Ардан аттаған «Астарлы ақиқат» жабылсын!

Oinet.kz 02-02-2021 10210

КТК арнасының «Астарлы ақиқат» ток-шоуы бұған дейін де сын тезіне алынып, талай рет халықтың наразылығын тудырғаны рас. Алайда танымал журналист Дина Төлепберген жүргізетін осы бағдарлама бұл жолы жұрттың сұмдық наразылығын тудырып, «Астарлы ақиқат жабылсын!» деп өре тұрғызды.

«Астарлы ақиқат» бағдарламасының жарыққа шыққанына аз уақыт өтпеді. Бастапқыда әлеуметтік өзекті мәселелерді көтеріп, көмек іздеген адамға қол ұшын созатын салмақты бағдарлама ретінде берілгені есте. Алайда уақыт өте келе, бұл бағдарлама ақиқаттың астарын емес, төсектің айналасын ақтаратын ток-шоуға айналды. Иә, ток-шоу деп аты айтып тұрғанындай, телевизиялық жанрдың бұл түрі «ережесіз күрес» іспеттес бағдарлама саналады. Сондықтан да мұндай бағдарламаның тақырыбы да, студияда болып жататын түрлі жағдайлары да жай ғана «ток-шоу» деген ұғымға негізделеді. Қазақ даласына мұндай көшірме шоулар көрші Ресейден келіп жатқаны баршаға мәлім. Ресейлік арналардағы түрлі дау-дамайға толы дүниелердің тонын теріс қаратып қойып, қазақ қоғамына ұсынуды отандық телеарналар жаттанды әдетке айналдырғалы қай заман. Солардың бірі «Астарлы ақиқат». Көрерменнің «қытығының қай тұста» екенін мықты біліп алған бұл ток-шоудың авторлары көбінесе «сенсация» тақырыптарды арқау етеді.

Ал кешеден бері «Астарлы ақиқат» қоғамның ызасын астауынан асырып төкті десек болады. Бұл жолы да әдеттегідей төсек, жыныстық қатынас сынды тақырыптың тұздығы етіп қайын ата мен келін арасындағы сорақы байланысты эфирге шығарды. Алайда мынадай сұмдық жағдайларды «Астарлы ақиқаттың» көбінесе Түркістан облысы жақта жиі болатындай етіп көрсетуі көптің ренішін тудырды. Яғни, бұл ток-шоуда адамның ақылына келе бермейтін оқиғалардың дені Оңтүстік өңірінде болатындай етіп көрсетіледі. Кейіпкерлері сол жақтың тумасы немесе тіпті оқиғаның өзі сол аймақта болған етіп көрсетіледі.

Мәселен, күні кешегі «Қайын ата, қойын ата» атты шығарылым кейіпкерлері де Түркістан облысының адамдары-мыс. Бұған дейінгі де бағдарламадағы мектеп оқушысын зорлаған адам да, дүниеге таласатын да, қайын атасын қойнына алатын да түрлі кейіпкерлер басқа емес, дәл Түркістан облысының адамдары. Кездейсоқтық па, әлде әдейі солай көрсетуді КТК арнасы басты мақсаты етіп алған ба? Бағдарламаның жабылуын талап еткізуге дейін жеткізген де әлгі «қойын ата» туралы шығарылым болды. Өзге ұлт өкілдерінің арасында болған оқиға іспеттес етіп көрсеткенімен, бұл жағдайдың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан облысы өңірінде болғандай етіп көрсету, сонымен қатар қазақ қоғамына осындай дүние ұсыну – халықты дүбара, тобырға санау ма, әлде «сендер осындайсыңдар!» деген емеурін бе?

Жалпы, рейтинг қуалаған осындай бағдарламалар ұлттық құндылықтарымызға сына қағып, тал бесіктен басталар тәрбиемізге орасан зор қауіп төндіріп жатқаны жасырын емес. Теледидарды ең алдымен тамашалайтын кімдер? Кешкілік жұмыстан келіп, асын алдына алған кез келген адамның бірінші ермегі теледидар. Алайда дәл қазіргі кезде теледидар ауылдағы ағайынның ақпарат іздейтін басты құралы. Мұны кез келген отандық телеарна өкілдері мықты біледі. Олай болса, «Астарлы ақиқаттың» ауыл халқына ұсынып отырған мынадай дүниесін не деп түсінбек керек? 

«Қазақтың тамыры – ауылда екенін бесіктегі бала да біледі. Демек, КТК арнасы ауылдағы көрерменіне арнап мынадай сорақы дүниелерді ұсынып отырғаны ғой? Мұның астарына үңілген кез келген адам қандай жымысқы саясаттың жатқанын айтпай-ақ білері сөзсіз. Некесіз бала туу, ажырасу, келіннің енеге көрсеткен озбырлығы, жеңіл жүріске түсу, баласын тастап кету сияқты оқиғаларға құрылатын түрлі ток-шоулардың тізгінін тартатын уақыт жетті! Теледидар тәрбие берудің емес, керісінше бар тәрбиемізді талқандайтын құралға айналды. Қай арнаны ашсаң, ылғи дау қуалаған біреулердің не болмаса, қазақы ұғымға мүлде жат дүниелердің беріліп жатқанын көресіз. «Астарлы ақиқатты» жабу керек, осыны көпшілік болып талап етуге тиіспіз! Шектен шықты бұл бағдарлама!»,- дейді бізбен әңгімесінде Түркістан облысының тұрғыны Ділмахамбет Бекталы. 

«Кешкі асымызды алдымызға алып, теледидар қосып, жайғасып отырғанымыз сол еді, «Астарлы ақиқаттың» масқара шоуы жарқ етті алдымыздан. Келесі арнаға ауыстырғанша, құлаққа түрпідей тиетін, ұят сөздерді біз де, балаларымыз да естіп үлгерді. Бұл не сұмдық? Мынадай бағдарламаларға тоқтау салынбаса, ұлттың тамырына түбегейлі балта шабылады. Және осы бағдарлама байқасаңыз, үнемі оңтүстік өңіріндегі оқиға сияқты етіп қисынға келмейтін, шындыққа жанаса бермейтін нәрселерді көрсетеді. Еліміздің басқа аймақтағы тұрғындарына «Оңтүстікте осындай» деген түсінік қалыптастыруда»,- дейді шымкенттік Жанна Адамбекқызы.

Осындай қарсылық, наразылық пікірлер әлеуметтік желілерде де қарша борап жатыр. Жұрттың талабы – «Астарлы ақиқат» жабылсын, көрсетілмесін! Осы мәселеге қатысты жауапты азаматтар елдің талабын назарға алып, оң нәтиже шығарады деген сенімдеміз.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ.  

Қазақстандағы кәрістер «ояна бастады»
Айдос Сарым құны 303 968 теңге тұратын төсбелгісі туралы пікір білдірді (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу