Президент мақтаған үш әкім. Конституциялық реформа кеңесіне мүше болды
Президенттің Жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның ережесі мен құрамы бекітілді. Бұл туралы құжаттар Ақорданың сайтына жарияланды.

Комиссияға Президент бұған дейін Ұлттық Құрылтайда айтып өткендей, Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова жетекшілік жасайды (төраға). Ал оның орынбасарлары болып Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, вице-премьер-- Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, комиссия хатшысы болып Президент Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов бекітілді. Комиссия құрамына жалпы жүз отызға жуық адам кірген. Олар: Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихаттардың төрағалары, Қоғамдық кеңес төрағалары, мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, белгілі заңгерлер, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің, сарапшы және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері кіреді. Тізімде Оқу ағарту министрі, Ішкі істер министрінің орынбасары, Бас прокурордың орынбасары бар.
Ал өңір басшыларының ішінен тек үш әкімді көзіміз шалды. Бір қызығы, үшеуі де соңғы жылдары Президент Тоқаевтың мақтауын естіп, ерекше сеніміне ие болған шенеуніктер.
Оның біріншісі Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды. Дархан Амангелдіұлы бұған дейін Түркістан облысының әкімі болған. 2024 жылды күзінде өңірге келген сапарында Президент облыс басшысының атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, «әкімдеріңіз жақсы жұмыс істеп жатыр» деп атап өткен болатын. 2025 жылдың басында Д.Сатыбалды Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, ал былтыр жазда Алматы қаласының әкімі болды.
Комиссия құрамына кірген екінші әкімі — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек. 24 желтоқсанда Президент Астананы дамыту жөніндегі кеңес өткізді. Жиында Тоқаев әкім Жеңіс Қасымбекті әбден мақтады.
"Әкім Жеңіс Қасымбектен менің талаптарымды түсінетін адамды көрдім. Бұған дейін бұл мәселеде менің не талап етіп отырғанымды дұрыс ұққан адам болған жоқ", - деген еді Тоқаев.
Үшіншісі — Нұрлыбек Нәлібаев. Ал, 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қызылорда облысының дамуына жоғары бара беріп:
"Бұл әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі", - деген болатын.
Президенттің ерекше сеніміне ие болған әкімдердің енді жерде қалмасы бесенеден белгілі.


