Рабия Сұлтан бегім кесенесіне келушілер көп
Түркістан қаласының тарихы тым тереңде жатыр. Қала тарихын білгісі келетін азаматтар саны өте көп. Олар көне қаладан көне жәдігер іздеп, тылсым сырға қаныққысы келеді. Түркістан қаласының тарихи туризм орталығы болуға әлеуеті өте жоғары. Түркістанға шетелден көне жәдігерлерді көру үшін арнайы келетін туристер осының айғағы болса керек. Осы орайда Түркістан қаласындағы тарихи орындарға көз жүгіртіп өтейік.
Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Рабия Сұлтан бегім Кесенесі– ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші (XV ғ.). Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығысында 60 м жерде. Әмір Теміпрдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның әйелі, белгілі хандар Көкенші мен Сүйініштің анасы Рәбия Сұлтан бегімге арнайы салдырылған. Бұл кесененің құлыптасы Қожа Ахмет Ясауидың кесенесінен табылған. Құлыптаста Бегімнің Әмір Темірдің ұлы Ұлықбектің қызы екендігі,1485 жылы қаза болғандығы жазылады. Алғашында 8 бұрышты бір камералы, цилиндр тәріздес барабанға бекітілген биік күмбезі бар құрылыс ретінде салынып, кейіннен көп камералы шаршы жоспарлы құрылыстармен толықтырылған. Кесене - өте үлкен архитектуралық кешен. Оның құрамына 5 үлкен бөлме кіреді. Кесененің қасбеті сүйір ұшты биік арка түрінде жасалған, 8 бұрышты залы және осы залға жапсарлас салынған ұзынша келген тікбұрышты 2 үй-жай бар. Кесененің айналасынан табылған майоликалық және глазурланған тақтайшаларға қарап, оның полихромды қаптамамен қапталғанын көруге болады. Кесененің оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Онда терімен қапталған ағаш табыттар қойылған. Рәбия Сұлтан бегімнің табытында – «бұл құдіретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Көрегеннің қызы, ақсүйек, (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рабия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар. Кесене түркістандық жергілікті архитектуралық дәстүр негізінде салынған алғашқы кесене ретінде өте маңызды. 1980 жылдан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.