Исаховтың үкімі өзгеріссіз қалдырылды

Oinet.kz 01-08-2024 406

whatsapp-image-2022-05-21-at-17.07.14-1-905x613-1-750x536.jpeg

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, 200 мың доллар көлемде пара берді деген айып бойынша сотталған Мақсұт Исаховтың берген апелляциялақ шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

  --Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылдың 20 мамырында Мақсұт Исаховқа қатысты шығарған үкімі өзгеріссіз қалдырылсын,  сотталушы М.Исахов пен оның қорғаушысы мен адвокатының апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын,--делінген Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының 25 шілде күнгі қаулысында.

Мақсұт Исахов Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сотталған ең жоғары лауазымды шенеунік. Бұған дейін Оңтүстікте талай аудан әкімі, басқарма басшысы сотталды, бірақ мұндай лауазымдағы атқамінердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы бірінше мәрте кездесіп отыр. Бұған дейін Шымкент пен Түркістанда 200 мың доллар (бұл дегеніңіз 90 миллион теңгеге жуық қаражат)  параны да ешкім беріп немесе алып ұсталған емес. 

Сот үкіміне қарағанда, М.Исахов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары бола тұра әкімшіліктің лауазымды тұлғаларына  қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен қозғалған іске байланысты Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің бірінші орынбасары Сарбасовқа істі қысқарту үшін аса ірі мөлшерде 200 мың АҚШ долларынан аса көлемінде пара беруге оқталған. Әкім орынбасары параны қозғалған қылмыстық істі қысқарту немесе оны антикорға беруді сұранған. 

--Сотталушының кінәсі куәлердің жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттері нәтижелерімен және басқада іс құжаттарымен дәлелденді,--делінген болатын сот үкімінен кейін таратылған мәліметте.

Сот жарыссөзіне абақтыдағы ауруханадан онлайн қатысқан Исаховтың өзі айғақтық заттар--бейнежазабалардың заңға сәйкес келмейтінін алға тартты. Ол тіпті өзін кадрлық-саяси мәселелердің құрбаны болғанын да мәлімдеген. Мұның қандай кадрлық-саяси мәселе екендігі жұмбақ күйінде қалды. Дегенмен Исахов пен Сарбасовтың арасындағы әңгімелердің бейнежазбалары  сотта негізгі айғақ ретінде қарастырылды.

Сотта прокурор Исаховты 8,5 жылға бас бостандығынын айыру жазасына кесуді сұранған болатын. Сот оны дәл осы мерзімге, дәлірегі 8 жыл 5 ай 7 күн бас бостандығынан айыруға соттады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентіне мемлекеттік награда «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Апелляциялық алқаның қаулысынан кейін Исаховқа қатысты сот үкімі заңды күшін енді. Бұл деген сөз Исахов енді жаза өтеу  мекемелеріне жіберіледі.

Әйтсе де экс-орынбасардың әлі Жоғарғы сотқа кассациялық шағым беру құқығы бар.


Төлешовтен қайтарылған Фосфоршылар сарайын Тасмағамбетовтың қызы қайта салып бермек
Шымкент: Халықтың талап-тілегі назарға алынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу