Тасмағамбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев «құбыжыққа» атана ма?

Oinet.kz 05-08-2019 1169

Screenshot_10.jpg

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді шетелдіктер «монстр», яки «құбыжық» деп атайды. Шаршы алаңдағы қарсыластарын жайратып келе жатқан Головкин «құбыжықтығын» дәлелдеп, №1 боксшы атанып тұр. Еліміздің қаржы саласында да дәл осындай «құбыжық» қалыптасып келе жатқан сыңайлы. Әңгіме Кеңес Рақышев жайында. 37 жасар Рақышевтің бизнес империясының өсу қарқынына қарай отырып еріксіз бас шайқайсың. «Форбстың» рейтингісінде 7-орында тұрған ол Қазақстандағы бизнес-жобалармен шектелмей, әлемнің көптеген елдеріне инвестицияларын құюда.

Рақышевтің жинаған мал-мүлкі әзірше 718 миллион долларға бағалануда. Оның қарамағына еліміздегі «7 телеарна»,  «Magnum Cash & Carry» сауда орталықтары, «SAT & Company» өнеркәсіп холдингі, «Standard сақтандыру компаниясы» мен тағы да басқа көптеген құрылымдар кіреді. Әйткенмен, Рақышевтің бизнес-империясында «Қазком» банкі ерекше орын алады. Отандық қаржы саласының мэтрі саналып келген Нұржан Субханбердинді «Қазкоммерцбанктен» біржола ығыстырып, осы қаржылық ұйым акцияларының  71,31 пайызын иеленіп алған Рақышевтің тәбеті енді ашылып келе жатыр екен. Тіпті, неше жылдан бері KAZKOM болып келген банкті енді QAZKOM-ға айналдырып, осылайша Субханбердиннің мұрасын мүлдем өшіріп жіберуге тырысқандай. 

Жуырда ақпарат агенттіктері «Қазком» мен «Халық банкі» біріккелі жатыр» деген хабар таратты. Артынша «Рақышев енді «Халық банкіне» де көз салған ба?» деген болжамдар айтыла бастады.  Интернет желілерінде  таралған бұл жаңалықты қос банктің өкілдері терістеуге асықты. Әйткенмен, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой.  

Әйткенмен, Рақышев – «құбыжық» емес, бар болғаны адам. Демек, оның да осал тұстары бар. «Қазкомға» келмес бұрын осы банкті тығырықтан шығарудың жаңа жоспары қажет екенін Рақышев жақсы түсінді. 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан соң   банктің жағдайы тым күрделеніп кеткен болатын. Проблемалық несиелердің үлесі жыл сайын өсіп отырғанын ескерсек, активтерінің көптігімен қатар «Қазкомның» қарыздары да азаймай жатқанын аңғарамыз. Бастысы, Рақышев үшін «Қазком» «көтере алмас шоқпарға» айналмасын деңіз. 

Жалпы, банк жүйесі  - өте нәзік сала. Әсіресе қаржы ұйымының абырой-беделіне нұқсан келмеуі тиіс. Сондықтан да банкирлер өзіне шаң  жуытпауға тырысады.  Қандай-да банкке қатысты  қандай-да сыбыс шықса, оның салдары бірден білінеді. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда шетелдік Bloomberg ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтқан сөздерінен кейін «қазкомдықтар» тыпырши бастады. 

Қазком жайлы айта келе Назарбаев: «Біз банкті жұмысшы қалпына келтіруіміз қажет. Бұл банктің құлауына жол бермейміз. Қазір әңгіме санация, яғни осы банкті сауықтыру жайында» деді.  Елбасының «Қазкомды» атап тұрып айтуы «осы банктің жағдайы мәз емес» деген күдікті тіптен күшейтіп жіберді. Қаржы әлемін  әсіресе «санация» сөзі үрейлендірді. Себебі, санация – батып бара жатқан банкті құтқару ұғымымен бірдей. Осының өзі «Қазкомның» жағдайы мәз еместігін айқын көрсетіп  отырғаны анық.    

Артынша «Қазкомның» басшылығы шұғыл түрде баспасөз мәлімдемесін таратып, банктің қаржылық жағдайы тұрақты, қандай-да қиындықтардың жоқтығын білдіруге асықты. Сол мәлімдемеде «екінші жартыжылдықта банктің активтері 339 миллиард теңгеге артты, банктегі салымдардың көлемі 406 миллиард теңгеге көбейді. 2016 жылғы 1 қазандағы жағдайы бойынша таза табысымыз 80 миллиард теңгеден асты» делінген.  

Елбасының айтуынша, банкті қолдаудың негізгі екі жолы бар – активтерді көбейту үшін акционерлер қаражат табуы тиіс, немесе банк мемлекеттің қолдауына жүгінеді. Бірақ, банкирлер үшінші жолды таңдаған секілді.  «Қазком» мен «Халық банкінің» бірігуі жайлы гу-гу әңгіме осының салдары іспетті. 

Сарапшылардың  пайымдауынша, банктердің бірігуі активтерді көбейту мәселесін шешудің бір әдісі. Бірігуден кейін «Қазкомның» құрамына жаңа акционерлер кіріп, қаржылық мүмкіндіктер көбейіп жатса несі бар? Оның үстіне, біздің елде «Қазкоммен»  жалғыз-ақ «Халық банкі» қатарласа алатынын ұмытпайық. Қалғандарының қаржы айналымы мен активтерінің көлемі бұл екі алпауыт құрылымға жақындай да алмайды.  

Кез-келген жағдайдан пайда түсіріп, ұтылмауға тырысатын, реті келіп тұрса бизнес-империясын кеңейтуге ұмтылатын Рақышев бұл жолғы мүмкіндікті мүлт жібермесі анық. Екі банк біріксе, еліміздегі ең ірі қаржы ұйымының басты акционері  атануға күш салатыны айтпаса да түсінікті.  Демек, Тасмағамбетовтің күйеуі баласы уақыт өте  саяси амбицияларын да ашық көрсете бастауы бек мүмкін.   

Бұл ретте  «Халық банкі» басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметованың позициясы қызығушылық туғызады.  Шаяхметова - ойын ашық білдіретін банкирлердің бірі. Бұған дейін елдегі бірқатар даулы мәселелерге байланысты пікірін ортаға салып, біраз жайдың басын ашып берген. Қажет болса, Шөкеев сияқты дөкейлерді сынаудан да тайныбайды. Жуырда Халық банкінің төрайымы  «дәл қазір банктердің арасында келіссөздер жүріп жатыр деп айтуға болмас, бірақ біз түрлі сценарийлерді қарастырудамыз» деген мәлімдемесінен шын мәнінде екі тараптың осы бағытта қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын аңғарамыз.  Шаяхметованың айтуынша, банк «Қазкоммен» толыққанды бірігуді емес, бірлесіп альянс құруды ғана қарастырып отыр. Оның үстіне, бірінші кезекте бұл мәселеде «Халық банкінің» акционерлері мен клиенттерінің мүддесі ескерілетін болады. Банкир Шаяхметова «ешкім бізге пайдасыз шешімдерді күштеп өткізе алмайды» деп ескертті. 

Тағы да Мемлекет басшысының Bloomberg агенттігіне берген сұхбатына оралсақ.  Отандық банк саласына өзгерістер қажет екенін алға тартқан Елбасы «банктерді ірілендіру ісіне объективті түрде қарайтын боламыз, кейбір банктер банкротқа ұшырауы мүмкін» деп мәлімдеді. Соған қарағанда отандық банк саласын әлі біраз өзгерістер күтіп тұрғандай. Қай банктың банкротқа ұшырайтыны әзірше белгісіз. Бастысы, бұдан қарапайым халық зардап шекпесе болғаны.  

Мұрағаттан, 2016 ж

Жансейіт Түймебаев: «Біздікі келгелі бері өңшең «разборка!»
Бекболат Тілеухан Дон Кихотқа еліктеп жүр ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу