Батырбек Көшербайдың жылдық табысы 5 434 547 теңге

Oinet.kz 05-08-2019 1020

14641961_1088741277908877_4498925251827489254_n-1.jpg

Мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің мүлкі мен кірісі жайлы мәліметтерді жариялап тұру  міндеттілігін Елбасы қадап тұрып айтқан болатын. Бұл  «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Өзіңнен баста!» акциясы арқылы іс жүзінде де көрініс тапты. Әйткенмен, ел күткендей емес, көптеген лауазым иелерінің табыс декларациялары құпия күйінде қалып отырғаны шындық.  

Жалпы, Қазақстан билігі 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің барлығы «активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны» тапсыруға міндетті болады деп мәлімдеген. Жоспар бойынша келесі жылы табыстары және мүлкі туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер, қызметкерлер, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар, депутаттар, судьялар, ал 2020 жылдан бастап - барлық қалған азаматтар тапсыруға тиіс.  Әйткенмен, биыл парламент жазғы демалысқа кетерден бұрын  бір топ  депутаттар Үкіметке кірісті декларациялау мерзімін кейінге шегеру туралы ұсыныс жасаған. Соған қарағанда, жауапты қызметтерді атқарып жүрген азаматтардың дені жеке табысы жайлы мәліметтерін көпшілікпен бөлісуге асығар емес сияқты.

Бұл тұрғыда бізді «Оңтүстіктегі атқамінерлер мен лауазым иелерінің табысы қандай» деген тақырып қызықтыра түсті. Табыс декларациясы мәселесіне келгенде әуелі Батырбек Көшербайдың жеке мүлкі мен кірісіне қатысты ақпарат алуға талпындық. «Өзіңнен баста» акциясын бір қостаса, осы азамат қостар деген ойда болдық. Неге дерсіз? Айтайық.  Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментін басқару - қаржы мәселесіне қатысты үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік сатып алу саласында бюджет қаржысының мақсатты түрде әрі тиімді жұмсалуын осы департамент қадағалайтынын ескерсек, оның басшысы да жеке табыс декларациясын жариялаудан бас тартпайтын шығар деген ойда болдық. Шынында да, Батырбек Көшербай жылдық табысы мен банктегі жинақталған жеке қаражаты жайлы ақпаратты жасырмады. 

2015 жылғы табыс декларациясы бойынша, Батырбек Көшербайдың жылдық табысы 5 434 547 теңгені құраған екен.   Ал 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл азаматтың банктік есеп-шоттарындағы қалдықтарының көлемі келесідей: «Сбербанк» АҚ карталық шотында -  62877 теңге, «Халық банкіндегі» карталық шотта – 851561 теңге, ал «Қазкоммерцбанк» АҚ карталық шотында 10754 теңге болған. 

- Менің пікірімше, табыс декларациясын  жариялау – заман талабы. Бұл қадам қоғамдағы азаматтардың активтері мен кірістерін көлеңкеден шығаруға көмектеседі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте де маңызды рөл атқармақ. Осы арқылы еліміздегі қаржының ашықтығы қамтамасыз етілмек әрі  бюджетке түсетін түсімдердің артуына ықпал жасайды, - деп өз ойымен бөлісті Б.Көшербай. 

Шынында да, халыққа керегі – дүдәмал долбар мен болжам емес, нақты мәліметке сүйенген декларацияның жария етілуі. Оңтүстіктегі әкімдер, басқарма басшылары мен өзге де лауазым иелері үлгі алып, өз ынта-ықыласымен жылдық табыстарын, онымен қоса банктегі шоттарында жинақталған қаржысы жайлы мәліметін ашық түрде жарияласа екен дейміз. Олар осы қадамға барудан бас тартпаса, біз оны оқырманға жариялауға дайынбыз. Келесі кезекте кім айта алар екен? Күтейік! 

Мұрағаттан, 2016 ж

Депутат Сопбеков не үшін сотталды?
Дәурен Абаев: «Божко – қазақ жерінің нағыз патриоты, бұл шындық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу