Бекболат Тілеухан Дон Кихотқа еліктеп жүр ме?

Oinet.kz 05-08-2019 1104

Screenshot_11.jpg

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Фейсбук әлеуметтік желісін ауыздықтау туралы айтып, блогерлер мен журналистерді дүрліктіріп қойды. Бұған соңғы уақытта дәл осы Фейсбукте «сақалының жиі сөз болуы», көп сыналуы себеп болса керек. 

«Баяғыда мінбеге шығып сөз алу үшін, ақпарат тарату үшін дәлелденген еңбегің, қоғамда пікір айтатын беделің болуы керек еді. Баяғыда, ең болмаса пікір айту үшін 100 қойдан 101 қозы алуың керек болатын. Ал қазір ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болатын заман туды. Шексіз майдан басталып кетті. Тізесіне ноутбугын қойып ойына келгенін жаза береді. Еліне құрметі қалған жоқ. Мұның бәрі, біріншіден, мәдениеттің жоқтығынан. Тектіліктің болмауынан деп ойлаймын. Мысалы, Facebook АҚШ-та отбасымен балық аулауға барғандары секілді демалыстарының суретін салатын әлеуметтік желі болып саналады. Ал бізде, Қазақстан қоғамында бұл саяси аренаға айналып отыр. Осыны ауыздықтау үшін не істеу керек деген мәселе Ақпарат министрлігінің алдында тұр» – деді депутат. 

Осыдан бірер күн бұрын ғана Б.Тілеуханның «бір шатырдың астындағы» әріптесі Қуаныш Сұлтанов та күлкіге қалған. Ол президент Н.Назарбаевтың есімімен Астананы және өзге де маңызды нысандарды атау туралы бастама көтерді, Бекболат Тілеухан мұны «төрт аяғын көтеріп» қолдады. Президенттің не деп жауап бергені белгілі. 

Сол үшін екеуі әлеуметтік желіде оңбай таяқ жеді. Әсіресе, Фейсбуктен. Таяқты екеуі де көтере алмады. Қ.Сұлтанов «саяси мәдениетсіздік» туралы айтты. Б.Тілеухан «мәдениеттің жоқтығынан» бастап, «тектіліктің болмауына» апарып бір-ақ тіреп, «Фейсбукті ауыздықтауға» кірісті. 

Фейсбукте Б.Тілеуханның жеке парақшасы бар. Ол қай жердің нағыз саяси арена екенін өз көзімен көріп жүр. Ал енді «Қуаныш Сұлтанов» деген депутат Фейсбукте жоқ. Ал егер ұрланып кірсе ше? Солай болса, Сұлтанов «саяси сауатсыздар» туралы айтқанда олардың арасынан өзін танымауы мүмкін емес қой... 

Б.Тілеуханның әлеуметтік желіні ауыздықтамақ болған тірлігі жел диірменмен күрескен Дон Кихотты еске түсірді. Қалай ауыздықтамақ? Ақыры айтқан екен, жолын көрсетіп бермей ме. Фейсбук арқылы өзін жарнамалайды, сөйтеді де Фейсбукті ауыздықтауды сұрайды. Мұны қалай түсінсеңіз де, еркіңіз. 

Б.Тілеухан Фейсбуктің түңлігін желпілдетіп тұрғанда Нарынқолдағы қу тілді нағашым хабарласып, Бекболат Тілеуханға қатысты қызық оқиға айтып берді. 

«Бекболат Тілеуханға не болған өзі? Біз білетін Бекболат басқа еді. Ол нағыз жырау болатын. Мынау сол Бекболаттың «жармағы» болса керек, сірә. 

Жаңылмасам, екі мыңыншы жылдардың басында Алтынбек Сәрсенбайұлын бір топ жолдастарымен бірге атақты Шалкөде жайлауында қонақ еттік. Мықты редакторлар, саясаткерлер келді. Араларында Бекболат та бар. Алтекеңдер отырған киіз үйге кең жайлаудан жиылған жұрт сыймай қалды. Бәрі де «Алтынбекке амандасамыз, Бекболаттың әнін тыңдаймыз» деп келгендер. Алтекең киіз үйдің етегін түргізіп тастады. Киіз үйге сыймаған жұрт көкмайсада шынтақтап тыңдады. Бекболат сонда таң атқанша ұлы жайлауды әнмен тербеп еді. Сол жырау Бекболатты сағынып жүрмін. 

Бүгінгі Бекболат мүлдем басқа. Не өнерде, не саясатта жоқ. Не керек, жырау Бекболатты қимасам да, Алтынбек Сәрсенбайұлына еліктеп, көбік сөзі көп адамдарға қатысты «Бекболатшылау» деген саяси термин ойлап таптым. Қабылдайсың ба, қабылдамайсың ба, ол жағын өзің шеш, жиен. Мен айтарымды айттым!» – бір-ақ қайырды нағашым. 

Мына «саяси терминді» қабылдайын десем, жырау Бекболат Тілеуханды мен де қимаймын. 100 қойдан 101 қозы алған «ерлігім» тағы жоқ. Нағашыма салсам, «Бекболатшылау» дегені «бос былшылдауға» қарай тартып барады. Ал енді қабылдамайын десем, көп нәрсені көз көріп, құлақ естіп жүр... 

Ерік Рахым, 

«Рейтинг» газеті №47,  8 желтоқсан 2016 жыл

Тасмағамбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев «құбыжыққа» атана ма?
Жансейіт Түймебаев: «Бизнеске біреу кедергі келтіретін болса, темір тордың арғы жағына кетеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу