылдан бері тамашалап жүрген кәсіпқой көрермендер байқауы керек, мұнда «заготовка» көп қолданылды. Яғни, кей ақындар айтыста алдын ала жаттап келген сөздерін судыратып айтып берді. Мысалы, Қытайдан  келген Арзыгүл Қайымбекқызы бірінші айналымда Нұрлыбек Мейірмановпен, екінші айналымда Қажымұқан Абзаловпен айтысты. Екі жігіт те оған «жүрейік, тоқалым бол» деп қырындады. Шамасы, Арзыгүл тоқал тақырыбы қозғалатынын білген болуы керек, осыған жауап дайындап келіпті. Оны мақамынан-ақ анық аңғардық (Жалпы, көп жерде ер ақындар әйел ақындармен айтысқанда тоқал тақырыбынан аса алмай жатады ғой).  «Жоқ, тоқалың болмаймын, тек бәйбішелікке келісемін, онда да шарттарым бар» дегендей Арзыгүл наздана отырып бетін қайтарумен болды. Жалпы, Қажымұқан да әккі ғой, ептеп тоқал тақырыбынан ауысып көрген еді,  есесіне Арзыгүл алыстай алмады. Айтысты тоқалдыққа әкеліп тірей берді. Осыдан-ақ, оның «заготовкамен» келгені көрер көзге анық білінді. Әрине, бұл жерде оның талантына шүбә келтіріп тұрғанымыз  жоқ, дегенмен, көзі қарақты көрермендерді ақымақ қылған дұрыс емес секілді. Осы орайда  менің есіме студент кезде көрген бір айтыс түсіп кетті. Сонда университет сахнасында қыз бен жігіт айтысқан болатын. Қу жігіт әдейі қызға мүлдем қырындамай, басқа тақырыпта сөз қозғап еді, сөзін жаттап шыққан қыз не айтарын білмей сасқалақтап, масқара болғаны бар. 

Айнұр Тұрсынбаева неге айтыс бітпей қайтып кетті?

Бірінші айналымда жұрт асыға күткен Айнұр Тұрсынбаева «жас пері» Аян Низбекпен айтысты. Әрине, Аянға анасымен жасты адамға сөз айтқаны тым ұят. Сол себепті, ол оның қызына «жармасты». Ақыры, Айнұр Оңтүстік өңірінің тумасы Аянға қызын беретін болып тарқасты. Әрине, сөз жүзінде ғой. Бір қызығы, Айнұр келесі айналымға шықпады. Ұпай бойынша шығуы керек еді. Дегенмен, ол екінші күні айтыста мүлдем төбе көрсетпеді. Марапаттау рәсімінде бәріне сыйлық таратылғанда да оны көре алмадық. Осыдан оның еліне қайтып кеткенін білдік. Неге қайтып кетті екен? Жұмбақ.   

Бұл жолғы айтыстың  іш пыстырар тұсы көп болды. Әрине, бұл менің субъективті көзқарасым. Мысалы, төңірегімдегі кей жастар мызғып алып жатты. Бір минуты бір сағаттай сезілген сондай бір сәтте сахнаға Жандарбек Бұлғақов шыққанда жұрт демдерін ішіне тартты. Одан бір ғажапты күтті. Қуанышқа орай, Жандарбек ел үмітін ақтай білді. Ол бірінші айналымда Қажымұқан Абзаловпен, екінші айналымда Біржан Байтуовпен айтысты. Басқалар айтысқанда «қашан бітеді?» деп үзіліп кетердей отырған жұрт Жандарбек айтысқанда «қайта тірілді». Жандарбек өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтынын байқадық. Ол сахнаға қарсыласын әбден зерттеп барып шығады екен. Бірыңғай жалпыламалық жоқ. Жалпыдан жалқыға барып тіреледі. Кез келген «шабуылыңа» дайын. Жүрісінен жаңылмайды. Міне, нағыз дүлдүл!

Қысқасы, Жандарбек ел сүйсінетіндей айтыс өрнегін көрсетті. Жұрт кәдімгідей серпіліп, айыздары қанды. 30 минут 3 минуттай өте шықты. Әйтсе де, Жандарбек Қажымұқанмен тең түсті. Жандарбек Қажымұқанға «індегі түлкідей Оңтүстіктен аттап шықпайсың, тойларда бет ашып, ақша табасың» деп тиісті. Қажымұқан да қарап қалмай, қарсыласына лайықты жауап берді. Тіпті, бір кезде эйфориялық сезімде отырып, Қажымұқан жеңетін шығар деп те ойладым. Қазылар алқасы екеуіне бірыңғай 10 балл берді. Меніңше, бұл әділ шешім болды. Екеуі халыққа нағыз айтысты көрсете білді. Жұрт ұзақ уақыт бойы қол шапалақтады. Алғашқы айналымда осы жұп қалғып бара жатқан көрермендерді оятып, айтысты құтқарып қалды десе болады. 

Жеңіп тұрып жол берді 

Залда, одан кейін әлеуметтік желілерде кей адамдар қазылар дұрыс шешім шығармады деп сынап жатты. Тіпті облыстық мәслихаттың депутаттары Саттар Қуашбаев басқаратын тұрақты комиссияның мәжілісінде мәселе етіп көтергеніне күлесіз бе, жылайсыз ба? Меніңше, олар дұрыс шешім шығарды. «Неге Жандарбек бас жүлде алмады?» деп айтып жатқандарда есеп жоқ. Бұл енді барып тұрған сыңаржақтық. Біле тұра суға дәрет сындыру. Санап қарасақ, 3 айналымда барлығы 20 жұп айтысыпты. Қазылар алқасы бәріне лайық бағаларын берді. 

Ақтық сында Жандарбек Анар Жаппарқұловамен айтысқанда, егер жеңіп жатса оған жолын беретінін ашық айтты. Қазылар осыны есепке алып, Жандарбекке бұйырған бас жүлдені Анарға берді. Мұны енді талқылау мүлдем дұрыс емес. Жандарбек финалда үлкенді сыйлап, кішілік яки кісілік танытты. Сонда Жандарбекке сүйсінбеген ел қалмады. Ал, марапаттау рәсімінде бас жүлдені Анар алғанда, яғни жеме-жемге келгенде халық мүлдем өзгеріп шыға келді. Бұл енді қаншалықты дұрыс? 

Шымкенттегі дүбірлі додамен қатар Алматыда «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы қатар өтті. Бұл жайында ақтық сында Анар Жаппарқұлова Жандарбек Бұлғақовтан: «Алматыда «Алтын домбыра» мүшәйрасы өтіп жатыр, ал сен мұнда не істеп жүрсің?» деп жақаурата сұрады. Сонда Жандарбек «Алтын домбыраның» аты бар заты жоқ екенін, сол себепті Оңтүстікке келгенін тұспалдап жеткізген еді. Айтса айтқандай, «Алтын домбыра» төңірегінде үлкен шу шықты. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Оңтүстіктегі айтыстан соң, біздің көптеген ақындар еш ізденбей бір орында тоқырап тұрғаны һәм ескі сүрлеумен келе жатқаны көңілді құлазытты. Халыққа рухани байлық сыйлау үшін емес, қалталарын томпайтып қайтуға келгендей әсер қалдырды.  

Абылай Сматуллаұлы, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Инвесторлар шет елден келіп жатыр. Ал ауылдың ауқаттылары тойханасымен танымал
Мұрат Жұрынов - Қазақстан ғылымының құрылысшысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу