Н.Нәлібаевқа ағасының бағы бұйыра ма?

Oinet.kz 30-01-2025 48

b7ffd7cb3291238e9e8aba6a4d3d7393_1280x720.jpeg

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық көрсеткіштер бойынша алға шығып, жылдың үздік әкімі атанды. Бірақ бұл жылт еткен жаңалық әлеуметтік желілерде ғана тарағаны болмаса Ақорда мен Үкіметтің сайттарында немесе басқа да ресми БАҚ-тарда ең үздік әкім туралы ешқандай ақпарат берілмеді.

Одан бөлек республикалық «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевты 2024 жылғы «Жыл адамы» деп тапты. Үздікті анықтау дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары арқылы өткізілген көрінеді. Сөйтіп сарапшылар шешімімен «ЖЫЛ ӘКІМІ – 2024» байқауының жеңімпазы болып Қызылорда облысының әкімі атанды.

Бір қызығы дәл осы кезде әлеуметтік желілерде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті де «Жылдың үздік әкімі» атануымен көпшілік құттықтап жатты. Бұл үздіктерді қандай ұйым анықтады, неге «Ең үздік әкім» номинациясы екі әкімге қатарынан берілді, шынында қайсысы алда, қайсысы лайықты, бұл туралы ешқандай ақпарат та, түсінік те берілген жоқ.

Бірақ бір нәрсе анық, Сыр елінің тізгінін ұстағанына көп бола қоймаған Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмысы туралы ел ішінде жақсы пікірлер жиі естіле бастады. Қызылорда облысы әкімінің батылдығы, іскерлігі, жаңашылдығы жайлы да соңғы кездері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі жазылып жүр. Ал, бұған дейін Нәлібаев туралы не жазылмады десеңізші...

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып 2022 жылдың 7-сәуірінде тағайындалды. Оған дейін Үкіметте бірқатар қызметтер атқарды. 8,5 жыл Қызылорда қаласының әкімі креслосында отырды.

Алайда қаңтар оқиғасы өткен жылдың сәуірінде тағайындалған су жаңа әкімнің облыс басқарудағы қадамы ә дегеннен сәтті болды деп айту қиын. Сол жылдың жазында Алматы қаласының қымбат ресторанында баласының үйлену тойын өткізген Нәлібаев ақпарат құралдарының қызу талқысына түсті. The Ritz-Carlton Almaty мейрамханасында өткен тойға Қызылорда облысының әкімі 265 миллион теңге жұмсады деген ақпараттар жарияланып, бір белсенділер Президент Қ. Тоқаевқа арнайы хат жолдап, Нәлібаевтың отставкаға кетуін талап еткен петицияны бастап кеп жіберді. Петицияны жариялаушылар Сапарбаевтар әулетінің дүние-мүлкін де түгел жария етіп, бастан-аяқ тексеруді талап етті. Бірақ бұл бастама соңына дейін жетпеді.

Нұрлыбек Машбекұлының қымбат дүниелерге байланысты дауға ілігуі бір бұл ғана емес. Бұған дейін де ақпарат құралдарында Нәлібаевтың қымбат сағат тағып алған суреті жарияланып, тағы да әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Әкімнің қолында 20 мың доллар тұратын Rolex сағаты еді. Үкіметте өткен бір жиыннан кейін журналистерге сұхбат берген Нәлібаев қымбат сағат туралы түсініктеме беруден қашқақтап, «тағы бір жиналысым бар еді» деп асығып кетіп қалғаны тіптен отқа май құя түсті.

Тіпті Нәлібаевтың сағаты үшін түсініктемені Премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Ералы Тоғжанов беріп, Қызылорда облысының әкіміне тәртіптік жаза беріле ме, жоқ па, ол жағын Президент шешетінін жеткізді. Ал, Нәлібаев қымбат сағатпен түскен сурет 2016 жылы түсірілгенін, яғни, ескі сурет екенін, мемлекеттік қызметке дейін де кәсіпкерлікпен айналысқанын, жап-жақсы табыс тапқанын жұқалап айтқаны бар.

Нұрлыбек Нәлібаевтың Бердібек Сапарбаевқа қарағанда бір ерекшелігі – өте батыл, өте шалт, өте сенімді қимылдайды. Жасыратыны жоқ, Бердібек Машбекұлы көптің көңіліне қарайтын дипломат адам, жеті рет өлшеп бір-ақ рет кесетін сабырлы басшы ретінде танылған. Ал, Нәлібаев тәуекелшіл. Шыны керек, қатал. Аздап тентектігі де бар. Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындала салысымен көп ұзамай 24 басқарманың 8-ін қысқартып 16-ға түсірді. Және аудан, қала әкімдерінің штаттағы және штаттан тыс кеңесшілерінің барлығын қысқартты. Оның «Әкімнің кеңесшісі ең алдымен – халық» деген сөзі баспасөз беттерінде жап-жақсы жарнамаланды.

Әйтсе де Нәлібаев тағайындаған кадрларға байланысты айқай-шу болмай қалған жоқ. Бұл жолы Сыр елінің басшысына өзінің туған-туысқандарын, жақын таныстарын қызметке тартып жатыр деген айып тағылды. Мысалы, облыстық білім басқармасына жаңадан басшы болып тағайындалған Асқарбек Есжанов әкімнің жақын танысы болып келеді.

Астанада өткен брифингте осы сұрақ қойылған болатын. Нәлібаев бұл сұрақтан да жалтарған жоқ.

– Мен осы Қызылордада туып-өстім. Көптеген әріптестерімді жақсы танимын. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келемін. Тек Асқарбек Есжановты ғана емес, көптеген мемлекеттік қызметкерлерді, кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдерін, басқа да азаматтарды жақсы танимын. Сондықтан менде туысқандық, таныстық қасиетке қарап қызметке тарту мүлдем жоқ. Іскерлік қасиеті, білімі, тәжірибесіне қарай қызметке қойып жатырмын,– деп жауап қатты.

Нәлібаевтың Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының қаржылық мәселелеріне байланысты қабылдаған шешімі де ақпарат құралдарына біраз азық болды. Бұл жолы да Нәлібаев әдеттегідей өз ерекшелігімен танылып, біраз ұпай жинап, қарапайым халыққа сүйкімді бола бастағаны анық. БАҚ өкілдері клуб ойыншыларының соңғы үш айдан бері жалақы алмағанын айтып, жағдайдың қалай шешілетінін сұрағанда облыс әкімінің: «Клуб басшылары маған келіп, бюджетті көбейтейік, 1-2 орындарға таласамыз деп айтады. Футболға 5 млрд теңге бөліп, чемпион болмай-ақ қойдым. Біз қазір ауыл спортына көбірек көңіл бөліп жатырмыз»,– деген жауабына сүйсінбеген адам жоқ.

Нәлібаев туралы тағы бір шулы мақала Түркістан қаласының креслосына елордадан, бұған дейін бір күн де әкім болып көрмеген Әзімбек Пазылбекұлы келіп отырған кезде жазылды. Түркістан қаласының су жаңа әкімінің аты-жөні, тегі құжаттарда Әзімбек Пазылбекұлы деп  жазылған.

Марқұм Бердібек Сапарбаев облыстың әкімі болып, Оңтүстікте атақ-абыройы асқақтап тұрған кезде «Қызылордада Бекеңнің туған інісі ГАИ-дың бастығы, қонақ болып барған шымкенттіктерді жата жастана күтіп, шекараға дейін шығарып салады екен» дегенді талай рет құлағымыз шалып еді. Әзімбек Пазылбек осы көрші облыста ГАИ-дың бастығы қызметін атқарған Пазылбек көкеміздің ұлы болып шықты. Иә, марқұм Бердібек Сапарбаевтың, қазіргі уақытта Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың немере інісі. Яғни, ақпарат құралдары бұл тағайындаудың артында Нәлібаевтың тұрғанын, бұл ауыс-түйіс соның ықпалымен жасалғанын жазып жатты.

Сонымен, Сапарбаевтар әулетінде тағы жаңа саясаткер пайда болды. 

Әрине, Сапарбаевтар әулетін ел жақсы біледі. Бердібек Сапарбаев уақтысында Қызылорда облысының әкімі болған. 1999 жылы Шымкент өңірінде газ бен жарықтың тақсіреті шектен шығып бара жатқан тұста Президент оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болу міндетін жүктеді. Аумалы-төпкелі, қиын-қыстау кезде бұл міндетті абыроймен атқарды. Ақпарат құралдарында «спецназ Сапарбаев» атанған, одан кейін үш облысты басқарған Сапарбаевты жұрт кетер кезде әуежайға дейін қимай шығарып салды. Қалай айтсақ та Бердібек Сапарбаев әзірге бес бірдей облыстың тізгінін ұстаған жалғыз шенеунік.

2022 жылдың 7-сәуірінде Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысы әкімінің қызметінен босатылса, тура сол күні Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалып, әкімдік эстафетаны ары қарай жалғастырып әкетті.

Енді соңғы кездері сөзімен де, ісімен де ерекшеленіп, көзге түсе бастаған Нұрлыбек Нәлібаевқа ағасының жолымен жүру бақыты бұйыра ма, жоқ па, қалай ойлайсыз?

Оралхан ДӘУІТ,

«Рейтинг» газеті, 29 қаңтар 2025 жыл.

4ea97b189e6e217883c69844a80061b6_original.484873.jpeg

 300077033_365207955800455_1558079060076244908_n.jpg

1584536447_90030765_2513996498867093_7727734110784847872_n.jpg

МӘМС: Сапаны жақсарта ма, сарсаңға сала ма?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу