«Түркістан» көрерменге жол тартты

Oinet.kz 21-05-2019 873

Screenshot_20.jpg

Тұңғыш Президентіміз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек», деген болатын. Осы орайда, «Сақ» киностудиясының атқарып жүрген жұмысы ауқымды. Жақында аталған студияның тағы бір туындысы жарық көрді.  «Түркістан» деп аталатын анимациялық фильм жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тарихқа деген құрметін қалыптастыруға арналған.   

     Аталған фильм желісіне Жалғас есімді жас баланың ерлігі арқау болады. Оқиға барысында Жалғас Отанына, еліне деген парызын сезіне отырып, жаудың теріс пиғылына  қарсы тұрады. Бала батыр осылай Түркістанда өтетін Қазақ құрылтайындағы қастандықтың алдын алып, Тәуке ханның өмірін аман алып қалады. Жалпы, анимациялық фильм көрерменді қызықты оқиғалармен баурап, адами тәрбиеге, әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейді.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген фильмнің форматы 2 D, ұзақтығы 25 минут. Балаларға базарлық ретінде ұсынылған туындының режиссері және бас суретшісі - Азамат Ерназаров,  сценарий авторы - Бақытжан Құлжабаев болса, әуенмен әрлеген - Әйтеке Көптілеу.

  Анимациялық фильмнің тұсаукесер рәсімінде сөз алған «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев анимацияда 18 жылдық тәжірибесі бар шығармашылық топ бүгінге дейін 60-қа жуық қысқаметражды мультфильмдер мен бірнеше деректі және көркем фильмдер шығарып үлгергенін айтты.  Мәселен  «Күш атасы - Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын  телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін көрерменге жол тартқан. 


Астана ұл ма, қыз ба?
ҰЛТТЫҚ АРХЕОЛОГИЯНЫҢ САРДАРЫ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу