Генерал Оспанов осыдан кейін де отставкіге кетпесе...
Тоқтар Төлешевке мемлекеттік төңкеріс жасау жоспарына қатысып, оған жәрдем бергендердің ұзын-саны 25-ке жетті. Бірақ олардың бәрінің аты-жөндері белгілі емес. Әзірге.
Дегенмен бұған дейін «сыра ханзадасына» сыбайлас болғаны үшін ұсталып, қамалғандардың қатарындағы Сәкен Айтбеков облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымынан мамыр айында босатылған болатын. С.Айтбековке тікелей бағынған криминалдық полиция басқармасының бастығы Кенже Оңдасынов, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Мәлік Байзақов, «Арлан» арнайы жасағының командирі Марат Әбдірахманов та жылы орнымен қош айтысты. «Тазалау» шаралары Төлешевтің ісімен байланысты екендігі ақпарат құралдарында айтылған еді. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Асқар Оспанов сол тұста республикалық ақпарат құралдарына берген сұхбатында жайлы креслосынан қуылған полицейлердің жай ғана қызмет бабын асыра пайдаланғанын, егер кінәсіздігі дәлелденсе, олардың ішкі істер органдарына қайта қабылдау туралы өтініш беретінін мәлімдегеніне қайран қалғанбыз.
Сөйтсек, генерал Асқар Оспанов оңбай қателескен екен. Облыстың бас полицейі біреуді ақтап алудан бұрын өзін қалай қара басып қалғанын түсіндіріп беруі керек сияқты. Осы дүйсенбіде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тоқтар Төлешевтің ісіне қатысты баспасөз мәслихатын өткізгені белгілі. Жиында бірнеше бап бойынша ауыр айып тағылған Т.Төлешевтің достарымен түскен суреттері де журналистердің назарына ұсынылды. Сол суреттердің ішінен Оспановтың таяуға дейін бірінші орынбасары болған Сәкен Айтбековтың Тоқтар Төлешевпен бір дастарханның басында, енді тағы бір жерінде Төлешевтің қызметтік кабинетінде отырған сәттерін байқадық. Тергеушілердің анықтаған дерегіне қарағанда Сәкен Айтбеков Тоқтар Төлешевтің тапсырмаларын орындап отырған. Осы тапсырмаларды орындау үшін қылмыс жасаған. Қай уақыттан бері? Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасын басқарған кезден бе? Әлде полицейлердің тәртібін қадағалайтын өзіндік қауіпсіздік басқармасына бастық болған кезден бе? С.Айтекбовтың 2013 жылы А.Оспановтың орынбасары лауазамына тағайындалғаны белгілі. Былтыр желтоқсанда бірінші орынбасардың креслосын иеленді. Әрине, ол қызметке Ішкі істер министрінің бұйрығымен тағайындалған шығар. Алайда ұсынысты бергі жақтағылар береді емес пе?
Міне, сол бергі жақтағылардың, генерал А.Оспановтың Сәкен Айтбековтың кім екенін, оның кімдермен байланыс жасап жүргенін, тіпті «серкелерден» тапсырманы кабинетіне барып алып келетін дәрежеге жеткенін білмеуі мүмкін бе? Департаменттегі қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың қылмыс әлемімен ауыз жаласып кетуі нені білдіреді? Бұл әрине, бірінші кезекте генерал Оспановтың осалдығын байқатады емес пе? Қарамағындағы қызметкері парамен ұсталса немесе өзге де жолмен сыбайлас жемқорлық әрекеті әшкере болғандықтан өз еркімен қызметінен кету туралы арыз жазған атқамінерлер аз емес. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық былай тұрсын Оспановтың қарамағындағы ол қызметке тағайындаған кілең лауазымды тұлғалар топ-тобымен мемлекеттік төңкеріс жасап президент Н. Назарбаевтың өзін тақтан тайдырмақ болған «Төлешовтің тірлігіне» байланысты айыпталып жатқан тұста да отставкіге кету туралы ойланбайтындығы нені білдіреді? Бізде бәрі бола береді дегенді ме? Шынтуайтына келсек, басқа басқа бірінші орынбасары билікті күшпен басып алмақ болған топтың ішінен табылған Оспанов отставкімен тыныш құтылып кетсе шүкіршілік етуі тиіс-ақ шығар сірә. Бұрын да жұмысын осалдатып жібергеніне қатысты ақпарат құралдарында Оспановтың отставкісі аз айтылып жүрмесе, енді осыдан кейін де қызметтің қызығын көре беруден қымсынбау дегеніңіз...арғы жағы айтпаса да түсінікті. Әлде...
Мұрағаттан, 2016 ж