Жансейіт Түймебаев: «Біздікі келгелі бері өңшең «разборка!»
Әкім Түймебаев мәжілісіте мәселені осылай қабырғасынан қойды Өткен жұмада, 18 қарашада ұйымдастырылған әкімдік мәжілісінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көпшіліктің көкейіндегісін дөп басатын өзекті мәселелерді майшаммен қарады. Күн тәртібінде ауыл шаруашылығы, мәдениет саласы, туризмді дамыту, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайы мен коммуналдық меншіктің сақталуы және пайдалануын бақылау сынды қадау-қадау 5 мәселе талқыға түсті.
Тұрбеков жұмысты жүйелі жүргізе алмай отыр
Алғашқы болып атқарған жұмыстарының есебін берген С.Тұрбековтің айтуынша, облыста мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің барлық бағыттарындағы жетістіктер 100 пайыздан жоғары. Дегенмен, биылғы 10 айдың қорытындысында Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам, Созақ, Төле би, Түлкібас, Ордабасы аудандарында төрт түлік түрлерімен қатар құс саны да кеміген.
Жалпы мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі шаралардың өте аз екенін тілге тиек еткен облыс әкімі табиғаты қолайлы өңірде тұрып, әлі күнге дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай келе жатқанымызға қынжылды. Шығарылатын өнімдердің бәсекелік қабілеттілігі төмен болған соң облыс тұрғындары шет елдерден тасымалданатын өнімдерді тұтынуға мәжбүр. Ал, мал шаруашылығын дамытудағы басты мәселе венеринариялық қауіпсіздіктің жайы тіпті сын көтермейді. «Бұл мәселе бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілмей жатыр. Биылғы жазда кене ауруы өршіп кетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда кене шағу фактісі 40,4 пайызға өскен. 2015 жылы 3961 болған, биыл 5564 жағдай тіркелген! Бұл аз емес. Ал егер залалсыздандыру жұмыстары уақытылы жүрсе, бұлай болмас еді. Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмаларды орындау барысында да кемшіліктер бар. Атап айтқанда, 60-61 қадамдар бойынша – ет, сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту және өзіміздің кәсіпкерлерді қамтудағы жұмыстар да, өкінішке қарай, мардымсыз. Ет өнімдері экспортын көбейту туралы Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бар. Бұл бағытта да жұмыстар жеткіліксіз. Мен сегіз ауданды аралап шықтым, ет кластерін жүйелі түрде дамытып жатқан бірде-бір аудан жоқ. Сондықтан сіздің және аудан әкімдіктері тарапынан облысымызда мал шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Келесі жылға жүйелі түрде нақты тапсырмалар қою керек», деген облыс басшысы С.Тұрбековтің есебін жаратпай тастады.
«Басқарма тірлігіне көңілім толмайды»
Облыс әкімі тақырыптан ауытқып, өңірдегі бар дүниелер мен жетістіктерді тізбектей жөнелген Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтан да нақтылықты талап етіп, мәдениет саласының дамуы жөнінде баяндауды өзі сұрап алды. 2020 жылға дейінгі мәдениет саласының даму жоспарын қабылдағандарын жеткізген Н.Ахметжановқа ескерту де жасады. Мұны облыстағы барлық мемлекеттік құрылым басшыларының бәріне қарата айтты. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша...» деп сөз бастағанды қойыңыздар. Бұл өмір – біздің қоғамымыз. Белгіленген бағдарлама бар. Сол бойынша жұмыс істеу қажет. Елбасымыздың бағыт-бағдары, мемлекетіміздің осы саладағы жұмыс жоспары бар. Бар нәрсені жасау керек» деген Түймебаев мәдениетке жасалып жатқан жағдайды рухани жұмыспен шатастырып алған Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаиловтан да ел риза болған нақты бір ғана шара туралы айтуды сұрап, мардымды жауап ала алмады. «Мәдениет саласы біздің таланттарымыздың арқасында дамып келеді. Олардың шырылдап, жүгіріп жүргендерін көріп жүрсіздер. Соларды біріктіріп, жағдай жасап, ой-пікірлерін дамытып, түрлі мәдени шаралар өткізу қажет. Бұл бойынша жұмыстар жеткіліксіз, құрғақ, жалаң өтіп жатқан шаралар. Мұндай нәрселерді кішкене жүрекпен жасау керек» деген Түймебаевтің пікіріне сүйенсак, Мәдениет басқармасы аудан, қалалардағы мәселелерге көңіл бөліп отырған жоқ. Көптеген ауылдарда мәдениет ошақтары мүлдем жоқ. Барларының көпшілігі бос тұр. Облыс орталығының өзінде мәдени шаралар өте аз өткізіледі. «Коммерциялық концерттер мәдени шара емес. Жоспар бойынша немесе бір акцияны жасап әртістер келіп-кетеді. Соларға топырлатып залды бөліп береміз. Облыстық қазақ драма театрының өзінде мерекелік, мерейтойлық бір-екі шара болмаса, ешнәрсе өткен жоқ. «Орын жоқ, орын жоқ» дейміз, көптеген үлкен залдарымыз бос тұр, толық пайдаланылмайды. Таланттарды қолдап, соларға беру керек. Әрқайсысы дәстүрімізді дәріптеп, мәдениетімізбен сабақтастырып, өз саласы бойынша жұмысын ілгерілетсін. Рухани жағынан даму дегеніміз осы. Сондықтан бұл саладағы басқарма жұмысына менің көңілім толмайды» деп, облыс башысы бұл бағыттағы жұмыстар жоспарларын есеп-қисап емес, рухани тұрғыдан жасауды тапсырды.
«Ақша ешқашан жетпейді...»
Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев туризмді дамыту мәселелері туралы баяндамасы да облыс әкімі тарапынан жеткіліксіз деп танылды. «Үкіметтің қаулысы бар, 2020 жылға дейін туристік саланы дамытудың тұжырымдамасы бекітілген. Біздің туристік өңірге айналуға толық мүмкіндіктеріміз бар, бірақ, өкінішке қарай туризм кластерін жасай алмай отырмыз. Туристік орындарда қажетті қонақүйлер жоқ, саяхаттаушылар үшін жол бойында қажетті сервис, жол көрсететін сілтемелер жоқ, интернет, мобильді байланыс сын көтермейді, көлік инфрақұрылымы нашар. Сондай-ақ, туристік орындардың санитарлық жағдайлары төмен. Бұл мәселе айтылғалы талай уақыт өтті. «Анаған мұнша, мынаған мұнша ақша бөлінсе, сосын жасаймыз. Анаған айттық, мынаған айттық, анау әкімшілік, мынау әкімшілік» деп істі қаржыға тіреп, жауапкершілікті бір-біріңізге сілтеп жүрсіздер. Бұл да ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарының жеткіліксіздігі. Бұл бір басқармасының ғана шаруасы емес, әкімдіктермен қатар басқа ұйымдардың бәрінің бірігіп істеуі керек. Ал біз онсыз да дотацияда отырмыз. Мемлекет әрбір ауданға өзінің салық түсімінен 10 есе көп ақша бөліп отыр. Қаржы қаншама рет берілді. Ақша ешқашан жетпейді. Біз бар нәрсені құрастырып жасай алмай отырмыз» деген Жансейіт Қансейітұлы Анкараның қысқа мерзімдегі даму көрсеткішін слайдтағы суреттер арқылы үлгі етіп таныстырды. Ол аталған жұмыстар үшін олардың мемлекеттен қаржы алмағанын, оны кәсіпкерлері, сол жердің тұрғындары биліктің ұйымдастыруымен барлығы бірлесе отырып шешкенін жеткізді.
Жастар жасаған қылмыс көбейген…
Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыс 10 айда 35 пайызға өскен. Биылдың өзінде жастар арасында 3642 қылмыс жасалған. Нашақорлыққа бой алдырған жастардың саны 74-ке көбейген. Жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызды құрайды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Болат Жанәбілдің есебінде айтылмаған осынау олқылықтар мен кемшіліктерді әкім жайып салды. «Жастар арасында жұмыстарды күшейту керек. Идеялогиялық нақты жұмыстар – патриотизм, қайырымдылық, бауырмашылдыққа баулитын жұмыстар жеткіліксіз. «Клуб ашылса, жастар жұмыспен қамтылса, жатақхана салынса…» деп тұрсыз. Сіз басқарманың басшысысыз. Барлық істердің ұйымдастыру мүмкіндіктерін сізге беріп отырмыз. Басқарма басшысы есебінде кез келген органмен жұмыс жасай аласыз. Бірақ, мен жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт саласына жауапты басқармалармен, аудан әкімдіктерімен бірігіп жұмыс жасап жатқандарыңызды көрмедім. Өткенде жастар форумына қатыстым. Бәрі «Астанаға барамыз!» деп дайындалып жүр. 500 жас! Басым бөлігі студенттер – ертеңгі мамандар, 20-дан асқан жастардың міндеті өнеркәсіпті дамытып, өндірісте жұмыс істеу ғой. «Шымкенттегі үш индустриалды аймақ пен бір еркін экономикалық аймақта қаншама зауыттар мен кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Соларға қаншауың бардыңдар, қолдарыңды көтеріңдерші» десем, 500-дің бесеуі ғана болған екен. Содан кейін барып менің ұсынысыммен сол жастар арнайы ұйымдастырылған автобустармен бірінші рет өздері өмір сүретін қаланың индустриалды аймақтары мен еркін экономикалық аймағына барды. Сонда олар өз бетімен, облыстың дамуы өз бетімен… Бөлек-бөлек. Қалай сонда? Өндіріс орындарынан өзге қала маңында үлкен-үлкен жылыжайлар, қарқынды баулар, фермалар бар. Солардың біріне жастарды апарып, таныстырып, семинарлар өткіздіңіздер ме? Өткізілген жоқ. Бұл жарамайды» деген облыс әкімі Б.Жанәбілге әр салаға жауапты басқармалармен тығыз байланыс орнатып, жастарды еңбекке баулу керектігін міндеттеді.
