XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш - тарихи туризм негізі
Қазіргі таңда Түркістан қаласы тарихи туризмнің орталығына айналып келеді. Түркістанда бір кездері уақыт тезіне шыдас бермей немесе түрлі жағдайлармен шөгіп, қираған тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Туристердің зор қызығушылығын тудырып отырған солардың бірқатарына тоқтала кетсек.
Есім хан кесенесі. XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 метр жерде орналасқан. Кесене Қазақ хандығының билеушісі Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған.
Кесене қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында бүлінсе керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9х9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 метр болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген.
Кесенеге 1958 жылы алғышқы зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1982 жылы Қазақ КСР-нің тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштер тізіміне енді. 1980 жылдары жартылай қалпына келтірілген. 200 жылы кесененің сақталған бөлігі қайта жөнделді.