«Лайк» баспағандарға ескерту: Орталық басшысы тәртіптік жауапқа тартылды

Oinet.kz 18-04-2025 58

488048880_9492492760869060_3485318566619421712_n.jpg 

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығы жетекшілерінің фейсбуктегі жарияланымдарға лайк баспаған қызметкерлерге ескерту бергені қоғамда қызу талқылануда. Осыған байланысты аталған орталықтың жұмысына жетекшілік жасайтын Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова пікір білдірді. Ол осы оқиғадан кейін орталық қызметкерлерімен кездескен.   

--Бұл – жұмыс барысында туындаған ішкі мәселе. Мұндай жағдайларды әдетте жұмыс тәртібімен, сабырмен шешуге болар еді. Бірақ, өкінішке орай, қазір тренд басқа – алдымен әлеуметтік желіде шу көтеріп, кейін барып мәселені талқылау. Онымен қоса, көп жағдайда кім бірінші айқайласа, сол адамдікі «дұрыс» болып шығады. Алайда практикада бәрі олай бола бермейді. Бұл әрекеттердің жасалу мақсаты түсінікті. Бірақ біз арандатуға ермейміз. Мені таңғалдырғаны – неге қазір блогерлер немесе әлеуметтік желі арқылы ғана жүгіну «дәстүрге» айналып бара жатыр? «Қоғам талап етуде» деген сылтауды қосады. Мен үнемі байланыстамын. Әсіресе, жастар мен әйелдерге қатысты мәселе болса – ешқашан шет қалған емеспін. Сондықтан мұндай «шоуды» жасаудың не қажеті бар? Иә, бұл жағдай бойынша Жастар ресурстық орталығының басшысы шектен шыққаны белгілі. Қызметкерлерді лайк (лүпіл) басуға мәжбүрлеу – дұрыс емес. Егер шынымен әлеуметтік желідегі белсенділік маңызды болса, басымдықты жақсы контент жасауға бағыттаған жөн. Сонда лайк (лүпіл) та, қолдау да өздігінен келеді. Осыған байланысты Орталық басшысына тәртіптік шара қолдану туралы шешім қабылданды.

Ал енді пост жазғандарға бір сұрақ: егер дау маған бағынысты мекемеде, екі адамның арасында, болған болса, оған әкімнің суретінің қандай қатысы бар? Тағы бір рет нақты айтқым келеді: мен әрдайым диалогқа ашықпын. Тыңдауға, сөйлесуге дайынмын. Бірақ тек өзара сыйластық сақталған жағдайда – кәсіби этикаға, сөйлесу мәдениетіне және бір-бірімізге деген құрметке нұқсан келмеген кезде ғана. Ал бір ұжымда екі адам тіл табыса алмай қалды екен деп, бүкіл Шымкент әкімдігін дүрліктіру дұрыс емес,-деп жазды Ә.Жұмағұлова әлеуметтік желідегі парақшасында.

 


Ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және пайдалануға берудің тәртібі қандай?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу