Сыздықбеков сатқындықты кешіре ме?

Oinet.kz 24-07-2024 827

Screenshot_1.png

 «Сыздықбековтің қарамағындағы бір қызметкерін қара есекке теріс мінгізгендей, жиналыстың үстінде антикордың қызметкерлері ұстап әкетті. Өзінің командасында жемқорлыққа жол берген сатқындардың болмауы керектігін алқалы жиында атап айтты. Осының бәрі сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуге шақыру, коррупцияның кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру екендігі айтпаса да түсінікті. Алайда осындай сын сәтте Сыздықбековтің өзі тағайындаған кадрларының соңынан «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барды, заңды бұзды» деген әңгімелер еріп, қарамағындағы қызметкерлерді шулатып жатқаны қызық болды».

«Рейтинг» газетінің биыл 15 мамырдағы №19 нөміріндегі «Сыздықбекове сатқындық жасау... әкім сенім артқан кадрлар «Қуатжылуорталығын» сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналдырып жатыр ма?» деген тақырыппен жарияланған мақалада осылай деп жазған едік. Содан бергі аралықта міне, екі айдан астам уақыт өтіпті. Өткен аптада Шымкенттің мамандандырылған әкімшілік соты осы мақаладағы жазылған мән-жай бойынша қаулы шығарды. Сот «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшысы Асқар Булешовтың заңсыз тірліктерін анықтаған еңбек инспекциясының әрекетін орынды деп тапты. Тексеру қорытындысымен келіспеген «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны басшыларының талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Таратыңқырап айтайық.

Мақалада Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына қарасты «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Асқар Булешовтің қызметкерлерді жұмыстан жаппай заңсыз шығарғаны, бұл үшін түрлі қитұрқылықтарға барғаны арызданушы азаматтардың аузымен айтылған болатын.

Солардың бірі – Ерғали Рүстембековтің айтуынша, жаңа басшы келген бойда қызметкерлерге әртүрлі қысымдар жасаған. Алдымен өзінің жақын танысы А.Апитановты мекеме директорының орынбасары лауазымына тағайындаған. Артынша оны кәсіпорында қызметкерлердің біліктілігін тексеру комиссиясының төрағасы етіп бекіткен. Осыдан кейін жұмысшыларды біліктілікті тексеру комиссиясы арқылы жұмыстан шығаруға көшкен. Босаған орындарға кадр мәселесіне жауапты бөлім басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Ешанқұл арқылы басқа азаматтарды қабылдаған. «Өз еркімен арыз жазып кетуден» бас тартқан қазандық басшысы Жанғали Әшірбайдың айтуынша, ол да жоғарыдағы комиссияның ұсынысымен жұмыстан босатылған. Ал оның орнына Асқар Булешов өзінің танысын тағайындаған.

Арызданушылар мен олардың адвокаттарының бізге ұсынған құжаттарымен таныса отырып, А.Булешовтың өткен-кеткен өміріне қатысты біраз тың мәліметтерді кездестірдік.

Мемлекеттік кәсіпорынға басшылық жасап отырған А.Булешов бұған дейін тонау бабымен 3 жылға, «өзінше билік ету», «адамды бас бостандығынан заңсыз айыру» баптармен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болып шықты. Бұдан бөлек тағы бір қылмысы үшін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесілген. Ал кадрмен айналысатын бөлім басшысының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалған Ғалымжан Ешанқұл құжаттарға қарағанда 2017 жылы Ордабасы аудандық полициясындағы учаскелік инспектор қызметінен теріс қылықтары үшін босатылған. Ең қызығы, А.Булешов қызды-қыздымен мекемеге биыл офицер-комплаенс лауазымына бұған дейін жемқорлық қылмысы үшін сотталған Данияр Толыбаевты әкеліп отырғызған.

Сот үкіміне қарағанда, Д.Толыбаев 2018 жылы Еңбекші аудандық прокуратурасында жұмыс істеп жүріп, бір жәбірленушіден 100 мың теңге талап еткен. Оның 50 мың теңгесін алу кезінде ұсталған. Тергеу барысында ол прокурормен процестік келісім жасап, кінәсін мойындаған. Нәтижесінде алаяқтық жасауға оқталды деген айып бойынша 750 мың теңге айыппұл салуға сотталған. 2019 жылдың 8 сәуірінде Қаратау аудандық соты шығарған үкімде Толыбаевтың мемлекеттік мекемелерде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны жазылған. Алайда осы тыйымға қарамастан Булешовтың Д.Толыбаевты мемлекеттің иелігіндегі кәсіпорынға жемқорлықпен күресетін офицер-комплаенс лауазамына қалай тағайындағаны түсініксіз.

Айтпақшы, әділдік іздеген арызданушылар қалалық еңбек инспекциясына да шағымданған. Инспекторлар тексеру жұмыстарын жүргізіп, Е.Рүстембековтың жұмыстан босатылуы, жемқорлықпен сотталған Толыбаевты жемқорлықтың алдын алумен айналысатын офицер-комплаенс лауазымына жұмысқа қабылдаудың заңға қайшы келетінін анықтайды.

Тексеруден кейін инспекторлар Е.Рүстембековке:

 «Қуатжылуорталық-3» МКК директорының атына анықталған еңбек заңнамасы талаптарын бұзу фактісін қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкестендіру туралы орындалуы міндетті 15.05.2024 жылға мерзімі белгіленіп, нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды», деген хат береді. Дәлірегі Булешов енді өзінің заңсыз шығарған шешімдерінің күшін жойып, жіберген заңсыздығы үшін айыппұл төлеуі тиіс еді. Алайда  инспекцияның нұсқамасы осы уақытқа дейін орындалмаған.

Мақала жарияланған соң редакцияға «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде жалпы бөлім басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Ешанқұл келіп, мақаладағы мән-жайлармен келіспейтінін білдірді. Артынша редакциямызға арнайы хат да жіберді.

«Қазіргі таңда «Қуатжылуорталық-3» мекемесін басқарып отырған А.Булешовтың Шымкент қаласы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымын қатаң бақылауға алып, күнделікті күн тәртібінде басты мақсатқа қойып қатаң бақылап отыр. Оны бүкіл қызметкерлер айта алады және де сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатқанымен айғақтай алады. Сонымен қатар, Сіздердің редакцияларыңызға барып арызданған азаматтардың мән-жайлары бойынша қызметтік тексеруді, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы тексеріс жүргізген болатын. Алайда, мемлекеттік еңбек инспекторының «Қуатжылуорталық-3» МКК-на 29.04.2024 жылы берген нұсқамасында көрсетілген негіздер бойынша келіспейміз және толықтай күшін жоюға жататындықтан, 10 мамыр 2024 жылы No6-1326 шығыс санымен, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторының 29.04.2024 жылғы нұсқамасын жарамсыз деп тауып, күшін жою үшін, Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап жолданды» делінген хатта (хат мәтінін қаз-қалпында бердік – Ж.Т.).

Міне, жуырда «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының берген талап арызы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қаулы шығарды. Соттың қаулысында:

 «Талап қоюшы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы «Қуатжылуорталық-3»мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 29 сәуірдегі №01АС-14 нұсқаманы жарамсыз деп тану, күшін жою туралы талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылсын», деп жазылған.

Енді «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшысы қаулымен келіспесе, қалалық соттың апелляциялық алқасына шағымдана алады. Дегенмен алғашқы сот өзінің төрелігін айтты. Булешовтың заңсыз тірліктері сот қаулысымен дәлелденді.

Біз кешегі күні арызданушы Ерғали Рүстембековпен қайта хабарласқан болатынбыз. Ол осы арыз-шағымдардан кейін денсаулығы сыр беріп, инсульт алғанын, қазіргі уақытта ем қабылдап жатқанын мәлім етті. Ол  сотқа мүдделі тұлға ретінде қатысыпты.

– Сот отырысына онлайн қатысып, өзімнің ой-пікірлерімді айттым. Булешовтың заңсыз тірліктеріне қатысты бейнежазбаларды да ұсындым. Соттың біздің талап-тілектерімізге назар аударып, әділетті шешім қабылдағанына ризашылығымызды білдіремін. Алайда заңсыз әрекет жасадым деп отырған Булешовты көрмедік. Жемқорлықпен сотталып шыққан Данияр Толыбаев әлі күнге жемқорлықпен күресетін офицер-комплаенс лауазымын атқарып жүр. Еңбек инспекциясының маған қатысты нұсқамасы орындалған жоқ, – деді Е.Рүстембеков.

Сот қаулысынан кейін «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының басшысы «Сыздықбековтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымын қатаң бақылауға алып» жүрген Булешов қандай әрекетке барар екен? Егер сот қаулысы заңды күшіне енсе, ол заңсыз шешімдерінің күшін жойып, әкімшілік айыппұл төлеуге тиісті. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған сатқындарды, арқадан пышақ ұратындарды кешірмейтін Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков Асқар Булешов пен оны осы лауазымға тағайындаған Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың әрекетіне қандай төрелік айтар екен? Тағы да әліптің артын бағып көрейік.


«Рейтинг» газеті, 24 шілде 2024 жыл.


Тоқаев Мәсімовке рақымшылық жасамады
«Бухгалтерлер ісі»: 21 азаматқа сот үкімі оқылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу