Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстандағы кәріс ұлты өкілдерін қазақ болуға шақырған Артем Кимнің қызықты жазбасы жарық көрді деп хабарлайды Oinet.kz автордың жазбасына сілтеме жасап.
Жазбаның қызық тұсы да сол, Артем қазақ жеріндегі кәрістердің қазіргі мәңгүртке айналған халін айта келіп, енді аз уақыттан кейін Қазақстандағы кәрістердің қазаққа айналатынын мәлімдейді. Бұл сөзін өзіндік дәлелдерге сүйеніп алға тартқан ол: «Мен қазір жартылай кәріспін.Дәлірек айтқанда, әкем-кәріс, ал анам-жартылай татар, жартылай орыс. Яғни, қан жағынан алсақ, менде 50 пайыз кәріс 25 татар және орыс қаны бар. Мен қазақ қызына үйленсем, онда менің баламның бойында - 12.5 орыс, 12.5 татар, 25 кәріс және 50 басым пайызы қазақ қаны таралады. Бірақ басым пайызға қарамастан, құжаттарда мен ұлымның ұлтын кәріс ретінде көрсетуім керек болады. Ал содан кейін, менің ұлым, бәлкім, тағы да қазақ қызға үйленеді және осылайша менің болашақ немеремде кәріс қаны құрамының пайызы 25-тен 12.5 пайызға дейін азаяды. Яғни, теориялық тұрғыдан болашақ немерем, 75 пайыз қазақ, 12.5 кәріс және 6.25 бойынша орыс және татар қанынан болады. Бірақ тағы да құжаттарда баланың ұлты-кәріс екендігі көрсетіледі. Ал енді кәріс жұртшылығына сұрақ - осы дұрыс па?» деп сауал тастайды.
Сонымен қатар Артем кәріс халқының қазіргі кезде тілімен қатар ұлттық сипаты ретінде балаға ат қою мәселесінің де өзгергенін тілге тиек етеді. «Бұл күнде Қазақстанда таза кәрістің атын арқалаған адамды табу қиын. Мысалы, менің атым, грекше» дей келе Артем қандастарын біртіндеп қазаққа айналуға үндейді. «Баламызға Руслан, Тимур деген сияқты аттар қойып бастайық. Өзім балама Ғалым деп ат қоямын», деген кәріс жігіт Қазақстанның саяси саласында салмақ арттыру үшін ұлттың маңызды рөл атқаратынын жасырмайды. «Қазақ еліндегі кейбір саяси мәселелерде диаспора өкілдері шет қалып жатады. Неге? Өйткені сіз өзіңізді толыққанды қазақ ретінде сезінбейсіз. Ал оны сезіну үшін қазақ екеніңізді ең алдымен өзіңіз мойындауыңыз керек» деп жазады автор.
Артемнің пайымынша, ұазіргі кезде қазақстандық кәрістер өздерін толыққанды кәріс деп те атай алмайды. Неге? Өйткені негізгі ұлттық тамырынан алыстап, ажырап қалған. «Корея топырағында емес, керісінше ғасырға жуық уақыт Қазақстанда өсіп-өніп жатқандықтан, біз нағыз кәріс болудан қалдық. Мысалы, Седжон, Гвансу дегеннің кім екенін қазақстандық кәрістер білмейді. Ал Абайды Қазақстандағы кез келген кәріс біледі. Сонымен қатар мен білетін бір де бір кәріс «Каннам стайл» әнін емес, керісінше Батырхан Шүкеновті тыңдайды. Кореяның қазіргі президенті немесе алдындағы президенті кім деп сұрап көріңізші. Қазақстандық кәрістер мұны да білмейді. Есесіне, өз еліндегі атқамінерлердің бәрін жақсы таниды»,- дейді Артем. Қазақстандық кәрістердің өз отаны Кореяға кетіп алып, енді Қазақстанға қайта алмай жылап жүргенін жазған ол «бала, немереңіздің атын қазақша қойып, ұрпағыңыздың қазақша білім алуына жағдай жасаңыз» дей келе, өзін Қазақстандағы кәріс ұлты өкілдерінің ендігі көшбасшысымын деп мәлімдейді.
«Оян, кәріс!» деген жалынды сөздермен жазбасын түйіндеген Артем Ким бұл жазбаны шын ниетпен жазса да, қалжыңдап жазса да, кейбіреулер үңіле бермейтін дүниелердің бетін ашқандай. Расымен де, өзің туып, өскен, ауасын жұтып, нанын жеген топырақтың иесі болғың келсе, сол топырақтың қожайыны саналатын негізгі ұлтпен ұйысып, кірігіп, бірігіп кетуің керек. Бұл жазылмаған заңдылық. Қай елге барсаңыз да солай. Барған еліңіздің тілінен бастап, күнделікті салттық ұстанымына дейін меңгеруге мәжбүрсіз. Меңгермесеңіз, ашығын айтқанда, аш қаласыз.
Қорыта айтқанда, кәріс жігіт Артемнің көтерген мәселесі Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне де үлкен ой салады деп үміттенеміз.