«Біздікі келгелі бері өңшең «разборка!»
Мемлекеттік басқару органдарының облыс бойынша коммуналдық меншігінің сақталуы мен пайдалануына бақылау барысындағы атқарылған жұмыстар жөнінде Қаржы басқармасының басшысы Кеңесбек Мендебаев баяндады. Ол білім, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту салаларына жауапты басқармаларға қарасты бір-бірін қайталайтын мемлекеттік ұйымдардың жұмыстарын біріктіруді, бюджет қаржысын үнемдеу үшін тиімсіздерін жабуды ұсынды. Басқарма басшысы таратқан мәліметтерге сүйенсек, Шардара ауданындағы №7 бастауыш мектебінде 7 оқушыға 8 қызметкер жұмыс істейді. Оның 4-еуі мұғалім, 4-еуі шаруашылық қызметкері. Отырар ауданында Загорный мектебінде 11 оқушыға 5 мұғалім, 5 шаруашылық қызметкер, ал Үшарал мектебінде 10 оқушыға 12 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдай, Түлкібас, Сарыағаш, Ордабасы аудандары және Арыс, Түркістан қалаларында да кездеседі. Егер сол санаулы оқушыларды жақын орналасқан жалпы мектептерге тасымалданса не мектеп-интернаттарға орналастырылса, балалардың сапалы білім алуымен қатар бюджет қаржысы да 265 миллион теңгеге үнемделеді екен.
Облыста басқарма басшыларының ауызша келісімімен мемлекет мүлкін жеке кәсіпкерлердің пайдаланып жатқандығы анықталды. Атап айтқанда Білім басқармасына қарасты 6 мекемеде – 7, Денсаулық сақтау басқармасына қатысты 11 мекемеде – 12, Дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты 2 мекемеде – 3, Мәдениет басқармасында – 3, барлығы 25 нысан келісімшартсыз кәсіпкерлерге жалға берілген.
Білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов 7 білім беру мекемесінің ғимараттары әр түрлі себептермен пайдаланылмай жатқандығын мойындады. Оның айтуынша, 6 колледждің жатақханалары да күрделі жөндеу жұмыстарының толық аяқталмауы себепті бос тұр. Ал, келісімшартсыз ғимараттарын жалға берген басшыларға шара көріліпті.
«Жаңа Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы айтып жатыр, ғимарат керек деп. Мынаның бәрі бос тұр ғой. Сонда бұл қалай? Кім жауапты? Қалай сонда бос тұра береді де басқа жақтан ақша сұрай береді? Мен түсінбеймін. Әрбір сол салаға қатысты басқарма басшысы және сол жердегі әкімшілік әрқайсысы бойынша жеке есеп берсін. Бұл мәселе бойынша әрбір басшының мемлекет мүлкіне немқұрайлылығына байланысты жеке жауапкершілігі қаралсын. Масқара ғой! Коммуналдық қызметтерді тиімді пайдаланбаған 10 кәсіпорын 400 миллион шығынмен шығып отыр. Барлығыңыз айтасыздар-айтасыздар, маған келіп тапсырма бересіздер. Мұндай басқарма басшыларының бізге керегі не?! Сіздердің құқықтарыңыз, құзыреттеріңіз бар, бәрін заң аясында жұмыс істеуде қолданыңыздар. Ондай болмаса, қысқарту қажет мұндай басқарманың бәрін, немесе басшысын ауыстыру керек. Бұл бір жыл бұрын айтылған нәрселер ғой. Коммуналдық меншікті тиімсіз пайдаланасыздар. Арнайы инспекторлар анық-қанығын тексеріп, нақтыласын. Мемлекет мүлкіне немқұрайлы қараған басшыларға заң шеңберінде қатаң жаза қолданылсын!» деді жиынды қорытындылаған Жансейіт Түймебаев. «Біздікі келгелі бері өңшең «разборка»! Масқара! Мұндай мәжіліс дүниенің ешбір мемлекетінде жоқ» деген әкім жасалған баяндамалардың ешбіріне көңілі толмағанын жеткізіп, баяндама жасаудың жаңаша бағытына көшуді, яғни нақты іс-шара жоспары жасалып, мәжіліс өткізудің тәртібін өзгерту қажеттігін міндеттеді.
Асылбек Құнанбайұлы,
Мұрағаттан, 2016 ж