МӘМС: Сапаны жақсарта ма, сарсаңға сала ма?

Oinet.kz 29-01-2025 46

Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің іске асып келе жатқанына биыл 5 жыл болды. Бұл жүйе еліміздің медициналық қызметтерді қаржыландыру тәсілін түбегейлі өзгертіп, халқымызға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруды мақсат еткен болатын. 

Screenshot_4.jpg

Десе де МӘМС айналасындағы даулы мәселелердің азаятын түрі жоқ. Мысалы жүзеге асып келе жатқанына 5 жыл болса да, көптеген азаматтар МӘМС жүйесінің жұмыс принциптерін әлі де толық түсінбейді. Одан бөлек МӘМС арқылы халық медициналық қызметтің бәріне бәрдей жүгіне алмайтыны тағы бар. МӘМС-тің қаржыландыру жүйесі, бағасы, оны кез келген кезде қажетіне жарата алмауы да өз алдына даулы тақырып. Ал МӘМС арқылы алатын медициналық қызметтердің сапасы төңірегінде әңгіме тіптен ұзақ. Жақында осы және басқа да мәселелерді талқылау үшін Үкімет сағаты өткен болатын. Депуттардың сауалына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді.

Сол Үкімет сағатындағы өз баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейінгі 10 жылда денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында жүргізілген бірқатар ауқымды реформаның нәтижесінде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң нәтижеге ие болғанын айтты. 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, яғни 1 трлннан 2,9 трлн теңгеге дейін. Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскенін айта кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34%-дан 28%-ға дейін азайды, - деді министр.

Сондай-ақ сала басшысы былтыр 5 бейін бойынша тарифтерді ұлғайту бағытына басымдық беріліп, соның арқасында медициналық ұйымдарда көрсетілетін көмектің сапасын едәуір арттыруға, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бергеніне тоқталды.

Алайда Әлназарованың сақтандырудың сапасы жақсарып келе жатқаны туралы баяндамасына депуттардың түгелге жуығы келіспейтінін білдірді. Олар Үкімет сағатында МӘМС жүйесіне қатысты әрқилы мәселелерді ортаға салып, министрге өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов аталған жүйеге қатысты бірқатар заңбұзушылықтардың бар екенін ашық айтты. Ол МӘМС жүйесін түбі тесілген қайыққа теңеді. 

– Өзенде жүзіп келе жатқан, бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына, қолына шелекті алып, сол суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңе бермейді. Су азаймайды, қайық суға бата береді. МӘМС саласындағы жағдай да дәл осындай. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр, - дейді ол. 

Сонымен қатар Аймағамбетов аталған саладағы жүйелік мәселелер мен бірнеше заңбұзушылықтарды атап өтті. Оның айтуынша, медициналық сақтандыру қоры тиімсіз жұмсалған қаражат пен жалған есептерге толы.

– МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың қалай тісін қанқұрттан емдеуге болады?!  Басқа бір адамның 82 тісі емделіп, соған ақша берсін деп қорға тиісті есеп берген екен. Бір күнде бір адамға бір аурухана 32 адамға қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. МӘМС бойынша қаржыландырған қызметті өзі артық қызмет көрсету мен қаржыландыруға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық протоколдар бұлыңғыр және ашық емес. Бұрын остеохондрозды рентгенсіз анықтайтын. Қазір енді остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ, ары қарай басқа талдаулар жүргізіледі. Неге, өйткені мұның барлығы ақша табудың жақша ішінде заңды жолы». Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетсе, клиника соғұрлым көп ақша табады. Жалпы төлемдердің тек 1%-ына тексеріс жүргізілген, кейбір клиникалар тәуекелдерден қорықпай осындай шараға барып отыр. Осындай бей-берекетсіздік біреу үшін тиімді болып отыр ма деген ой бізді мазалайды, - деді Мәжіліс депутаты.

МӘМС жүйесіндегі көптеген олқылықтар мен тиімсіздіктер халық пен Үкімет арасындағы арақашықтықты одан әрі алшақтатып жіберген сияқты. Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева да кіріспе сөзінде күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталып, жылдың басында депутаттардың халықпен кездесуінде еліміздің барлық өңірінде медициналық қызмет көрсетудің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендігі туралы көп шағым болғанын жеткізді.

– Бұл мәселе сарапшылардың қатысуымен 2024 жылы желтоқсанда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында жанжақты талқыланған. Қоғамдық палата коммуналдық шығыстардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрі-дәрмектердің бағасының өсуі, басқа да шығындарға байланысты медициналық қызметтер үшін тарифтерді қайта қарауды ұсынды. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласына бағытталған қаражаттың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне көңілі толмай, қанағаттану деңгейі төмендеп барады, - деді Д.Еспаева.

Одан бөлек депутат медициналық қызмет көрсетудің тарифтері мен сапа төмендігіне тоқтап, тіптен МӘМС қызметіне қазақстандықтардың тең жартысының көңілі толмайтынын айтты. 

– Мәселен, соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсіп жатқаны туралы үнемі есеп береді. Олардың деректері бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен, - деді Д.Еспаева. 

Еспаеваның сөзіне сенсек, МӘМС-ке құйылатын бюджет саны көбейгенімен, қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпей тұр. 

– Тіпті кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажеттіліктің жоқтығына қарамастан тағайындалған. Аталған саланы қаржыландыру көлемі ұлғайса да шешімін таппаған жүйелі проблемалар әлі бар. Олар – халықтың осы жүйеге, оның тиімділігіне деген сенімін жоғалтуға соқтыратын, тұрғындардың міндетті әлеуметтік сақтандыруға деген қызығушылығының төмендігі; қаржыны басқарудағы кемшіліктерге, қосып жазуға, бұрмалаушылықтарға әкелетін саланы цифрландыру деңгейінің әлсіздігі; көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлеу кезінде әкімшілік қиындықтарға әкелетін екі қаржыландыру пакетін бөлудің анық болмауы; медициналық қызметтерді тұтынудың артуына, инфляцияның өсуіне және медициналық қызметтерге төмен тарифтерге байланысты саланың жеткіліксіз қаржыландыруы, - деді депутат. 

МӘМС жүйесінен халықтың көңілі қалғаны сонша, Үкімет сағатында жүйе толық қалпына келгенше жұмысын мүлде тоқтата тұруды сұраған депутаттар да болды. Мысалы мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының айтуынша, МӘМС елді сарсаңға салып қойған сапасыз жүйе. 

– Халық қайда барып ем аларын білмейді. Сондықтан менде мынандай ұсыныс: министр ханым, онсыз да басы қатып жүрген елдің басын қатырмай, мүмкіндік болса, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше МӘМС жүйесін неге тоқтата тұрмасқа?! Өйткені біздің елімізде 20 млн адам бар, оның 3,5 млн адамы тіркелмеген. 16 млннан аса адам қалады. Оның ішінде 14 млн адамның медициналық шығынын мемлекет көтереді. Сақтандыру төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады.  Оны басқаша бір емдеудің жолын табармыз. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек, - деді Аралбайұлы. 

Депутаттың бұл ұсынысын қолдауды Асхат Аймахамбетов популизм деп бағалады. Айтуынша әлем елдерінің бәрінде дерлік сақтандыру жүйесі бар. Сондықтан бізге де МӘМС жүйесі керек. Алайда, жүйе халықтың көңілін әбден қалдырып қойған. 

– Мен, әрине, бәрін тоқтатайық деп айтуыма болар еді, бірақ бұл менің тарапымнан жауапсыз мәлімдеме болар еді. Бұл жай популизм болар еді.  Ал мен онымен айналысқым келмейді. Біз жауапты азаматтар ретінде бүкіл әлемде сақтандыру жүйесі бар екенін түсінеміз. Алайда қандай модель жүзеге асырылды, қаншалықты тиімді осы жағын қарау керек. Өкінішке орай, бұл бізде тиімсіз болып отыр. Әрине, мен миллиондаған лайктарды жинау үшін айтуыма болар еді. Өйткені біздің азаматтардың жүйеден шынымен көңілі қалған, - деді

Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы депуттардың көтерген мәселелеріне қарап, МӘМС жүйесінің халықтың көңілінің шыға алмай жатуына бір емес, бірнеше факторларға байланысты екенін байқаймыз. Мәселен, МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері көп азаматтар медициналық сақтандырудың принциптері, оның артықшылықтары, міндеттері және қызметтер туралы нақты ақпаратқа әлі де ие болмады. 

Ал депутаттардың жаппай көтерген мәселелерін тыңдаған Әлназарова 5 жылдық жүйенің әлі де жаңа екенін айтып ақталды. «МӘМС жүйесінің жеткен жетістіктері де аз емес. Жаңадан жасалған жүйе болған соң кемшіліктері де болып жатыр. Сіздермен бірлесе отырып, бұл кемшіліктерді жоямыз деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстарды бастап кетті. Сондықтан жүйені әрі қарай қолдап, жетілдіруді қажет етеді деп білемін», - деді денсаулық сақтау министрі. 

Расында да, бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет, медицина қызметкерлері және азаматтық қоғам арасындағы диалогты нығайту, жүйе қызметін жетілдіру мен қоғамда ақпараттық ағарту жұмыстары қажет-ақ.

Кіші Қожабаевтың соты басталды
Н.Нәлібаевқа ағасының бағы бұйыра ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу