Жансейіт Түймебаев: «Бизнеске біреу кедергі келтіретін болса, темір тордың арғы жағына кетеді»
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі
Шымкентте инвесторлар индустриялды аймақтан жер телімін алу үшін 68 құжатқа қол қойдыру керек. Қазір осы құжат рәсімдеуді жеңілдету үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, фронт-офистер жұмыс істей бастады. Мұндай мәліметті жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясаты» тақырыбында өткен семинар мәжілісте айтты.
Жиынға сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, облыстық басқарма, құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, діни конфессиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарының жетекшілері қатысты. Сонымен қатар, семинар жұмысын бейнеселектр арқылы қала және аудан әкімдері, мектеп директорлары мен бас дәрігерлер, жастар мен қоғам өкілдері, барлығы 1200-ден аса адам көре алды.
Жансейіт Түймебаев жиын барысында Түркияны мысалға келтірді.
-Түркия Қазақстан, Ресей сияқты шетелге темір, мұнай сатып күн көріп отырған ел емес. Бір ғана туризмнің өзінен жылына 40 миллиард доллар табыс табады. Бір Анталияның өзінде 10 мың жылыжай бар. Жеміс-жидекті Еуропаға, Ресейге, тіпті Қазақстанға да жібереді. Біздің облыс та дотацияда отырған өңір. Сондықтан қажетті тауарларды өзіміз өндіруіміз керек. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, субсидия бәрі де жеткілікті. Ал енді осы бизнеске біреу кедергі келтіретін болса, темір тордың арғы жағына кетеді,-деді облыс басшысы.
Облыс әкімі кәсіпкерлердің мәселесін шешуде шенеуніктер тарапынан созбалаңға салу көптігіне тоқталды. Өз ісін ашқысы келетіндер жеңілдетілген несие, субсидия алу үшін сегіз айға дейін құжат рәсімдейді. «Дәл мұндай кедергі әлемнің еш жерінде жоқ» деді Жансейіт Қансейітұлы. Өңір басшысы тіпті үндемей аудандарды аралап, кейбір келеңсіздіктерді суретке түсіруді тапсырғанын да жария етті. Аудандарға жасаған іс-сапары барысында осы суреттерді көзге шұқып көрсетіп те жүр.
Жансейіт Түймебаев әсіресе, білім саласындағы сыбайластыққа ерекше тоқталды:
-Аттестациядан өту, директор тағайындау бәрі ақшамен шешіледі, бір ставканы екі-үшке бөледі, масқара емес пе? Бізде қосымша мәліметтер бар. Оқу орындары қажетті мамандықтарды ғана оқытуы керек. Қалғанын қысқартсын,-деген Ж.Түймебаев әр оқу орны өзінің бағдарламасын жасасын деген тапсырма берді.
Жиын барысында облыс басшысы жиналғандарға әр сала бойынша «досье» жиналып жатқанын мәлім етті. Осы мәліметтердің негізінде дайындалған фильмді уақыты келгенде көрсетеміз деді.
Бұл қандай досье, облыс әкімінің шенеуніктерге уәде еткен фильмінде нендей фактілер бар? Фильм жалпы көпшілікке арналған ба, әлде жабық ортада ғана көрсетіледі ме? Бұл жағы енді әзірге белгісіз болып тұр.
Мұрағаттан, 2016 ж