Түркістанның көркін ашатын тарихи-туристік - Тәуке хан кесенесі
Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте зор екені баршаға белгілі. Бүкіл Қазақстандағы туристік хал-ахуалы оқ бойы озық тұрған қалалардың бірі десек болады. Әсіресе бұл шаһардың тарихи маңызы зор. Өзінің тереңге бойлаған көне тарихымен бүкіл жұртты ынтықтырып қызықтыра алады. Қалада көне заманнан бері келе жатқан бірнеше нысандар бар. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек.
Тәуке хан кесенесі. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығыс мұнарасынан 40 метр қашықтықта орналасқан. 1958 жылы Б.Н.Немцова, 1974 жылы Т.Н.Сенигова, 1997 жылы Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев жүргізген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сегіз қырлы кесенеде 3 жерлеу орны анықталған. Түркістан археологиялық экспедициясының жетекшісі, археолог М.Тұяқбаевтың «Ескі Түркістан пантеондары» деген еңбегінде төмендегідей мәлімет беріледі: Сегіз қырлы кесене ХVІІІғ. Тәуке ханға арналып салынған. Бұл жоңғар шапқыншылығы қаупі күшейіп тұрған кез болатын. Тап осы қиын-қыстау заманда шаруашылық кері кетіп, сұлтандар, хандар, билер арасында бірауыздылық, бірлік болмай тұрған. Осындай кезде 1715 жылы қайтыс болған Тәукеге арнап жер астында мүрдеханасы бар, жер бетіндегі кесенесінің өзі биіктігі 10 метрден кем емес (кесенелердің биіктігі ұзындығына тең болған) алып құрылыс салу аса қиын еді. Ешбір іргетассыз қаланған бұл құрылыс бітпей жатып өз салмағынан-ақ бірден шөгіп, қирап қалатын еді. Ішіне қойылған құлпытастардың да мрамормен емес жәй ғана құмтастан жасалуы да, құрылымының дәл қасындағы Рабия Сұлтан бегім кесенесінің көшірмесі ғана болуы да, тас қашаушы ұсталардың, тасқа марсия жыр жазатын бәдізшілердің, кесене қалап, күмбез өретін хас шебер мен сәулетшілердің де жоқ болғандығын көрсетеді.
Бұл кесененің биіктігі 6,9-7 метр, бір қабат күмбезбен жабылып, пештағы 7 метр шамасында ғана болған. Тәуке хан қайтыс болған соң-ақ оның қабірінің үстіне салына бастаған бұл кесенеде онымен бірге 1724 жылы қайтыс болған ұлы Болат хан мен 1738 жылы қайтқан кіші ұлы Сәмеке хан да жерленген. 2020 жылы «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесі тарапынан кесененің қабырғалары 2,5 метр деңгейге дейін көтерілді.