Төлешовтен қайтарылған Фосфоршылар сарайын Тасмағамбетовтың қызы қайта салып бермек
Шымкенте бір кездері әрқилы жолдармен, түрлі әдіс-тәсілдермен бай-бағландардың, ықпалдылардың меншігіне өтіп кеткен нысандар қайтадан мемлекетке қайтарылып жатыр. Өткен аптада осындай қайтқан нысандардың бірі «Мұз сарайына» қатысты сот шешімі күшіне енді. Бұл туралы Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуиеттік желідегі парақшасында жазды. Жазбадағы келтірілген мәліметтерге қарағанда, 996 миллион теңге тұратын спорттық ғимарат осыдан жеті жыл бұрын 128 миллион теңгеге саудаланып кеткен. Оны белгілі бизнесмен Серікжан Сейітжановқа тиесілі компанияның сатып алғаны белгілі.
Ал енді міне, біраз жылдардан бері «әні қайтарылады, міне қайтарылады» деген Фосфоршылар мәдениет сарайына қатысты тың мәліметтер шықты. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыппен сотталып кеткен Тоқтар Төлешовтың иелігінен алынған нысан бұзылатын болды. Орнына жастарға арналған заманауи ғимарат салынады. Оның құрылысын жүргізумен Иманғали Тасмағамбетовтың қызы мен күйеу баласы құрылтайшылық ететін қор айналыспақ.
Жалпы, «Рейтинг газетінде Фосфоршылар сарайына қатысты бірнеше мақала жарияладық. Осыған қатысты журналистік зерттеумізді де жүргізген болатынбыз. Еске түсіріп көрейік.
2016 жылы атышулы шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешовтың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айып бойынша Астанадағы соттың үкімімен 21 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі. Бірақ «сыра королінің» дүниелеріне қатысты сот отырыстары Шымкентте бертінге дейін жалғасты. Төлешовке тиесілі болған сондай нысандардың бірі әңгімемізге тамызық болып отырған Фосфоршылар
мәдениет сарайы.
Фосфоршылар сарайы жетпісінші жылдары салынған нысан. Уақтысында Шымкенттегі ең ірі мәдениет ғимараттарының бірі болды. Сахнасы одаққа танымал әншілерден босамаған сарайда үйірмелер де жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдарғы қиыншылық кезінде нысан Төлешовке тиесілі сыра зауытының меншігіне өтеді. Оның қалай өткені осы уақытқа дейін жұмбақ. Нысан соңғы жиырма жылға жуық уақыттан бері қаңырап тұр.
Фосфоршылар сарайының мүшкіл халін көтеріп жүрген шымкенттік қария, тыл және еңбең ардагері Өркен Әбдіреевтің жанайқайы «Рейтингте», басқа да республикалық басылымдарда жарияланды. Президентке де хат жазды. Төлешов сотталған соң Фосфоршылар сарайының мемлекет меншігіне қайтарылғаны айтылды.
2019 жылы сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәдениет сарайының күрделі жөндеуден өтіп, оқушылар сарайына айналатынын дүйім жұртың алдында жариялаған болатын. 2021 жылы қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа берген есебінде Фосфоршылар сарайын жастар орталығына айналдыратынын мәлімдеді.
Алайда мемлекеттің меншігіне өтті деген ғимарат сол күйі қаңырап бос тұрды. Шымкент қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мамандары былтыр «Рейтинг» газетіне берген түсініктемесінде осы мәселеге қатысты біраз жайттардың бетін ашқан болатын. Олардың айтуынша, Фосфоршылар мәдениет сарайы «Дархан GROUP» серіктестігінің меншігі саналған. Аталған компания акцияларының 99,9997 пайызы Тоқтар Төлешовке, ал қалған 0,0003 пайызы Н.Досанбаев деген азаматтың иелігінде болған. Тоқтар Төлешов сотталған соң оның «Дархан GROUP» серіктестігіндегі үлестері, оның ішінде Фосфоршылар мәдениет сарайы толығымен мемлекет меншігіне өтеді. Алайда ғимарат әкімдіктің балансына берілген жоқ. Мұның себебі Төлешовке тиесілі болған «Шымкентсыра» мен «Дархан GROUP» компаниясының арасындағы қарыз дауына барып тірелді. Соттан кейін жаңа қожайынға өткен «Шымкентсыра» серіктестігі басшыларының айтуынша, 2014 жылы кәсіпорын мен компания арасында 1,8 миллиард теңгеге келісім жасалған, бірақ компания келісімде көрсетілген қаражатты төлемеген көрінеді. Кейін кәсіпорын қарызын даулап, сотқа шағымданады. Алғашқыда экономикалық сот талап арызды қанағаттандырған. Осыдан кейін 1,8 миллиард теңге қарызы бар серіктестікке тиесілі Фосфоршылар сарайын меншігіне алуға Шымкент қалалық әкімдігі тәуекел еткен жоқ.
Алайда Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Бас прокуратурамен бірге сотқа талап берді. Нәтижесінде «Шымкентсыра»
кәсіпорнының талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Яғни,
«Дархан Group» компаниясы мойнына ілінген 1,8 миллиард теңге
қарыздан босатылды. Фосфоршылар сарайын әкімдіктің балансына беру шаралары осыдан кейін ғана мүмкін болды.
Алғашқыда қала басшылары нысанда күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні айтқан болатын. Алайда ғимаратты тексерген мамандар қайта қалпына келтірудің мүмкін еместігін мәлім еткен. Осыдан кейін нысанды бұзып, қайта салу туралы шешім қабылданған. Нысанның құрылысын «Сәби» қайырымдылық қоры жүргізеді. Құрылыс жұмыстарын күзде бастау жоспарланып отыр.
Ашық дереккөздеріне алынған мәліметтерге қарағанда, «Сәби» қорының президенті Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова. Қордың құрылтайшылары ретінде Ә.Тасмағамбетова мен оның жұбайы, елге белгілі бизнесмен Кеңес Рақышев көрсетілген.
Әсел Иманғалиқызы филантропия, әлеуметтік қызмет, экология саласындағы ғылыми жұмыс, бизнес және кәсіпкерлікпен айналысады.
Ол Қазақстандағы ең ірі және барлық әлеуметтік салаларда кең ауқымды қызмет жүргізетін "Сәби" қайырымдылық қорын 2002 жылы құрған. Оның жеке қатысуымен республикалық маңызы бар 10 қайырымдылық жобасы жұмыс істейдің Ал, Кеңес Рақышев табысты кәсіпкер, меценат, қоғам қайраткері және халықаралық венчурлық инвестор, тау-кен өндіру саласы мен металлургиядағы инновациялық жобалар мен озық технологиялардың белсенді қолдаушысы.
«Сәби» коммерциялық емес ұйым, жекеменшік қайырымдылық қоры. Жоғарыда жазғанымыздай, ұйым бірнеше бағыт бойынша қайырымдылықпен айналысады.
Оның ішінде мүгедек балаларды қорғау, ауру балаларға жәрдемдесу, өз кәсібін бастағысы келген және дарынды балаларды қолдау шараларын жүргізеді. Сонымен бірге қор әлеуметтік мекемелерге арналған ғимараттар мен құрылыстарды салу, үй-жайларды күрделі жөндеу, қайта қалпына келтіру және жабдықтау бойынша жұмыстарын да жүргізеді.
Қор 2003 жылдан бергі аралықта еліміздің 5 өңірінде 10 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізген. Оның ішінде 3 ірі нысанды толығымен салып берген. Олар: Қызылорда қаласындағы 60 орындық сәбилер үйі, Ақтөбе қаласындағы «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы Алматы қаласындағы 1200 орындық № 174 жалпы білім беру гимназия-мектебі.
Қор енді Шымкенттегі Фосфоршылар сарайын толығымен қайта салып беруді қолға алып отыр. Бұған қанша қаражат кетеді, нысан қашан пайдалануға беріледі? Бәрін тақсыр уақыттың төрелігіне қалдырдық.
«Рейтинг» газеті 2024 жыл.