Әлемдік масштабтағы азиат

Oinet.kz 03-06-2019 1180

qTsswxwV.jpg

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – әлемдік деңгейге шыққан тұңғыш қазақ екені бір бөлек, БҰҰ-ның Женева бөлімшесін, дүниежүзілік Ұйымның ең ірі Һәм негізгі бөлімшесін басқарған азиялық мемлекеттің тұңғыш өкілі. Бұл тағайындау Қазақстанның халықаралық сахнадағы имиджіне ерекше әсер еткені өз алдына, біздің еліміздің жаһандағы беделі бұрынғыдан да арта түскенін астын сызып айтқан абзал. 2011 жылы БҰҰ хатшылығының ақпараттық хабарында «Бас хатшы БҰҰ Женевалық бөлімшесінің тарихында тұңғыш рет бас директор лауазымына Азия өкілін сайлады» деп жазғаны тарихта хатталып қалды. Айтары жоқ, бұл шешім халықаралық қауымдастық үшін күтпеген құбылыс болды. Өйткені, 1946 жылдан бері БҰҰ-ның Еуропалық, одан соң Женевалық бөлімшесін Польша, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Италия, Бельгия, Швеция, Франция, Ресей өкілдері басқарып келген. Енді ол тізімде біздің мемлекет те пайда болды. Әрине, бұған әр қазақ мақтануы керек. Ел тарихы осылай жазылады. Толағай тұлғалар осылай туады.

Дәл осы тұста Қазақстан Ресубликасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегін де айта кеткен жөн. Ол Пан Ги Мунға Қазақстан өкілін БҰҰ жоғарғы қызметіне тағайындауды сұрап, Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын ұсынды. Екі айлық конкурстық іріктеуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР өкілімен бірге «финалға» шықты. Екі үміткерді таразының екі басына қойған Бас хатшы өзінің ақтық шешімін қапысыз қабылдады: Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Женевалық бөлімшесінің тарихындағы он үшінші (!) бас директор болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік сахнасына қаймықпай көтерілді. Ырымға сенбейтін Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қызметке осылайша құлшына кірісіп кеткен еді. Оның БҰҰ жүйесінде мәні жағынан екінші басшы лауазымға тағайындалуы ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті дамытудағы ерекше жауапкершілік танытқан ел ретінде Қазақстанның атағын аспанға шығарды. Біздің елді шын мәнісінде халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшысы деп атайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы Н. Ә. Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы атақты Жарлығына қол қойған күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгілегені баршамызға мәлім. 

Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесіндегі осыншама жоғарғы қызметке тағайындалуы бір жағынан Қазақстанның халықаралық беделінің артып отырғандығын көрсетсе, екінші жағынан әлем жұртшылығының назарын біздің елге бұрынғыдан да ерекше аудара түсті.  «Елдің атын ер шығарады» деген мақалды аталарымыз осындайда айтып кетсе керек. 

Ең бастысы, Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне жүктелген миссияны абыроймен атқарып шыққандығы мемлекет абыройын бұрынғыдан да асқақтата түсті. БҰҰ Бас хатшысы ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдына Женеваның ресми халықаралық форумдар мен кездесулер өткізетін әлемдегі ірі  орталық ретіндегі рөлі мен әлеуетін нығайту міндетін қойды. Содан болар, көптеген кездесулер мен баяндамалар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер мен ұйымдардың назарын Ұлттар Сарайы орналасқан осы қаланың ерекше мүмкіндігіне назар аударуға қолынан келгеннің бәрін жасап бақты.

Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған БҰҰ бөлімшесі тек Женевадағы ғана емес, сонымен қатар басқа да еуропалық қалалардағы 30 халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ бүкіл дүние жүзіндегі 120-дан астам БҰҰ кеңселеріне көмек көрсетті. Женева бөлімшесінде әкімшілік департаментінің директорларынан бастап конференциялық қызмет көрсету, қауіпсіздік, ақпарат және басқа да техникалық қызметкерлерге дейін 118 елдің 1500-ден астам өкілі қызмет істейді. Бас хатшының БҰҰ персоналының Еуропадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы өкілі қызметін қоса атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс ауқымын осыдан-ақ аңғаруға болатын еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімшесін басқарған тұста Женевадағы Ұлттар Сарайында көптеген мемлекеттің мүддесіне байланысты қиын да күрделі сұрақтар талқыланады: Грузия проблемасы; Габон мен Экваториалды Гвинея арасындағы территориялық талас және тағы басқа толып жатқан мәселелер. Мұнда Адам құқықтары жөніндегі Кеңесімен, Еуропалық Экономикалық Комиссия желісімен, сауда және даму жөніндегі БҰҰ Комиссиясымен және басқа да ұйымдармен маңызды да пайдалы кездесулер өтіп тұрды. Ұлттар Сарайының залында Дүниежүзілік еңбек ұйымы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайынғы сессиясын өткізді. Ұлттар Сарайы әр екі жылда ЭКОСОС (Экономикалық және әлеуметтік кеңес) сессиясын өткізетін орынға айналды.

2012 жылы 30 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Сирия бойынша министрлік кездесу өткізуге мұрындық болды. Бұл шараның ең басты жетістігі сол, мұнда бірлескен мәлімдеме қабылданды. Бұл әлі күнге дейін Сирия дағдарысын реттейтін жалғыз саяси құжат болып отыр. Тек келіссөздерде ғана ортақ мәмілеге келуге болатынын өз тәжірибесінен жақсы білетін Қ.Тоқаев Сирияға қатысты мәселені талқылау үшін БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Лахдар Брахимимен қоса ресейлік және американдық дипломаттардың кездесулерін жиі ұйымдастырудан жалыққан жоқ. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы аса ірі мемлекет Қазақстанның да БҰҰ-мен ынтымақтастығына да ерекше көңіл бөле білді. Біздің еліміздің антиядролық проблематика, экономикалық ынтамақтастық және гуманитарлық сала мәселелері бойынша Женевадағы тірлікке араласуына барынша жағдай жасап отырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшін Женева бөлімшесіндегі ең қиын участок Қарусыздану жөніндегі конференция болды десек қателеспейміз.  Бұл шаруа сол кезде тығырыққа тірелгендей көрінген. Өйткені, форумға қатысушылар «Жұмыс бағдарламасы» бойынша көпке дейін келісімге келе алмады. Пәкістан қауіпсіздік мақсатында консенсус құқығын пайдалана отырып, үнемі вето салатын. Осыған орай Конференция таратылатын материалдардың өндірісі туралы келісімнің жобасы бойынша мәмілеге келе алмаған. Дегенмен, негізгі мүше-мемлекеттер Конференцияны тығырықтан шығару үшін белсенді түрде консультациялар жүргізуден шаршамады. Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ ҚК-сінің тұрақты мүшелері қарусыздану жөніндегі жалғыз көпжақты тетік болып табылатын осы бірегей форумның статусына қатысты жинақталған позиция ұстанатынына үлкен мән бере отырып, бұл жұмысты әрі қарай жалғастыра берді. Дипломаттармен, саясаткерлермен, ғалымдармен кездесулер барысында Қарусыздану жөніндегі конференцияны қалай болғанда да сақтап қалу үшін жанталасып бақты. Бұл тарихи жауапкершілік екенін айтудан шаршамады. Мұның өзі өзгеріске ұшыраған геосаяси шындықтың нәтижесі екенін түсіндіре отырып, стратегиялық шыдамдылық танытты. Өзара тиімді шешімдер іздестіру керектігін табандылықпен күн тәртібіне батыл қоя білді. Өзіне тән ұстамдылықпен және шыдамдылықпен жұмыс істеген креативті Қасым-Жомарт Тоқаев диалог, келіссөздер және консультацияларда үш рет нақты ұсыныс жасап, қолдауға ие болды. Осылайша Қарусыздану жөніндегі конференцияны тығырықтан алып шықты.

Міне, осындай ымыраға келу қиындық тудыратын жағдайлардан абыроймен шығу жолында оның полиглоттық қыры да көп көмектесетін. Ағымдағы жұмыста негізінен ағылшын тілінде сөйлейтін, ал Швейцария өкілдерінің қатысуымен өтетін үлкен аудиторияның алдында французша ойын жеткізетін, керек болып жатқан жағдайда орыс және қытай тілдерін де қолдана кететін Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер мен консультацияларда ылғи да жеңіске жетудің жолын таба білетін толыққанды басшы-дипломат екенін осылайша талай дәлелдеді . 

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген өзекті мәселелерді талқылайтын Женева төрінде адам құқығы, қарусыздану, сауда, денсаулық сақтау, климаттың өзгеруі мәселелеріне айрықша мән беріп отырды. Ол БҰҰ бюджетін  5 пайызға қысқарту және ұйымның шығынын  100 млн. АҚШ долларына азайту мәселесін де ыждағаттылықпен шеше білген ұйымдастырушы деңгейіне көтерілді. Ол Женева бөлімшесінде барлық жұмысты тиімділікті төмендетпей отырып, мүмкін болған жағдайда оны аз қаражатпен арттыра түсу ұстанымы арқылы ұйымдастырды. Бас хатшы Пан Ги Мун өндірістік процесті оңтайландыруға және әкімшілік шығынды қысқартуға қатысты оның реформаларын әрқашан  қолдап отырды және оған өзінің оң бағасын берді. 

Бас хатшының БҰҰ-ның барлық бөлімшелері мен ұйымдарының ғаламдық басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған реформасына Қасым-Жомарт Тоқаев алабөтен қолдау білдіруімен де есте қалды. Кейде түсініксіздікке, тіпті қарсылыққа да тап болған Пан Ги Мунге күрделі қаржылық жағдайда орасан үлкен интернационалдық ұжымда ақтық табысқа жету үшін серіктес болды, ынтымақтастық танытты. Ол барлық саяси және басқару мәселелеріне қатысты Бас хатшымен оперативтік байланыс жасап, шынайы іскерлік, адами қарым-қатынас орната алды. Пан Ги Мун Женева бөлімшесінің жұмысына риза екенін БҰҰ аға буын қызметкерлерімен өткен  кеңесте мәлім еткені де Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделін арттыра түскен еді.

Құрметті Сайлаушы!

Ол әлемді мойындатты – Сіз оны мойындаңыз!

Дұрыс таңдау – Лайықтыны мойындау! 

Әдептілік - мемлекеттік қызметшінің міндеті
Сматай қобызшы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу