Мұрат Жұрынов - Қазақстан ғылымының құрылысшысы

Oinet.kz 05-09-2019 2026

Screenshot_14.jpg

Қазақстанның экономикасы  өркендеп, қанаттанып гүлденуі үшін, ғылыми-зерттеу жұмыстарының үздік  нәтижелері, яғни ғылыми ашылымдар мен жаңа жобалар ашылып, қажеттілікке асу қажет. «Ғылыми қамтымды экономика құру - ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлық қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру» деген болатын Елбасымыз өзінің Жолдауында.

Ғылым – білімнің жоғары саты¬сы. Бұлар – бір-бірімен астасып, тұтасып жат¬қан салалар. Ғылымсыз  мемлекет те, қоғам да дамымайды. Біздің елімізге білімнің, ғылымның берері не? Ең алдымен, білімі мен ғылымы дамыған елде тұрақтылық болады. Білімсіз халықты адастыру оңай. Білімсіз адам көрінгеннің айтқанына көніп, айдауына еруге бейім тұрады. Ал білімді адамның санасы сарабдал келеді, істің мән-жайын біліп, байыбына бара алады. Білім - өркениет көшіне ілесудің сара жолы. Қазіргі таңда, еліміздің ғылыми потенциалы өте жоғары, оған атсалысып жатқан оңтүстіктің беделді ғалымдарының қол жеткізген жетістіктерін мақтан тұтамыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев қашан да ұлттық тарихымыздың әр кезеңіне тоқталып, ұлы тұлғаларымыз туралы лайықты бағасын беріп келе¬ді, олардан қалған асыл аманатты сақ¬тап, дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың мін¬деті. Осындай тұлғалардың бірі –  ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрынұлы Жұрынов. 

Мұрат Жұрынұлы 1941 жылы 7 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында дүниеге келді. Мектеп жасындағы өмірі Арыс қаласындағы «Хлопком» деген ауылда қара жұмыспен шыңдалып өсті. Мектеп бітіргеннен кейін Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына «Ет-сүт өнімдері технологиясы» мамандығына оқуға түсті. Мұраттың өзі армандаған мамандығы - темір жолдың  «Тепловоз» дейтін машинасын жасайтын немесе оны жөндейтін инженер-механигі еді. Кейіннен «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» мамандығына ауысып, оны үздік бітіріп шықты. Бітірген соң институтта оқытушылық қызметте қалып, кафедраның барлық жұмыстарына атсалысты. 

Мұрат Жұрынов өз білімін тереңдете түсті, студенттерге дәріс оқумен қатар, ғылыми жұмыстармен белсенді  шұғылданды. Кафедра меңгерушісі, профессор Р.С.Вахидовтың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы кездегі Кеңес Одағының Мәскеу, Уфа, Куйбышев, Ереван солармен қатар, Балқаш, Өскемен, Шымкент қалаларындағы электрохимиялық технологиялары бар ірі заводтарда инженерлік тәжірибесін шыңдады. Осындай тәжірибенің арқасында ғылыми жұмыстары нәтижелерін  өндіріске енгізді.

 1967 жылы Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің аспирантурасына түсіп, органикалық электрохимия саласында дүниежүзілік бірінші қатардағы әйгілі ғалым М.Фиошиннің зертханасына орналасты. Мұрат Жұрынұлы ол жерде электрохимия тәсілімен органикалық қанықпаған заттардан әртүрлі салаларға қажет (фармацевтика, полимерлер химиясы, арнайы қасиеттері бар заттар) қосындыларды  алудың жаңа әдістері мен технологиясын жасады. 

М.Жұрынов кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғап, тұған жері - Шымкентке оралды. Содан кейін, өзі оқиған Қазақ  химия-технологиялық институтында аға оқытушы, кафедра меңерушісі, факультет деканы болып қызмет атқарды. Осы жылдары М.Жұрынов өзінің тек қана талантты ғалым, әрі оқытушы екенін көрсетіп қоймай, тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен де институт ұжымына танымал болды. Өзі басқарған «Электрохимиялық өндірістер технологиясы» кафедрасына қарасты «Органикалық электрохимия» зертханасын ашып, оны ең жаңа әрі, жоғары дәрежедегі электрондық приборлармен жабдықтады.  Аспирантура ашып, ірі заводтармен келісім-шарт жасасып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, нәтижелерін пайдаға асыру үшін оларды өндіріске енгізді.

Мұрат Жұрынұлының ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – табиғи қосылыстардан биологиялық активті заттарды электрмен синтездеп алу.  Ол органикалық қосылыстардың әртүрлі кластарының электрохимиялық күйін зерттеді және белгілі дәрілік заттармен қатар, жаңа физиологиялық белсенді заттарды электрохимиялық синтездеудің жаңа әдістерін, сондай-ақ, әлсіз электролиттің ерітіндісіндегі өсімдік шикізатынан құнды алколоидтар мен стероидтарды электрлі-фаратикалық экстракциялаудың әдісі мен технологиясын ойлап тапты.  Шымкент химия-фармацевтикалық заводында ойлап  табылған құрылғыны жартылай өндірістік сынақтан сәтті өткізді.

Сонымен қатар, Мұрат Жұрынұлы қорғаныс өнеркәсібінде қызығушылық танытатын мыстың, темір мен кобальттың фосфидін алудың жаңа тәсілдері мен өндіру технологиясын әзірледі. Өз оқушыларымен бірлесіп, металлдардың нанокристалды ультрадисперсті ұнтақтарын алудың электрохимиялық тәсілдерін ашып, олардың біріне авторлардың есімдері берілді (Баешов-Жұрынов әдісі).  Фосфор өндірісі саласындағы ғалымның бірқатар жаңа тәсілдері АҚШ, ГФР, Ұлыбритания және басқа да шет мемлекеттерде патенттелген. Ол, «КСРО өнертапқышы» медалімен марапатталған.

М.Жұрынов  39 жасында профессор болған, қазіргі таңда академик. Ол - бірінші Халықаралық  Қазақ-Түрік университетінің негізін қалаушы, химия өндірісі бойынша әлемді мойындатқан әдістің авторы, талай шәкірттің ұстазы, ғалымдық пен қайраткерлікті ұштастырған жан. М.Жұрыновтың отандық және шет ел басылымдарында жарияланған 650 ден астам ғылыми еңбегі бар, 20 монография, 130-ға жуық авторлық құқық пен патенттердің авторы. М.Жұрыновтың басшылығымен 32 ғылым кандидаты мен 6 ғылым докторы диссертацияларын қорғады. Оның екі шәкірті  бүгінде ҚР ҰҒА- ың академиктері.

ҚР Президентінің  2007 жылы Қазақстан халқына арналған Жолдауында көрсетілген ғылым мен жоғарғы білімді интеграциялау бағытына сәйкес ҚР ҰҒА-сының белгілі екі институтының Қазақстан-Британ техникалық университетіне қосылуына байланысты оларды «ғылым - жоғары  білім - өндіріс» схемасына сәйкес дамыту қажеттігі туындады. Осы мәселеге байланысы академик М. Жұрынов 2010 жылы сәуір айынан бастап ҚР ҰҒА президенттік қызметімен қоса, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылым саласы бойынша проректоры болып тағайындалды. 2003 жылдан осы күнге дейін Қазақстан ҰҒА президенті.  Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің, Қазақ-Британия техникалық университетінің ғылым бойынша проректоры, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның, ҚР білім және ғылым министрлігі коллегиясының мүшес, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі.  «Парасат» ордені, ҚР медальдары,  бүкілодақтық және республикалық органдардың мақтау қағаздары мен марапатталған. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының шешімімен оған «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілген.

М. Жұрыновтың ғылыми еңбектері шетелдерде де жоғары бағаланды: 

оған Джорджтаун (Вашингтон) университеттің құрметті профессоры атағы, Түркия (Анкара) Жазушылар одағының сыйлығы, Токио университетінің  алтын медалі, Франция ғылыми өндірістік қоғамның  және Украина «Алтын фортуна» ғылыми-өндірістік қоғамының  алтын медальдары тапсырылды. Сонымен қатар ол – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚарМТУ және т.б. университеттерінің құрметті профессоры. 2010 жылы Мұрат Жұрынұлы Тәжікстан Республикасы ғылым академиясының шет елдегі мүшесі болып сайланды. Ислам конференциясы ұйымы елдері ғылым академиялары ассоциациясының вице-президенті. 

Ерен еңбектің иесі академик М.Жұрынов өзінің азаматтық адалдығымен, шоқтығы биік кәсіптік деңгейімен кейінгі жас буынға үлгі бола білген азамат.  

Ж.Мырхалықов, 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры,

Мұрағаттан, 2016 ж

Бұл айтыстың жаңалығы Жандарбек Бұлғақов болды
«Алаңда болған көп қыз-жігіттердің тағдыры әлі күнге белгісіз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу