Жұмашевтың үкімі өзгертілді. Енді оның орнын Орынов баса ма?

Oinet.kz 22-01-2026 333

Былтыр Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарған Ғалымжан Жұмашевтың ірі көлемде алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен тапқан мүлікті заңдастырды деген айыптармен 7,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталғаны белгілі. Жуырда осы істі Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы қарап, үкімді өзгертті.  

hq720.jpg

Рас, апелляциялық алқа бұл іс бойынша жаңа үкім шығарғанымен, сотталушыға тағайындалған жазаны өзгеріссіз қалдырды. 

«Жұмашев 2016 жылғы 11 қазаннан бастап 2019 жылғы 13 желтоқсанға дейінгі аралықта Дүйсенқызының білім беру саласындағы бизнесіне көмектескені үшін оның туыстарының, таныстарының және  қызметкерлерінің карточкалық шоттары арқылы ақша аудару жолымен одан 6 711 933 теңге алған. Қылмыстық әрекеттерін жалғастыра отырып, Жұмашев 2020–2021 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру кадрларын даярлауға мемлекеттік гранттар бөлу және «Риана» жекеменшік мектебін бюджеттен қаржыландыру мәселесін оң шешу үшін 2020 жылғы 21 тамыз бен 2023 жылғы 22 қазан аралығында бірнеше рет өзінің туыстарының, таныстарының және қызметкерлерінің карточкалық шоттарын пайдаланып, «Kaspі Bank» қосымшасы арқылы ақша аудару жолымен одан 50 558 000 теңге алған»,– делінген болатын алғашқы сатыдағы сот үкімінде. Дүйсенқызы бұл іс бойынша жәбірленуші. Ал Жұмашев бұл уақытта Ғылым және білім министрлігінде жауапты қызметтерді атқарған.  

Сот Дүйсенқызының осы іс бойынша тек үш эпизод бойынша жәбірленуші ретінде танылғанына сүйене отырып, оған Жұмашевтан 67 миллион 400 мың теңгені өндіруге үкім етті (оның 60 миллионы жәбірленушінің ұлы арқылы берілген қаражат).  Қалған ақшаларды Дүйсенқызы енді азаматтық тәртіп бойынша өндіріп алуы мүмкін. Алайда апеллциялық алқа жәбірленушінің Астанадағы коттеджін сатудан түскен 18 миллион теңгеге қатысты эпизодты қысқартты. Алқаның тұжырымы бойынша істің бұл бөлігі алғашқы сатыдағы сотта қайта қаралуы керек.  

Апелляциялық  сотта прокурор Жұмашевқа шығарылған үкімді өзгертіп, оны он жылға соттауды сұранған. Алайда жоғарыда айтылғандай Жұмашевтың мерзімі 7,5 жыл көлемінде қалды.  

Ғалымжан Жұмашев Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына 2023 жылдың күзінде тағайындалған болатын. Ол  осыдан екі жыл бұрын, 2024 жылың ақпанында қамауға алынды. Сол екі жылдан бері басқармаға жаңа басшы тағайындалған жоқ.   

Заң бойынша апелляциялық алқаның төрелігінен кейін сотталушыға шығарылған үкім күшіне енеді. Енді басқармаға дені дұрыс, басқарушылық қабілеті жоғары, ары да, қолы да таза басшы тағайындалады деген үміттеміз. Мұны айтып отырған себебіміз, білім басқармасына тағайындалған соңғы үш басшы да қызметінен дау-дамаймен, қылмыстық істер бойынша кетті (Рақымбек Жолаев, Дінислам Болатханұлы, Ғалымжан Жұмашев).   Білім басқармасында қазір басшының міндетін атқарушы қызметін Ғалымжан Орынов атқарады. Жұмашевтың орны жұрт жылы пікірін білдіріп жүрген Орыновқа бұйыруы әбден мүмкін.  Әліптің артын бағып көрейік. 

"Рейтинг" газеті

Кентауда кәмелетке толмаған екі қызға қатысты зорлық жасаған ер адам қамауға алынды
Президен мақтаған үш әкім. Конституциялық реформа кеңесіне мүше болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу