Депутат Сопбеков не үшін сотталды?
Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбековке үкім шығарды. Осылайша пара берді деп айыпталған халық қалаулысына қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Нүкте қойылды дегеніміз артықтау болатын шығар, себебі сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Дегенмен алғашқы сатыдағы сот төрт ай бойы жүргізілген іске өзінің төрелігін айтты. Үкімге Сопбеков апелляциялық шағым береді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Жалпы, өтіп бара жатқан мешін жылы Амангелді Сопбеков үшін ауырлау болған сияқты. Облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты атанып жүрген оның биыл наурызда өткен сайлауда біраз шытырман оқиғаны бастан кешкені рас. Оның саяси додаға бұл жолы Шардара ауданынан ат қосқаны, сайлау комиссиясының отырысы өткелі жатқан ғимаратқа басып кіріп, үстіне белгісіз сұйықты құйып өртеймін деп қорқытқан әрекеті ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ. Сопбеков өзінің талабын қалай, қандай жолмен қойса да ақыры өз дегеніне жетті. Сайлауда қарсыласынан екі есеге жуық басым дауыс алып, мәслихаттың мандатын кезекті рет иеленді. Рас, кейінірек өз-өзін өртеймін деп қорқыту дерегі бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, сәуірде оның қысқартылғаны белгілі болған. Алайда бұл жолы Сопбековтың дегені бола қоймады. Дұрысы болдырмаған сыңайлы.
Жасыратыны жоқ, Амангелді Сопбеков білім саласында тәжірибесі бар басшы. Медаль, төсбелгінің иегері. Мәслихатта да ол өте белсенді депутаттардың бірі ретінде танылған. Қайырымдылығымен де аты шыққан азамат. Оның Сарыағаш ауданында су тасқынына ұшыраған халыққа алғашқылардың бірі болып көмек бергені, жоқ-жітікке жасаған жанашырлығы уақтысында көп айтылған. Сопбековтің сотталып кетуіне осы «мырзалығы» себеп болды ма деп те ойлайсың. Сөзбұйдаға салмай, енді мәселенің мән-жайына тоқталсақ.
Бізге Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының соталушы А.Сопбековке қатысты шығарған үкімімен танысып шығудың сәті түскен еді. Үкімге қарағанда 2016 жылдың сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы барлық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне грант үлестіру үшін құжат қабылдауды бастаған. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры А.Сопбеков 650 грантқа сұраныс берген. Бір айта кетері, сотта куә ретінде жауап берген облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажановтың айтуынша колледж алдыңғы жылы да осыншама көлемде грант алған. Сопбеков гранттарды осы көлемнен кемітпеуді сұранады. Алайда бұл жылы политехникалық колледждің сұранысы толық қанағаттандырылмаған. Грант 350-ге төмендетіледі. Бұл неге байланысты? Грантқа қойылған талап-тәртіптің өзгергенімен бе, әлде басқарма басшылығында болған ауыс-түйіспен бе? Бұл жағы беймәлім. Грант кеміген соң Сопбеков басқарманы жағалай бастаған.
Ол басқарма басшысы Қ.Құлажановқа, оның орынбасары, жұмысшы тобының төрағасы Е.Бұрхановқа және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы, грант орындарын айқындайтын комиссияның хатшысы Л.Жүніске келіп, 650 грант орындарын беруді, бермеген жағдайда оқытушыларының қысқартуға түсетінін және қысқаруға түскен оқытушылар көтеріліс жариялайтынын айтады. Сот үкіміне қарағанда Сопбеков заң шеңберінен тыс әрекеттерге де барған. Лауазымды қызметкерлерге арыз ұйымдастырып, жұмыстан босатуға ықпал жасайтынын айтып қорқытқан, ұялы телефонға хабарласқан, смс хабарлама жолдауын тоқтатпаған. Тағы бір жолы ол қол астындағы қызметкері А.Бекболатұлы арқылы Л.Жүніске Бас прокурорға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының төрағасына және басқа да құзырлы органдарға басқарма қызметкерлерінің грант орындарын бөлудегі заңсыз іс-әрекеті туралы қорқытып жазған арызының жобасын беріп жіберген. Л.Жүніс бұл арызды Е.Бұрхановқа көрсетеді.
Басқарма басшысының орынбасары Е.Бұрханов алғашқыда бұл мәселені заңды жолмен, өзара келісіммен шешуге тырысқан. Ол объективті шешім қабылдау мақсатында жұмысшы комиссиясын құрып, колледжге зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Осы топ колледжге келмес бұрын А.Сопбеков шенеуніктердің «аузын майлау» туралы жобасын жүзеге асыруға кіріскен. Неге? Осыған қарағанда колледж 650 грантты қабылдауға дайын болмаған ба деген күдік те ұялайды. Екіарада «елшілік» қызметті А.Бекболатұлы атқарған. Алғашқы ставка 5 миллион теңгеден басталған. Алайда Е.Бұрханов та, Л.Жүніс те парадан бас тартады. Бірде Л.Жүніс Сопбековтың пара ұсынып, оның соңы тіпті қорқытуға да ұласқанын Е.Бұрхановқа айтады. Е.Бұрханов заңсыз әрекет жөнінде облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Ә.Байсыновқа қызметтік хат жазуды тапсырады. Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл департаментіне де арыз берілген.
Бір қызығы, үкімге қарағанда А.Сопбеков Л.Жүністің арызданып жүргенін білген. Білсе де ол пара ұсыну әрекетінен бас тартпаған. Енді ол хатшыға гранттардың санын 450-ге көбейтіп беруді сұранып, сол үшін 1 миллион теңге пара ұсынған. Екіарадағы «сауданың» ақыры 500 грантқа - 3 миллион теңге параға жеткен.
26 шілдеде А.Сопбеков колледждің бөлім меңгерушісі А.Бекболатұлы арқылы білім басқармасының бас маманы Л.Жүніске грант орындарын 500-ге көбейтіп беру үшін «Нұрсәттегі» бір үйдің алдында 3 000 000 теңге ақша қаражатын қолма-қол береді. Ұлттық бюро артынша А.Сопбековті ұстау операциясын жүргізген.
Болған оқиғаның қысқаша мән-жайы осындай. Сот барысында Сопбеков кінәсін мойындамаған. Ол Л.Жүніспен бұрыннан таныс екенін, екі жыл бұрын екіарада жер телімін алу-сату келісімдері болғанын, осы келісімдердің ақырында Л.Жүніске 3 миллион теңге берешек болып қалғанын, берілген 3 миллион теңге осы қарыз екендігін алға тартады. Сопбеков осы сөздерін айғақтайтын екі-үш азамат та сотқа куәлік берген. Алайда сот оның бұл уәжіне сенбеген.
Сот үкімімен Амангелі Сопбековке мүлкі тәркіленіп, білім беру саласындағы мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметін атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 30 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 90 миллион теңге айыппұл жазасы тағайындалды.
Амангелді Сопбеков тергеу амалдары аяқталып, ісі сотқа өткен соң, депутат ретінде облыстық мәслихаттың сессияларына қатысып жүрген болатын. Алдағы уақытта да қатыса береді ме? Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңы бойынша егер қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін депутатқа қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енсе, онда мәслихат депутатының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылатыны жазылған. Яғни, А.Сопбековтың депутаттық мандатының тағдыры дәл қазір қыл үстінде тұр деген сөз.
Жәнібек Тархан,
«Рейтинг» газеті №47, 8 желтоқсан 2016 жыл