Жеті ата қақпасы бойына жасырған сыр көп
Бүгінде Түркістан қаласы тарихи туризмнің орталығына айналды. Түркістанда бір кездері уақыт тезіне шыдас бермей немесе түрлі жағдайлармен шөгіп, қираған тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Туристердің зор қызығушылығын тудырып отырған солардың бірқатарына тоқтала кетсек.
Жеті ата қақпасы. Қақпаның «Жеті ата» аталу себебі, бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің бір молаға жерленген жеті шәкірттерінің бейіті орналасқан. Жеті ата қақпасы 1928-1932 жылдарға дейін сақталып келген. 2009 жылы қайта қалпына келтірілген.Жеті ата қақпасының орыны анықталған соң Түркістан археологиялық отряды 2009 жылы сәуір-маусым айларында қазба жұмыстарын жүргізді. Қақпа атауы қала сыртында оған қарама-қарсы орналасқан Жеті ата мазаратына байланысты шыққан. Бұл мазаратта Қожа Ахмет Ясауидің бір молаға жерленген жеті мүридінің кесенесі болған, оларды халық «Жеті ата» деп атап кеткен. Қақпадан қалаға енген соң Ахмет Ясауидің кесенесіне дейін баратын Жеті ата магистралді көшесі басталады. Қақпа алдындағы ор үстіне Бабырат ата көпірі салынған, 1910 жылы түсірілген суреттен осы көпір мен қақпаның оңтүстік мұнарасының қалдығын және оның солтүстік бетіндегі төбесі тегіс етіліп жабылған Үндемес ата мен Баба Ғаріб кесенелерін, олардың арғы бетіндегі Баб Араб мешітінің күмбезін анық көреміз. Бұл аталған ескерткіштердің барлығы 2009-2011 жылдары аралығында зерттеліп, эскиздік және сәулеттік жобалары дайындалған.
Қазба барысында қақпаның мұналары іргелерінің қалдығы аршылды. Диаметрі 8 метрден сәл асатын мұнаралар бірнеше ірі-ірі жөндеуден өтіп диаметрі 10 метрге дейін жеткен. Биіктігі де 8-9 метрден аспаған. Іші қуыс, екі қабатты, күзетшілерге арналған бөлмелер мен баспалдақтары да қарастырылған. Мұндай қақпалар Орта Азия мен Қазақстан қалаларының кейінгі ортағасырлық кезеңдерінде (ХVІ – ХІХ ғғ.) көптеп кездеседі. Негізгі қабырғасы пахса мен кесектен тұрғызылған, типтік қақпалар түріне жатады.