Жаңа жылдық монша және жездем
02-11-2023
Шіркін, өмір-ай десеңші қырыққа келгенше кімдермен арласпадым мен. Айтсам сенбейсіңдер, кезінде бір нанды бөлісіп жеген достарымның арасында депутат, әкім, кәсіпкер боп кеткендері бар. Қазір ғой, мен оларды сыртынан білемін, олардың есінде бармын ба, жоқпын ба белгісіз. Кейбіреуі кейде есіме түсіп тұрады.
Баяғыда, «Моншаға кеттік» деп бір досым жетіп келді бір күні. Өткен жолы мен апарғанмын. Кешке дейін шомылып, шыккан сон ыстык шашлыгын, салқын сырасын әперіп, тойдырған едім. «Келесі жолы қарық қыламын» деп кеткен. Содан күтпеген жерден, таң атар, атпастан дігірлеп келіп тұрғаны мынау ғой. «Уәдесінде тұратын жігіт екен» деп ішім жылып қалды. «Менде майда болмай тұр. Сен төлей бер, қалғанын өзім аламын» деді кассаның алдына келгенде. Қолында дым жоқ, қалталы жігіт қой, сатып алатын шығар деп ең соңғы тиынымды төледім амал жоқ. Өзі де қаланың қайдағы бір түкпіріндегі монша екен, діңкелеп зорға жеттік, жаяу келгенбіз, «машинамды қойып кеттім» дегесін. Бар жоғы он, он бес адам екенбіз, өңкей еркектер әңгірлеп моншаны басымызға көтеріп жүрміз. Адам аз болса, ыстық пар дегенің рақат қой, бесінші әлде алтыншы кіріп шыққаным сол еді «сабынданасың ба» дегені.
¬-Ия, да
-Мәсай.
Жұпар иісті сабын берді. Кір сабыннан басқа көрмеген қара денемнің жаны кірді ау несін айтасың. Өзі де көпіреді екен, бұрқырап. Ішімнен бүгінгі күніме, осындай досымның барына, адам тани білетін түйсігіме, жолымның болғыштығына риза боп, міңгірлеп мұрнымның астынан өлең бастай беріп ем, досым бүйірімнен түртіп қаратып алды.
-Босайши.
-?!,,,,
-Кәз егесі кеп қалады ғой.
-Егесі деиді...
-Сабынның егесін айтам.
-Ол біздікі емес па?
-Жоға, анабір кісінікі ғой, парға кіріп кеткен. Машалкы керек па?
-?!,,,
-Мына біреуімен жуына бер, мә.
-Бұның егесі де парға кіріп кетті ма?
-Жоға сыртта отыр.
Мен ептеп түсіне бастадым. Бұл жарықтық ақша шығарып ештеңе сатып алмаған, парға кіргеннің сабынын, сыртқа шыққанның машалкісін рақатына пайдаланып жүр екен.
Өткен жолы «Ауылдан інім мал әкелген екен. Сатып келейік» деген соң, мал базарға ілесіп барған едім. Мал деп әлдеқандай қылғаны былтырғы бұзау екен. Бұл жарықтық атан түйенің құнын сұрады. Делдалдар да қызба халық қой, бұл қырсыққан сайын қолын сілкілеп, біраз әуреледі. Айтқанына көндіре алмаған соң, күйіп кетті-ау деймін біреуі «Елде жоқ бағаны сұрайтындай бұзауыңнын не қасиеті бар? деген еді, мынау «Бұл бұзау үш тіл біледі» дегені.
-Есектің, иттің, шошқаның тілін біледі. Сенбесең сөйлесіп көр.
Түске дейін салғыласып, саудаласып, тананың жасына жетпеген бұзауын бұқаның бағасына сатқан сол жолы. Мың жерден пысық болса да моншада машалкі ұрлайды деп ойламаған едім. «Егесі көріп қалса ұят болмай ма? деген едім, «байқамай қалдық дей саламыз» деді. «Қырынып аласың ба?» деп бір уыс «однаразывый станок» әкелгенде шын ниетіммен бас тарттым, моншаның мәні кете бастаған еді, ол кезде.
***
Қаракөлеңке дәліздің әнебір түкпірінде екі-үш еркек күңкілдесіп отыр. Үстелдің үсті толған кесе, шәйнек.
- Шай ішіп аламыз ба? -дейді маған.
- Шай алдырдық па?
- Тұр ғой міні, көгін ішесің ба, қызылын ба?
-?!...
- Әр шәйнектен бір кеседен ішсек білінбейді. Несіне ұяласың, ұялмасаң ұят емес мына заманда. Адам деген алдымен асқазанның қамын ойлау керек.
Тегін шайдан ішпегеніме шынымен таң қалып тұр, біраз ақыл айтып тастады. Өзінің қанағаты бар екен, шынында әр шәйнектен бір кеседен ғана ішті. Жиырма шақты шәйнектен ішкесін оңай ма, көгі, қызылы аралас ыстық шай шекесін терлетті. Шекесі терлеген сайын шешіліп сөйлеп берді жазған. «Бір Атам» деген партияға мүше болыпты. Жақында мемлекеттік қызметке тұрады екен. Бір ағасы «сүйреймін» депті. «Тұмсығыңды бір тығып алсаң, ары қарай оңай» десе керек. «Бір Атам» деген партияны естуім бар еді. Бірақ оған кім болса сол мүше бола алатынын, мүше болудың соншалықты оңай екенін білмейтін едім. Денем тоңазып, жаурап отырғанмын. «Сүртініп алу керек еді» дегем, «сәл отырсаң кеуіп кетеді» деді досым. Соның сөзіне сеніп, соңғы ақшамды төлей салғаныма жыным келді менің.
***
Содан кейін, «абонент байланыс аясынан тыс» болып жүрді де, біржола ғайып болды. Сыртынан жұмысқа тұрғанын естіп жүрдім. Қайбір күні ойламаған жерден телебезерден көрдім. Бір ауданға кәдімгідей әкім болыпты. Есеп беріп тұр ма дедім, халыққа бір, қағазға бес қарап ежіктеп бірдеңе оқып тұрды. Сөзін түсінбедім, маған әйтеуір «адамдар алдымен асқазанның қамын ойлау керек» деп тұрғандай болды да тұрды.
Пернебай Бердалыұлы Сапаров