Генералдың басына бұлт үйірілді

Oinet.kz 13-09-2024 1621

 duman-taev-696x401.jpg

Шуы бітпейтін Шымкенттің полициясында кезекті рет тұтқындаулар болды. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков телеграмдағы каналында жазды.

Журналистің жазуынша, 9 қыркүйекте Шымкент қаласы Полиция департаментінде у-шу болған. Сот санкциясымен департаменттегі қаржылық қамтамасыз ету  басқармасының басшысы мен  мемлекеттік сатып алу бойынша бас маман тұтқындалған. Бұл тұтқындаулар 400 миллион теңге жуық қаражаттың құрал жабдықтарын сатып алумен байланысты көрінеді. Ішкі істер министрлігі Шымкентте тұтқындаулардың болғанын растаған. Қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі  министрліктегі өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бірлескен тергеу тобы құрылған.

Қылмыстық іс «қаржы жымқыру» бабы бойынша қозғалған. Алайда оның аясы қаржы жымқырумен бітпейтін сияқты, екіарада  жоғары шенді офицерлерге пара беру фактілері бар көрінеді.  Пара берушілердің біреуін департамент дәлізінде ондаған миллион теңге пара салынған қорапшамен ұстағанға ұқсайды.

Телеграм каналдар тіпті осы оқиғадан кейін Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, генерал Думан Таевтың шұғыл Астанаға кеткенін, оның орынбасарларының тұтқындалғанын жазды.

Кейбір ақпараттарда жымқырылған қаржының көлемі 370 миллион теңге деп көрсетілген.

«Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеруді бастады, оның қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданады және кінәлілер заңға сәйкес жазаланады. Ішкі істер министрлігі кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік бойынша қағидатты ұстанымда», - делінген Ішкі істер минстрлігінің таратқан мәліметінде.

Ал әзірге Шымкент қаласының Полиция департаменті үнсіз.

Думан Таев Шымкент қаласының Полиция департаментінің басшысы қызметіне былтыр тамыздың соңында тағайындалған болатын.  Бұған дейін ол Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің бастығы, Ақмола облысының ішкі істер басқармасын басқарған.

Жалпы Таев Шымкенттің бас полицейі болғалы тәртіптің әлсіреп, сыбайлас жемқорлықтың күшейіп кеткені туралы әңіме бұған дейін қозғалған.  Бұл қылмыстық істің ақыры кімге барып тірелер екен?

Бұл тақырыпқа қатысты мәселеге біз қайта оралатын боламыз.  


Бас прокурордың орынбасары халыққа үндеу жариялады
Дональд Трампқа тағы қастандық жасалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу