Диас Ахметшәріп: Спорт комментаторы бір ғана салаға мамандануы керек

Oinet.kz 16-06-2022 1785

Screenshot_1.jpg

Диас Ахметшәріп, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің басшысы, спорт комментаторы


- Диас Советқалиұлы, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің басшысы ретінде әңгімені жол мәселесінен бастасақ. Қазіргі таңда Қазақстанда қанша шақырым ақылы жол ашылған және олардың сапасы сын көтере ме?

-  Республика  бойынша қазіргі таңда  жалпы 96 мың шақырым  жол бар. Соның 25 мыңына «ҚазАвтоЖол» компаниясы  жауапты. Бұл жолдар облыс орталықтарын қосатын республикалық маңызы бар жолдар мен халықаралық дәліздер. Бүгінде елімізде ақылы  11 учаске ашылған. Ең алғаш болып 2013 жылы Нұрсұлтан-Бурабай бағыты, ашылса, 2019 жылы Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас, Нұрсұлтан-Теміртау бағытындағы жолдар ақылы жүйемен ашылды. Ал өткен жылы тағы  7 учаскені іске қостық. Кейінгі ашылған ақылы жаңа жолдар ашық жүйемен жұмыс істейді. Яғни жолдың бойында шлагбаумдар жоқ. Көлік жүргізушілер төлемді төлеу үшін арнайы тоқтап әуре болмайды. Барлығы аркаларға орнатылған бейнебақылау камералары арқылы қадағаланып, төлем содан жасалынып отырады.  Ал жолдардың сапасына тоқталатын болсақ,  барлығы І техникалық  санаттағы  жолдар. Жалпы  жолды күтіп ұстау үшін норматив бойынша 48 млдр теңге қажет. Бірақ үкімет бізге тек  17 млрд теңесін ғана төлейді. Қалғанын біз жол ақысынан түскен қаражатпен толтырып, сол жолдарды күтіп-баптауға жұмсаймыз. Мәселен жолды тазалауға арналған техникаларды сатып алуға, жолды тазарту кезінде қызметкерлерге төленетін жалақыға, жолдардың бойына жылы әжетхана, демалыс орындары секілді сервис нысандарын салуға жұмсаймыз.   Қазіргі таңда  Қазақстанда ақылы жолдардың ұзындығы 2200  шақырымды құрайды. Алдағы жылдары оны 11 мың шақырымға жеткізу жоспарланған.  Тағы бір айта кетерлігі, ТМД елдері ішінде жол ақысы бойынша ең төменгі тариф бізде. Жеңіл көліктер үшін 1 шақырымы 1 теңгені құрайды. Ал  ауыр көліктер үшін  жүгіне байланысты 1 шақырымы  5 теңгеден 25 теңгенің аралығы. Бұл баға 2013 жылы бекітілген болатын, содан бері өзгерген жоқ, өзгермейді де. 

- Республикалық маңызы бар жолдардың бойында жол көлік оқиғаларының жиілеп кеткенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір  сөзінде тілге тиек етіп кеткен болатын. Көп жағдайда апаттың орын алуына  жолдың сапасы әсер ете ме әлде басқа да жағдайлар себеп пе? 

- Өкінішке қарай, жол көлік оқиғалары орын алып тұратыны жасырын емес. Мұндай апаттардың алдын алу үшін,  қарсы жолақтағы көліктердің бір-бірімен соқтықпауы үшін біз автобандардың ортасына темір қоршаулар орнатқанбыз. Әйтсе де жүргізушілер көп жағдайда жол ережелерін сақтай бермейді. 140-пен жүруі тиіс жерде 180-220–мен жүреді де көлікті тізгіндей алмайды немесе екінші көлікке соқтығысып жатады. Екінші себебі жол бойына малдың шығуы. Бұл жағдайды да болдырмау үшін жолдарда арнайы малға арналған өткелдер салынған. Жол жиегіне малдың шығып кетуінен қорғайтын темір торлар орнататылған. Бірақ жергілікті тұрғындардың темірлерді бұзып, қолды еткен фактілер кездеседі  Содан кейін кейбір өңірлерге  жол жиегіне ток берілген сымдар тартылды. «Электропастух» құрылғысының малға зияны жоқ. Тек кішкене үркітеді. Өкінішке қарай, мұны да тұрғындар  ұрлап кетіп жатыр. Мамандарымыз  жергілікті полиция өкілдерімен халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Тұрғындарға жылқы, сиырларды жол жиегіне жақын жаймау, қараусыз қалдырмау, төрт түлігіне жауапкершілікпен қарау керектігін және  түнде көлік жүргізушісіне шағылысу үшін малға бояу жағып қою керектігін айтып жатамыз.    Біз қолымыздан келгенше жол апаттары болуы ықтимал жағдайларды түзетуге тырысып жатырмыз. 

- Спорт саласына талай жылдан бері етене араласып, қызмет етіп келесіз. Осы ретте айтыңызшы, Қазақстанның спорт саласындағы  түйткілді мәселелер деп нені айта аласыз?

- Біз бокс және күреспен мақтана аламыз. Қазақтың бойына сіңген бұл спорт түрінен бүгінге дейін қаншама олимпиада чемпиондары шықты.   Бізде қазір негізгі дамып жатқан осы екеуі.  Назар аударатын жағдай Қазақстанда футболға қатты көңіл бөледі.  Спорт саласына деп бөлінген қаржының 70-80 пайызы осы аладоп ойынын дамытуға жұмсалып жатыр. Қалған қаражаттың 20-30 пайызы ғана өзге спорт түрлеріне бөлінеді. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Еуропа чемпионатының іріктеу ойынынан әрі өте  алмай келеміз. Әрине футбол №1 спорт түрі саналады.  Әйтсе де еліміздегі  футболдың жайын тағы саралап, дұрыс жолға қойса деген ойым бар. Тек футболға емес басқа да спорт түрлеріне бірдей көңіл бөлініп, қаржы жұмсалса игі болар еді. Тағы бір жеке пікірім спортты қазіргі мәдениет саласынынан бөліп, дербес спорт және денешынықтыру министрлігі деп қайта құрса деймін. Себебі спорт ақшаны талап ететін сала. Ойдағыдай  нәтиже болу үшін қаражат және үлкен шаруалар атқарылуы  керек. Сондықтан спорт саласын жеке дамытқан жөн.

- 2024 жылы Париж де өтетін жазғы олимпиада ойындарынан Қазақстанның күтер үміті қандай?

- Алдағы үлкен дода - Париж олимпиадасына дайындық әзірден басталып кетті. Жоғарыда атап өткенімдей біз бұл сайыста бокс және күрес түрлерінен үлкен үміт күтеміз. Бұл саладағы спортшыларымыз қазір жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен Азия чемпионатында біздің палуандар жоғары дәрежеден көрінді. Бокстан Қазақстанның бас бапкері Қайрат Сәтжановтың да шәкірттері биіктерден көрінді.  Кезекті олимпиадада былғары қолғап шеберлері мен палуандарымыздан міндетті түрле  жүлделі орындар күтеміз. Сондай-ақ ауыр атлетикадан да медальдан үміт бар. Бұл доданың бағдарламасына брейк-данс биі  жаңа спорттық ойын түрі ретінде енгізіліп отыр. Бұл сайысқа да біздің спортшыларымыз қатысады деген ойдамын.  

- Қазақ спорт комментаторлары жиі сынға ұшырап жатады. Айтылып жатқан сыни пікірлер орынды ма? 

- Қазір қазақ тілді спорт комментаторларының қатары көбейіп отырғандығы әрине қуантады. Жақсы мамандар бар деуге болады. Мәселен Ермұхамед Мәуленді ерекше атап өтуге болады. Бұрынғы жылдармен  салыстырғанда қазір спорт комментаторы болу оңай. Ойын барысында ноутбугын қосып, ғаламтордан  қажетті ақпараттың барлығын көріп, оқып отыруға мүмкіндік бар. Ал біздер кезінде бір ойынға алдын ала дайындалып, 20-30 бет мәліметтерді параққа жазып, біраз ізденуші едік. Қазіргі комментаторлар шетінен әмбебап. Бүгін бокс сайысын жүргізсе, ертең күрес, бір күні қарасаң шаңғы, мәнерлер сырғанау секілді спорттық ойындарға комментаторлық етіп отырады. Бұл дұрыс емес.  Спорт комментаторы бір ғана салаға мамандануы керек. Мәселен боксты жүргізсең сен сол ойынның майын ішіп, жілігін шағатындай дәрежеде болуың керек.  Сонда ғана кәсіби комментатор боласың. Бір жағынан біздегі комментаторлық мектептің жоқтығы да кейде қиындық тудыртып жатады. Олар еш жерде кәсіби білім алмайды. Біздегі комментаторлар тек аға буын өкілдерінен үйреніп және  өз бетінше ізденіп жүрген жайы бар. 

- Ал сізді бұл салаға баулыған кім?

- Менің ұстазым «Хабар» телеарнасында талай жыл еңбек еткен белгілі спорт комментаторы Диас Омаров ағамыз. Ол 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында бүкіл Кеңес Одағына көгалды хоккейден комментаторлық еткен тұңғыш қазақ болды.   Өкінішке қарай,   2020 жылы коронавирус індетінен көз жұмды. Менің есімімді осы  кісінің құрметіне қойған. Диас Ілиясұлын екінші әкем деп есептейтінмін. Соңғы шәкірті болғандықтан бар білгенін маған үйретіп кетті. 

- Өзіңіз спортпен айналысасыз ба? 

- Бала күнімнен баскетбол ойнағанды ұнатамын. Кезінде Алматыда жастар құрамасында болғанмын. Қазір де салауатты өмір салтын ұстанып жүремін. Әкемнің үйретуі бойынша қысы-жазы таңертең мұздай суға түсуді әдетке айналдырғанмын.  Бұл адам ағзасындағы жаман бактерияларды өлтіреді. Одан кейін жұмысқа тек жаяу барып келемін. Көлікті демалыс күндері ғана жүргіземін. Осылацша күніне  шамамен 6 шақырым жол жаяу жүремін. Өйткені жаяу жүру жүгіруден де пайдалы. Өкпең ашылып, бұлшықеттерің жақсарып, жүрегің сауыға түседі.   

- Айтыңызшы, бүгінгі БАҚ  саласын қазақ тілді және орыс тілді журналистика деп бөліп қарауға бола ма?   Қазақ тілді журналистиканың ең басты артқышылығы неде деп ойлайсыз?

- Олай бөлуге болмас. Себебі журналистика деген мамандық біреу ғой. Бірақ Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан бірінші кезекте қазақ тіліне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазір қазақ тілді ақпарат құралдары көп. Сондықтан қазіргі таңда қазақ тілді журналистер басымдырақ деп айта аламын. Мықты мамандарымыз баршылық. Бірақ бүгінде классикалық журналистерге блогерлер қосылып кетті. Өз басым блогерлерді журналист деп санамаймын. Олар тек ақша табуды көздейді.  Елімізде коронавирус індеті өршіп тұрған кезде сол кездегі  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен бірге жұмыс істеген кезде бүгін мақтап, ертең қаралап шыққан талай блогерді көрдім. Кейбіреулер ақша үшін біреуді ақ деп айта салады. Ал өзгесі келіп көбірек ақша ұсынса, қаралауға да кет әрі емес.Қазір не дұрыстап мәтін жаза алмайтын, объективті сын айта алмайтын, білімі таяз блогерлер көп. Сондықтан блогерлерге емес кәсіби, классикалық журналистерге, телеарналардың тілшілеріне көбірек мән бергеніміз абзал.

- Жігітке жеті өнер де аз дегендей, сіздің ән салатын қырыңыз да бар екен...

- Мен негізі музыка мектебін бітіргенмін. Баян, домбыра, гитара, кларнет және фортепиано аспатарында ойнай аламын. Қолым қалт етсе қолыма осы аспаптардың бірін алып «әу» деп шырқап қоятыным бар. Қанша дегенмен музыка жанды емдейді ғой. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Cұхбаттасқан Айнұр Асанқызы

Қойшыбек Мүбәрак: Қиналғанымда зират аралаймын
Серікжан Біләш Мұхтар Шахановқа күйе жағып аузына келгенін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу