Ерлан Сағадиев – Майлыбаевтың үзеңгілесі ме?
Соңғы айларда қоғамда ең көп талқыланған шенеунік – Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев болғаны талас тудырмайды. Тіпті, теңге құлдырағанда да, Зейнетақы қорының төрағасы ұсталғанда да үнсіздікпен құтылған Ұлттық банктің төрағасы да дәл осындай сынға ілікпеген еді. ҰБТ сұрақтарының тізіміне Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай жайлы сауалдардың енгізілуінің өзі неге тұрады?
Кейбір сарапшылар Сағадиевті атышулы Бағлан Майлыбаевпен де салыстыруға көшті. Соншалықты қоғам шүйлігетіндей Сағадиев не істеп қойды, оның есімі не үшін Майлыбаевпен қатар айтылып жүр дейсіз бе? Бұның жауабын бір топ қоғам белсенділері мен оқытушылар қауымдастығынан естідік. Олардың пікірінше, Сағадиевтің бастамасымен қолға алынған реформа қазақ тілі, әдебиеті мен тарихына қарсы геноцидке ұласуы мүмкін. Осыдан біраз бұрын интернет желісінде еліміздегі мамандықтар классификаторындағы «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» сынды мамандықтарды жоғары оқу орындарынан алынып тасталғаны туралы, «Серпін» жобасының тоқтатылғаны жайында түрлі ақпараттар тарады. Онда «Білім және ғылым министрлігі "Қазақстан Республикасындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы" деген құжатының жаңа нұсқасын 01.02.2017 жылы қолданысқа енгізді. Аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген бөлімінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығы атымен жоқ. Оның орнына "Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау" деп жазылған. Сағадиевтің қадамдарын қазақ ұлтын, тілін жоюға бағытталған бастама ретінде қабылдаған бір топ ғалымдар тіпті оны ауыр айып тағылып қылмыскер атанған Майлыбаевпен байланыстырып Марат Тәжин, Гүлшара Әбдіқалықова мен Бақытжан Сағынтаевтың атына хат жолдапты. Белгілі сарапшылар қатқыл мәлімдемелер де жасады.
- 25 жылда бізде 20-ға жуық білім министрі болыпты, солардың әрқайсысы өзін реформатор деп есептеген. Жалпы, білім саласында реформатордың позициясын ұстану - өзіне ату жазасына кесумен бірдей. Бірақ, репутациялық қауіптерге қарамастан, осы қызметтегілер сол реформаны қалайда іске асыруға барын салатыны мені таңқалдырады, - дейді Айдос Сарым. Сондай-ақ, саясаттанушы Расул Жұмалы да өзінің жеке парақшасында «Осы министр Сағадиевтің тірліктерін көрген сайын төбе шашым тік тұрады. Қазақтарға қарсы жұмыс істеген Майлыбаевтың үзеңгілесі болып шықпаса екен дейміз. Бұл дегеніңіз сұмдық қой», деп пікір жазыпты.
Әйткенмен, министрлік өзіне қатысты күдіктердің барлығын теріске шығарып отыр. Тіпті Сағадиевтің өзі Фейсбук арқылы ресми бейне үндеу жариялап, білім саласына қатысты тек министрліктен таралатын ресми ақпаратқа сенуді өтінді. "Бұдан зердесіз жаңалықты мен естіген жоқпын. Кез келген мұндай шешімдердің күші жойылады. Алаңдамаңыздар. Арандатуға ермеңіздер. Бұл мүмкін емес. Ол болмайды», деп мәлімдеді Сағадиев журналистерге берген сұхбатында.
Қалай болғанда да, қоғам өкілдері арнайы комиссия құрып, министрліктің, оның ішінде Ерлан Сағадиевтің жұмысын түбегейлі тексеріп, ақ пен қараны ажырату қажеттігін алға тартуда. Бұл ұсыныстың қаншалықты жүзеге асатыны әзірше белгісіз.
Мұрағаттан, 2017 ж