«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Жазушы Қойшыбек Мүбарактың өзге әдебиет өкілдерінен таңдаған бағыты мен стилі бөлек. Оның қаламынан туған туындылардан мистика, фантастика кейде мифті де кездестіруге болады. Ал қазақ әдебиетінде мұндай «қорқынышты» жанрда қалам тербейтін жазушылар некен-саяқ. Алтайдың арғы жағынан 2000 жылы атамекенге қоныс аударған кейіпкерімізді әңгімеге тартып, ерекше шығармашылы туралы сөз суыртпақтаған болатынбыз.
Қойшыбек Мүбәрак, мистик жазушы
- Қойшыбек аға, мистикалық жанрдың оқырмандары кімдер?
- Менің mystic.kz деген сайтым бар. Сонда хабарласып, хат жазатындардың көбісі жастар. Жасы үлкен оқырмандарым да оң пікірілерін білдіріп жатады. Алайда оқырмандарыма арнайы зерттеу жүргізіп көрмеппін.
Жалпы мистиканы біз бір қырынан ғана көреміз. Мистиканы тек тылсым, қорқынышты, үрейлі деген дүниемен қабылдап алғанбыз. Шындығында мистикамен ұлттық құндылық пен дәстүр, ұлттық руханияттың да бейнесін ашуға болады. Менің шығармаларымдағы мистика жалаң үрей емес, готика деп қабылдауға да болады. Мистиканы мен ұлтымыздың болмысындағы мифпен байланыстырғанды дұрыс деп санаймын. Қай шығармам болсын ұлттың культына айналған дүниелердің, көшпенділердің, қазақы өркениеттің сырын ашуға тырысамын. Әсіресе, қазіргі әдебиетте кең тараған постмодернизмнің элементтерін қолдануым тылсым, аңыздарды оқырмандардың өзгеше қабылдауына жол ашуда.
- Мистик жазушыны әдебиет сүйер қауым бірден қабылдай алды ма немесе қазіргі оқырманды сендіру қаншалықты қиын?
- Менің шығармаларым оқырманның санасына ауыр тиюі мүмкін. Оның үстіне ақпараттың ағыны мен технологияның ортасында өмір сүріп жатқан қазіргі адамдардың жүйкесі шаршаңқы. Сондықтан қазіргі заманда мұндай жүйкеге ауыр тиетін кітапты оқу қиын. Әйтсе де бұл жерде мәселе сендіре алмау емес. Мистикаға сол тілдің адамдары сенеді. Бәріміз ауылда өстік, ата-әжеміздің жанында еріп жүріп, түрлі әңгімелерді есітіп, талай оқиғаларды көрдік. Бүгінгі біздің мистика деп айтып жүргеніміздің бәрі сол бала күнімізден құлағымызға сіңген, ескі әдебиетіміздегі ауыздан ауызға жеткен аңыз-әңгімелердің элементтері. Сондықтан мен осы күнге дейін шығармаларыма қатысты «мынау өтірік» , «бұлай болуы мүмкін емес» деген пікірді естімедім.
- Жазушылар кейде шығараманы жазу барысында кейіпкерінің жан дүниесін сезіну үшін өзіне тәжірибе жасап, оның басынан кешкендерін өз басынан өткізіп жатады. Ал сіздің кейіпкерлеріңізбен жақындығыңыз қандай?
- Маған ай ерекше әсер етеді. Ай толған кезде тылсым күй кешіп, пері, жындардың жүргенін көріп, әруақтардың арсылы-гүрсілі дауыстарын естігендей боламын. Осы көрген дүниелерім шығармаларымда көрініс тауып жатады. Шығармашылық тоқырауға ұшырап, қиналғанымда зиратты аралайтыным бар. Бірде сол әдетіммен мола ішінде келе жатқанмын. Жас қыздың портретіне көзім түсіп кетті де әлгі қыз неше күн бойы түсіме кіріп жүрді. Мазамды қашырған қызға кейіннен екі үш шығармамды арнадым. Ал «Ақ көйлекті қыз» деген әңгімемдегі бас кейіпкердің прототипі бар. Баяғыда біздің ауылда құдашамыз болатын. Тұрмысқа шыққаннан кейін артынан алып барған жасауы туралып, яғни қырқылып қала беретін. Осы оқиғаны жазу ұзақ уақыт ойымда болса да, қолым бармай жүрген. Алматыдағы Көкжиек елдімекенінде тұратын кезім еді. Жұмысқа бару үшін күн сайын барахолканың ішінен өтемін. Бір күні әдеттегідей көлігіммен жұмысқа бара жатқанмын. Дәл базардың ішінен өте бергенімде ақ көйлек киген жас қыз такси тоқтатып тұр екен. Жолай ала кетейін деп, отырғызып алдым. Өзі сондай ақжарқын екен. Шаштараздың оқуын оқыпты. «Аға, бүгін базардан жұмысыма керекті заттарды алдым» деп шаш алатын мәшинесі мен қайшысын көрсетті. Қолындағы қайшысын бір-екі қайшылап кеп жібергенде әлгі ойымда жүрген оқиға санама сап ете қалды. Жолаушыны керек жерінен түсірдім де жұмысқа бармай дереу үйге қайттым да, отыра қалып жазуға кірісіп кеттім. Бұл шығарма осылай дүние келді.
Ал «Егіз тұмар» атты әңгімем оқырман түгілі өзіме де ауыр тиді. Шығармада қорланып өлген адамның ауыр тағдыры сипатталады. Туындымды аяқтап, ауыр ойдан шыға алмай жүрген кезім еді. Көлігіммен үйге бара жатқанмын. Алагеуім шақ болатын. Жолда бір қыз такси тоқтатып тұр екен. Ала кетейін деп шештім де, тоқтадым. Жолаушы қыз көліктің артына отырды. Бір кезде айнаға көзім түсіп кетті. Көшенің шамдары арқылы қыздың әлпетін анық көріп қалдым. Сол сәтте тура ойымнан кетпей жүрген шығармамдағы кейіпкерді көрдім. Жүрегім зырқ етті. Ауыр жағдайда өмірден өткен қыздың көлігімнің артында отырғаны үрейімді ұшырды. Ол Қарасу ауданының центральный көшесі 17-ші үйге бару керектігін айтқанда бойымды тіптен қорқыныш биледі. Себебі «Егіз тұмардағы» әлгі қыз да орталық көшенің 17-ші үйінде тұратын. Зәре құтымды қашырған қызды көліктен түсіріп кетуге ыңғайсызданып, не болса да үйіне жеткізіп салайын дедім. Сонымен орталық көшенің 17-ші үйіне келдік. Ой, Алла, тіпті 17 деген жазудың өзі шығармамда тура өзім сипаттаған күйде көзіме жарқырап көрінді. Не керек, әлгі қыз 500 теңгесін беріп, сол жерде түсіп қалды. Жол бойы өз-өзіме келе алмай әрең жеттім. Мәшинеден түсерде қыздың орындыққа қойған 500 теңгесін қалтама салуға қорқып, алмай кеттім. Сол күні үйде жалғыз едім. Әйелім мен ұлым қонаққа кеткен. Түні бойы көргенімді түсіне алмай, қорқып, ұйықтай алмадым. Таң атқанда көлікке дейін мүмкін кешегі менің көргенімнің барлығы жәй ғана елес, көлігіме ешкім мінбеген шығар, шығарма ойымда жүргендіктен жүйкеме әсер еткен болар деп өз-өзімді жұбатып келдім. Сөйтсем, жоқ, әлгі 500 теңге орнында сол қалпы тұр. Бұл не болды екен деп кешегі барған орталық көшеге қайта бардым. Мен шошитындай дәнеңе жоқ екен, 17-ші нөмір шығармадағыдай үлкен әрі әрі қорқынышты емес жәй ғана кішкентай жазу болып шықты. Шығарма жазардың алдында және кейін осындай түсініксіз, тылсым жағдайлар болып тұрады.
- «Пәтер» атты әңгімеңізде бүгінгі қоғамның ащы шындығын бейнеледіңіз. Сізді тағы қандай мәселе толғандырады?
- «Пәтер» мендегі эксперимент туынды. Қатардағы қаламдастарымның көбі көркем әдебиет пен публицистиканы шатастырып жатады. Қоғамдағы өзекті дүниелерді көркем әдебиеттің тілімен емес публицистика стилінде жеткізіп жүр. Мәселен баспананың жырын барлығы пәтердің қымбаттығы, бүгінгі әл-ауқат жағдайына тура келмейтіндігін айтып, проблемалық мақаланың стилінде жазуда. Проблемалық тақырыпты публицистикалық стилмен емес көркем әдебиеттің тілімен де көтеруге болады деген оймен «Пәтерді» жазып шықтым. Дәл осы бағытта «Жезөкше» деген әңгімем де жазылды. Көшенің бойындағы түнгі көбелектерді кінәлап, ақыл айтатын публицистикалық сарындағы біраз шығармалар бар. Ал бұл туындыда қандай ой түйетінін оқырманның өзіне қалдырдым. Әңгіме дәрігер жігіт жайлы. Мединституттың гинекология мамандығын бітірген ол жастықтың желігімен көше бойындағы қызға барып, құмарын қандырады. 7-8 ай өткенде жаңағы жас маманның алдына аборт жасату үшін бір әйел келеді. Іштегі шараныны өлтіру үшін қажетті дәріні егейін деп жатқанда жігіт баяғы жезөкшеге барған сәттегі сезімді қайта кешеді. Сөйтіп дәріні дұрыс екпейді де бала тірі туылады. Шығармада шақалақтың әкесі сол жігіт екенін оқырман өзі түсініп алады. Осындай өзекті мәселелерді адамның сана-сезімі мен жүйкесіне әсер ету арқылы жеткізуге тырыстым.
- Үш бірдей кітабыңыздың да тұсаукесерін жасамапсыз, неге?
- Алғашқы шыққан «От Ару» әңгімелер жинағы және 2012 жылы жарық көрген «Жат құшақ» кітабының тұсаукесері жасалмағаны рас. Екеуі де мың данамен шықты. Ал үшінші "Айдың соңғы сәрсенбісі" атты кітабым «Қазына» орталығында кішігірім ортада тұсауы кесілген болатын. Таралымы 300 дана ғана. 15 жылдың ішінде 2300 данамен шыққан үш кітап оқырманға аздық ететін болар. Әдеби ортаны қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға жүгірмегеннен кейін бе, көп нәрсеге ілінбей қалып жатамын. Бәлкім, болашақта кітап өндірісі бұдан да әрі қарай дамып жатса, кітабым да, оқырмандарым да көбеюі мүмкін. Жалпы өзім кітаптарымды жарнамалағанды, біреуге тықпалағанды ұнатпаймын. Оқығысы келген адам өзі-ақ тауып алады. Бүгінгі заманда бұл кемшілік болып саналатын шығар. Осыны әлі түзей алмай келемін. Санамда басқа бір әлемнің тақырыбын көтеріп жүргеннен кейін осы дүниеге қаншалықты қажеті бар деген ескі ұғым қалыптасып қалған шығар деп кейде өзімді ақтаймын.
- Тағы қандай кемшіліктеріңізбен күресіп жүрсіз?
- Неге екенін білмеймін, өзім жазған дүниені өзім оқи алмайтын жазушымын. Іштегіні шығарып, қағазға түсірген соң араға жылдар салып болмаса, оны қайталап оқымайтын әдетім бар.
Cұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай