Машалкы керек пе?...
02-11-2023
"Алаңда болған көп қыз-жігіттердің тағдыры әлі күнге белгісіз" дейді осыдан отыз жыл бұрынғы оқиғаны еске алған Бекназар Мұсаев
Арада отыз жыл өтсе де сол бір сұрапыл жылдардың елесі әлі көз алдына келеді. Ол кезде Бөген ауданына қарасты Қараспан сохозында қарапайым жұмысшы болып істейтін. Алматыдағы малдәрігерлік институтында сырттай оқиды. 1986 жылдың желтоқсанында сессия басталып, Алматыға барған Бекназар Мұсаев алдында қандай тағдырдың күтіп тұрғанын әрине, ол кезде білген жоқ.
Қазақстанды жиырма жылдан астам уақыт басқарған Д.Қонаевтың қызметтен алынып, оның орнына Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ, қазақ деген ұлтты танып білмейтін Г.Колбиннің келгенін ол жатақханада теледидардан естіген.
Ертесіне, яғни 17 желтоқсанда студенттер, жұмысшылар тегіс көшеге шықты.
Алаңда
-Алаңға келсек, әр жерде қолына микрофон ұстаған ереуілші студенттер, жұмысшылар сөйлеп тұр екен,-деді жуырда «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келіп, Желтоқсан оқиғасындағы көрген-білгенінен естелік айтқан. Б.Мұсаев. -«19 облыстан басшы болатын бір қазақтың табылмағаны ма, бұл не басынғаны, қазақтың кім екенін білмейтін адам қалайша қазақты басқарады» деген әңгімелер айтылды. Бір генерал шеніндегі кісі шығып, «тарқаңыздар» деді. Ашулы көпшілік оны мінберден қуып шықты. Бұдан кейін қазақтың бір әйелі шығып, орыс тілінде сөйлеп жатыр еді, «қазақша білмейтін мақау екенсің, ең болмаса өз ана тіліңде сөйле» деп, жастар жағы оған қар лақтырды. Кешкісін 10 шақты өрт сөндіру көлігі келіп, халықтың үстінен су шашты. Бірақ көпшілік бір-бірімен қолтықтасып қимылдамай отырып алды. Жастардың қайсарлығын сонда көрдік, үстері малмандай су болып, теңселік тұрса да Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстанымын» шырқады. Жүрек елжіреп, көзге жас келді. Ақыры аяғында милиция халыққа лап қойды. Шайқас қас-қағым сәтте басталып кетті. Милициялардың қолында дубинка, ал алаңдағы халықта дым жоқ. Болмаған соң тал біткенді сындырып алып, соны қару қылып қорғанысқа көштік.
Ертесіне яғни, 18 желтоқсан күні Бейбітшілік пен Сәтпаев көшелерінің қиылысында жиналдық. Алдымызда үш қатар әскерилер тұрды. Алдыңғы қатарда қызыл шүберек байлаған жасақшылар. Екінші қатардағылар каска киіп, қалқан ұстағандар. Үшінші қатардағылар сапер күрегімен қаруланған. Алдыңғы жақтағы офицерлер микрофон арқылы «внимания» деп тұрды да, бір кезде «начали» деді. Қыран-топан басталды. Менің көргенім, артқа шегінген кезде қыз балалар көп құлады. Оларға көмектемін деген жігіттер де соққы алып, жерге домалап жатты. Біздің қолымызда ағаш, жендеттердің қолында темірдей дубинка, арматура кесіндісі, сапер күрегі. Әскерилер құлағандарды тепкілеп, қолындағы ауыр қаруымен соғып жатыр. Көз алдымдағы көріністерден басым айналып, мен де алға қарай ұмтыла бердім, бірақ артқа шегініп үлгере алмадым. Қалқан ұстағанның екеуі қоршауға алды. Басыма бірінші соққы тигенде құлап түстім, құлақшын бір жаққа, өзім бір жаққа кеттім. Екінші соққы тигенде есімнен тандым.
Аздан кейін есімді жиғанымда білгенім, екі әскери тізеге салып кезек-кезек тепкінің астына алып, жатыр екен. Бет аузымнан дым жоқ, айнала қан-қызыл қан, екеуі дырылдатып сүйреген күйі автобусқа апарып тықты. Іштегілердің бәрі өзім сияқты таяқ жегендер. Ауыр халдегі екі жігітті әкелген еді, кейін оларды есін жинамаған күйі қайта алып кетті. Қайда әкетті, бейшаралардың кейінгі тағдыры не болды, өлі ме, тірі ме, мұны әлі күнге дейін ешкім білмейді.
Абақтыда
Содан бәрімізді Алатау аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Іште жараланған қыздар шыңғырып жатыр. Оған қарап жатқан бір жан жоқ. Милицияның алдына әкеліп тура түрмедгідей «выходи по одному руку на шею» деп, бір офицер команда беріп тұр. Шамасы жеткендер автобустан біртіндеп түсе бастады. Ішке кіріп бара жатқанда әскери форма кигендер бізді бір-бірлеп тебе бастады. Гестапоның қолына түскендей болдық.
Ұлдар мен қыздарды бөлек-бөлек камераға қамады. Бір абақтыда 50-60 адам, тіпті отыратын орын жоқ. Қансырап жатқан екі-үш жігітті жатқызып, қалғандарымыз түрегеп тұрдық. Әбден қансыраған жігіттерге дәрігерлер көмектеспек болып еді, есікті аузында тұрған қарауылдар рұқсат етпей қойды. Бір кезде оларды сыртқа сүйрелеп алып кетті. Олардың кейінгі тағдыры, өлі ме, тірі ме, бұл жағы да белгісіз.
Ақ курткалы, денелі бір жігіт, «Жасымаңдар, біз әлі алаңда қалған ұл-қыздардың кегін қайтарамыз, бұл әлі бастамасы, қазақтар барлық облыста көтеріледі, сонда көрсетеміз» деп, бізге басу айтты. Сол жігітті дәретханаға алып кетіп еді, қайтып оралмады. Оның да көзін жойды деп ойладық.
Бір кезде азаматтық киім киген бір орыс жігіті келіп, «У кого документы имеется?» деді. Мен «У меня имеется» дедім. Қалтамда сынақ кітапшам, студенттік және партбилеттерім болатын. Әлгі жігіт мені екінші қабаттағы бір бөлмеге алып келді. Іште тағы біреуі отыр екен. Кіргенім сол, тұмсықтан ұрып құлатты, артынша екеуі айыздары қанғанша тепкінің астына алды... Бір уақытта бетіме су шашып есімді жиғызды. Қалтамды ақтарып, құжаттарымды алды. Партбилетті көрген соң бір сыбап боқтап алды да «оказывается, партийный» деді. Ұруды осыдан кейін тоқтатты. Менен кейін бір жас жігітті алып келді. Ол күндізгі бөлімде оқитын студентке ұқсайды, біраз қарсылық жасап көріп еді, оны да тепкінң астына алды. Ол мен шыққанша есін жинамаған болатын. Бір кезде тергеуші Макаров тапаншасын алып, менің басыма тақады да «Если сверху приказ будет, вас казахов всех в стенку поставим» деді. Тергеуші өз білгенін айтып отырды, мен оның сөздеріне қағазға түсірдім. Кейін қол қойдырып алды. Сол қағаз екі айдан кейін мені партиядан шығарар кезде алдымнан шықты. Өз қолыммен жазғандарымды оқып, өзім жағамды ұстадым. Абақтыда бір тәулік жатып, екінші тәулікте босатып жіберді. Бір аптадан кейін Алатау аудандық ішкі істер бөліміне барып құжаттарымды алдым. Барсам бөлімдегі қызметкерлер мүлдем басқа, бәрі өзіміздің қазақтар. Бізді тергегендердің Мәскеуден келген КГБ-ның қызметкерлері екенін осы кезде білдім.
Ауылда
Қараспанға қаңтардың аяғында оралдым. «Бекен ұсталып кетіпті» деп ел дүрлігіп жүр екен. Шешім жылап отыр, бала-шағада ес-түс жоқ. Бөген аудандық милицияның бастығы Қарабаев деген азамат болатын. Ол мені үйге бірнеше қайтара іздеп келіпті. Ағайын, туған-туысты түгел тергеген. «Әкесі халық жауы болған жоқ па? Ағайын туыстарының арасында халық жауы бар ма?» дегендей сұрақтар қойыпты.
Қараспан совхозының парторгы Сабыр Әлібеков «Бекен жинал, аудандаға баратын болдық» деді. Ол кезде ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы Жандарбек Қожабаев деген азамат болатын. Мәселемді бюрода қарап, қатаң сөгіс берді. Бірақ мұнымен тоқтап қалған жоқ, арада үш күн өткенде кезектен тыс бюро өтіп, мені партиядан шығарды. Жандарбек аға «бізде ешқандай кінә жоқ, жоғарыдағылар осындай тапсырма беріп, қыспаққа алды, содан кейін партиядан шығаруға тура келді» деді. Артынша мені жұмыстан да айырды. Онымен де қоймай, 4 курста оқып жүрген мені оқудан да шығарып жіберді. Сол кездегі облыстық прокуратураның бастығы Шведюк деген азамат болатын. Соның Воронов деген орынбасары мені тергеп, екі ай бойы сандалтты. Көздеген мақсаты мені түрмеге қамату болды. Алайда бала-шағаның несібесі шығар, қамалып кетуден аман қалдық. Арада төрт жыл өткенде жанашыр азаматтардың арқасында партияға қайтып кірдім. Кіргенімді қайтейін, партияның ғұмыры ұзаққа бармады, екі айдан кейін жойылып кетті.
P.S.Бүгінде жеке шаруашылықпен айналысып жүрген Бекназар Мұсаев Шымкент қаласында тұрады.
Мұрағаттан, 2016 ж