Инвесторлар шет елден келіп жатыр. Ал ауылдың ауқаттылары тойханасымен танымал
Соңғы кездері оңтүстікке инвестиция салуға ниетті шетелдік компаниялар өкілдері мен мәртебелі меймандардың келуі жиіледі. Мақта өңдегісі, жол салғысы, мал басын көбейткісі, әйтеуір қаржы құйып табысын еселегісі келеді. Әрине, кәсіпорын ашып, жергілікті тұрғындарға жұмыс тауып беретін инвесторлардың көптеп келе бергені жақсы. Дегенмен, осындай сәтте соңғы жылдары «Forbes» рейтингісінде Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің сапынан көрініп жүрген Оңтүстіктің тумаларын «іздейтіндер» аз емес. Жыл сайын дәулеті артып жатқан азаматтарымыздың бірінің негізгі табысы мұнай, мұнай сервисі, құрылыс материалдары мен қонақүйлерінен түссе, енді бірінің 3-4 базары бар, бірі тұрғын үйлер салып жатса, енді бірі тойханаларымен танымал. Тойхана демекші, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов облыс орталығында қаптап кеткен тойханаларды халықтың пайдасына жарату керектігін ескертіпті. "Бізде қазір қаптаған тойхана! Тойдың аймағымыз. Меніңше, ең болмаса бір тойхананы суретшілер мен қолөнершілерге беру керек. Тағы бір тойхананы спорт залына айналдырып, кілемдер төсеу керек. Осыны бір аптаның ішінде жүзеге асырыңыз!", - деп мәдениет бөлімінің басшысына қарата айтқан әкімнің сөзін электронды ақпарат құралдары жарыса жария етті. Тойхананы «тартып» алуға мәдениет бөлімі басшысының шамасы келмес, қала әкімі жолын көрсетіп үйретпесе. Қалай болғанда да қала басшысының ниеті дұрыс. Қарапайым халық та жергілікті бизнесмендердің тойхана мен қонақүй салумен емес, шағын және орта бизнесті дамытып, көптеп өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашқанын қалайды. Елге пайдасын тигізу мақсатында жұмыс істеп жатқандары да бар, дегенмен тұрғындар бизнесмендеріміздің инвесторлық игі ниетінен бейхабар. Әйтпесе, әлгі ықпалды, яғни қалталы деген елулікке енетіндеріңіз кей шетелдік инвестордан қауқарлы. Сондай-ақ, бизнесмендерімізге табиғаты қолайлы өңір бола тұра, 25 жылда ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай келе жатқанымыз, өнімдеріміздің бәсекеге кабілеті төмен, сондықтан басқа облыстарды былай қойғанда, тұтынушылар шет елдің өнімдерін сатып алуға мәжбүр екені жақсы мәлім.
Бұл тақырыпқа қайта оралармыз, бүгінгі айтайын дегеніміз Оңтүстікке инвестиция салуға ниетті халықаралық компаниялардың көптігі еді.
Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Швейцария, Франция мен Армения мемлекеттерінен келген ірі компаниялардың құрылтайшыларымен кездесті. «SASSTEX», «WKS TextileSolution», «SCI France», «GoldheinInvestments» сынды инвестициялық компаниялардың құрылтайшылары ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп бағытында әлемдік деңгейде көшбасшы болып табылатын бірқатар жобаларды Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асыруға ниетті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олар тері, мақта, қоқыс өңдейтін зауыттар мен жол салу және құрылыс материалдарын шығару, мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларға қызығушылық танытып отыр. Жоғарыда аталған компания өкілдері тәжірибелерінің мол екендігін, жол құрылысы саласын дамытуда қазіргі заманауи технологияны пайдалана отырып, талапқа сай тәулігіне 5 шақырым жол сала алатын мүмкіндіктері барын айтыпты. Сондай-ақ, мақта өңдеу зауытын салу бағытындағы тәжірибелерімен бөліскен. Ал мал шаруашылығын дамытуда Романов тұқымдас қойларын Оңтүстікке жерсіндіре отырып мал басын көбейту арқылы ет экспортын арттыру жобалары да бар. Етті БАӘ мен Иран елдеріне өткізу жұмыстарын да өздері ұйымдастырмақ. «Оңтүстік» арнайы экономикалық және индустриялды аймақтарда болып, бірнеше кәсіпорындарды аралап көріп, инвестициялық мүмкіндіктерін бағдарлаған франциялық, швейцариялық және армениялық инвесторлар облыс әкімдігімен ортақ шешімге келуден үмітті.
Облысқа Әзірбайжан Республикасынан келген делегация өкілдері де экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадаров бастап келген делегация облыс басшысымен кездесіп, нақты ұсыныстар мен жобалар бағытында іске кірісетін болып келісті. Жалпы, 2016 жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің арасындағы тауар айналымы 112,1 млн. АҚШ долларын құраса, Оңтүстік өңірде әзірбайжандық инвесторлардың қатысумен жұмсақ және кеңселік жиһаздар жобалары жұмыс істейді. Бұл кәсіпке салынған инвестиция көлемі - 3,8 млрд теңге. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып, кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер жасау мәселесі қазақ-өзбек бірлескен бизнес конференциясында да айтылды. Қазақстан Республикасының Өзбекстан мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен қос мемлекеттің кәсіпкерлері қатысқан жиында облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінде облыстың қалалары мен аудандарында 11 индустриалды аймақ жұмыс істейтінін атап өтті. «Өңдеуші өнеркәсіп бағытындағы жобаларды іске асырушы инвесторлар үшін біз аталған аймақтан жер учаскелерін бөліп беруге әзірміз. Сонымен қатар, осында өндірілген өнімді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен ҚХР-на экспорттауға мүмкіндік бар. Өзбекстаннан инвестиция тартуға бiз де мүдделiмiз. Көршi елде тиiмдiлiгi жоғары көптеген инвестициялық жобалар бар. Өзбекстандық инвесторларға бiздiң облыста өндiрiстiк инфрақұрылым, жердi ұзақ мерзiмге жалға алу, кедендiк және салықтық салымдар бойынша бiраз жеңiлдiктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақта инвесторлардың жұмысын жеңiлдетуге барлық жағдай жасалған», – дедi облыс әкімі. Ал, елші Ерік Өтембаев облыс басшысына Оңтүстікте қазақ-өзбек агро индустриалды аймағын салуды және Ташкент қаласымен ғана емес, Өзбекстанның барлық аймақтарымен де әріптестік байланыс орнатуды ұсынды. «Самарқан – Шымкент – Түркістан» мен «Шардара – Жетісай – Жызақ» бағыттарында жүретін автобустар қатынасының орнатылатынын мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар, Оңтүстіктегі «Химфарм» АҚ өндірісі шығаратын дәрі-дәрмек көршілес өзбек елінде сұранысқа ие. Бүгінде Өзбекстан мемлекетінен көгілдір отын, мақта талшықтары, химиялық өнімдер, тыңайтқыштар мен көкөністер импортталады. Ал, өзбек ағайындар біздің елде жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге мүдделі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1, 67 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткішті 5 миллиард долларға жеткізу жоспарлануда. Оңтүстіктің бизнес мүмкіндіктерін зерделеген инвесторлар қаржы құюға ниетті. Осы мақсатта бірлескен 10 кәсіпорын құрылады. Екі ел арасындағы шекара қатынастары жеңілдетілмек. Осыған орай Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі келіссөздер жүргізуде екен.
Мұрағаттан, 2016 ж