Енді сайлауға қатыспағандар айыппұл арқалауы мүмкін

Oinet.kz 22-01-2026 72

Қырғызстанда сайлауға қатыспаған азаматтарды айыппұлмен жазалау, ал дауыс бергендерді түрлі жеңілдіктермен ынталандыру көзделген заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл туралы Oinet.kz порталы  24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

image.png

Заң жобасына сәйкес, сайлауға алғаш рет келмеген азаматқа тек ескерту жасалады. Ал екінші рет қатыспаған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл мөлшері әзірге нақты белгіленбеген. Егер азамат орынды себепсіз үш сайлау қатарынан дауыс бермесе, ол сайланбалы қызметтерді атқару құқығынан және мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал.

Депутат Марлен Маматалиевтің айтуынша, сайлауға жүйелі түрде қатыспайтын азамат мемлекеттік қызметкер болуға лайық емес.

— Егер адам өз елінің азаматы бола тұра сайлауға немқұрайлы қараса, мемлекеттік қызметте қалай жұмыс істей алады? Дауыс берген азаматтарды ынталандыру қажет. Мысалы, мемлекеттік ипотекалық тұрғын үй сатып алуда жеңілдіктер беру, лотерея ұйымдастырып, сыйлықтар ойнату ұсынылып отыр. Соңғы 15 жылда сайлауға қатысу деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді, — деді депутат.

Заң жобасында ынталандыру шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, дауыс берген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті қызметтер үшін төлемдерде жеңілдіктер беру, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы кадрлық резервке енгізу кезінде артықшылық жасау жоспарланған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қашықтан дауыс беру мүмкіндігіне қарамастан, азаматтардың сайлау белсенділігі төмен болғанын атап өтті.

— Ашық әрі мөлдір сайлау өткізсек те, соңғы науқанда қатысу деңгейі күткен межеге жетпеді. Жағдай жасалғаннан кейін сайлауға қатысу көрсеткіші кемінде 70 пайызға жетеді деп күткен едік, — деді ол.

Президент мақтаған үш әкім: Конституциялық реформа кеңесіне мүше болды
"Базарбектен артығы жоқ" - Депутат Бақытжан Базарбек вице-президент лауазымына ұсынылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу