8,5 жылға сотталған Исаховты арандатты ма?

Oinet.kz 22-05-2024 539

  Screenshot_9.png

Шымкентте тағы бір шулы сот отырысы аяқталды. Апта басында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховты 8,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Исахов пара беруге оқталды деген айып бойынша кінәлі деп танылды.

Рас, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сотталушы тарапта апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар. Сондықтан бұл іске соңғы нүкте қойылды деуге әлі ертерек. Десек те алғашқы сот өзінің төрелігін айтты. «Экс-орынбасар ақталып шығуы мүмкін» деген кейбір білгіштердің жорамалы теріске шықты.

Айта кетері, Мақсұт Исахов Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сотталған ең жоғары лауазымды шенеунік. Бұған дейін Оңтүстікте талай аудан әкімі, басқарма басшысы сотталды, бірақ мұндай лауазымдағы атқамінердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы бірінше мәрте кездесіп отыр. Бұған дейін Шымкент пен Түркістанда 200 мың доллар (бұл дегеніңіз 90 миллион теңгеге жуық қаражат)  параны да ешкім беріп немесе алып ұсталған емес.  Жыл санап қармаққа түскен шенеуніктердің лауазымы да, параның көлемі де өсіп келе жатыр. Бұл нені білдіреді? Сыбайлас жемқорлықтың тамырының тереңге кеткенін бе әлде коррупциямен күрестің күшейіп келе жатқанын ба? Сіз қалай ойлайсыз?

Дүйсенбіде Шымкент қалалы соты Исаховқа шығарылған үкімге қатысты ресми мәлімет таратты.  

--И. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары бола тұра, ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігінің 3) тармағымен Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінде әкімшіліктің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған іс бойынша лауазымды тұлға – Шымкент қаласы бойынша ҰҚК Департаментінің бірінші орынбасары С.-ға істі қысқарту үшін аса ірі мөлшерде 200 мың АҚШ долларынан аса көлемінде пара беруге оқталған. Сотталушының кінәсі куәлердің жауаптарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, ЖТӘ (жасырын тергеу әрекеттері) нәтижелерімен және басқада іс құжаттарымен дәлелденеді,--делінген мәліметте.

Мақсұт Исахов былтыр шілдеде ұсталған болатын. Оның  ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар көлесмінде пара берді деген айып бойынша ұсталғаны кейінірек белгілі болды. Әкім орынбасары параны өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқарту немесе оны антикорға беруді сұранған.  Бұл қандай қылмыстық іс?

2020 жылы Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша жылу құбырларын ауыстыруға тендер жариялаған. Исаховқа қатысты істің басы осы тендермен байланысты.       Прокурордың сотта оқыған айыптау қорытындысына қарағанда, 2020 жылдың  9 қыркүйегінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Исахов осы тендерде жеңіске жеткен «Старт строй» ЖШС-і директорының орынбасарын әңгімеге шақырған. Әңгіме барысында ол директордың орынбасарынан конкурстан бас тартуды, сол үшін  жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын басқа екі конкурста жеңімпаз атануға көмектесетінін, бірақ ол үшін 187 миллион теңге алып келу қажеттігін айтқан. Директордың орынбасары бұл әңгімені Исаховқа білдірмей таспаға басып алған. Кейінірек компания  басшылары құзырлы органдарға арызданады. Алғашқыда істі антикор «билік немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша жүргізген. Исахов ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары  Сарбасовқа 200 мың долларды осы қылмыстық істі жабу үшін ұсынған.    Бірақ  бұл қылмыстық іс Исахов ұсталағаннан кейін, былтыр қыркүйек айында қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартылған. Сонда жасаған қылмысы болмаса, Исахов Сарбасовқа не үшін пара берген? Бұл істің ең жұмбақ жері осы болып тұр.  

Сот отырыстарында Исахов Сарбасовқа пара бермегенін алға тартып, өзін әдейі арандатуы мүмкін деген мағынадағы уәждерін алға тартумен болды. Алайда прокурор М.Арыстановтың айтуынша, 16 шілдедегі бейнежазбадан байқалғандай, Сарбасов пен Исахов соңғының бастамасы бойынша «Шымкент Плаза» сауда үйінің алдында жолыққан. Осы жерде Исахов қылмыстық істі қысқартуды болмаса оны антикор мен Экономикалық тергеу департаментіне беруді, мұндай жағдайда олармен келісудің оңай болатынын айтқан. Пара берудің схемасын да Исаховтың өзі ұсынған. Ол Сарбасовқа дүкен тауып, сол жерге тұрмысты техника деген желеумен ақшаны үшінші адамдар арқылы беретінін айтқан. Яғни, бұдан Исаховтың қылмысын дәлелдеуде бейнежазбалардың негізгі айғақ болғанын байқауға болады.   

Айтпақшы, соңғы соттарда Исаховтың адвокаты сотқа үш бірдей өтініш хат берген. Ол алдымен бейнежазбаларға қайта сараптама жасауды сұранады. Бұдан бөлек істі прокуратураға қайтару жөнінде өтініш береді. Үшінші өтінішхат Исаховты үйқамаққа ауыстыру жөнінде. Себебі соңғы күндері оның денсаулығы нашарлаған көрінеді. Алайда сот үш өтінішті де қанағаттандырусыз қалдырды. Сот жарыссөзіне абақтыдағы ауруханадан онлайн қатысқан Исаховтың өзі де бейнежазабалрдың заңға сәйкес келмейтінін айтыпты. Ол тіпті өзін кадрлық-саяси мәселелердің құрбаны болғанын да мәлімдеген. Мұның қандай кадрлық-саяси мәселе екендігі жұмбақ күйінде қалды.

Жарыссөзде прокурор Исаховқа тағылған айыпты Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі  және 367-бабының 4-бөлігіне, дәлірегі «аса ірі мөлшерде пара беруге оқталуға» қайта саралап, оған  8 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Соттың ақырында мемлекеттік айыптаушының бұл шешімі қызықтау болды. Сотталушыға тағылған баптарды қайта дәрежелеу не үшін қажет болды? Исаховтың жазасын жеңілдету үшін бе?

Сот экс-орынбасарға прокурордың сұраған 8,5 жылға бас бостандығынын айыру жазасына кесті. Дәлірегі Исаховты 8 жыл 5 ай 7 күн бас бостандығынан айыруға соттады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентіне мемлекеттік награда «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

--Жаза тағайындау барысында сот сотталушы И.-ның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында жасөспірім балаларының болуын таныды, ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмады,-делінген соттың таратқан мәліметінде.

Айтпақшы, жарысөзде прокурор соттан Шымкент қалалық әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмейтінін, осыған қатысты тиісті жұмыстарды атқару үшін  жеке қаулы шығаруды сұранды. Сот ұсынысты қабыл алып, осы жөнінде арнайы қаулы шығарды.  Әрине, үшінші мегаполисте жемқорлықтың күрт көбеюі бұрынғы әкім Мұрат Әйтеновтың кезеңінде болды. Бірақ Сыздықбековтың тұсында ол азая ма? Енді Шымкентте ешқандай шенеуніктің парамен ұсталмайтынына  қандай кепілдік бар? Исаховқа шығарылған үкімге апелляциялық алқа не айтады? Ал оның ісіндегі басты куәгер, қазіргі уақытта басқа істер бойынша айыпталып, қамауда жатқан ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірінші орынбасары қызметін атқарған М.Сарбасовтың ісі немен аяқталады? Бәрі уақыттың еншісіндегі дүниелер.

P.S.  Исаховтың сотында оның бұрынғы бастығы,  қаланың экс-әкімі Мұрат Әйтенов бой көрсеткен жоқ. Ол қызметінен былтыр Исахов ұсталғаннан кейін көп ұзамай босатылған болатын.  Әйтенов кетті, бірақ оның кезіндегі жемқорлыққа қатысты дау-дамайлар әлі созылып жатыр.

"Рейинг" газеті, 22 мамыр 2024 жыл. 

 

 


Мақсұт Исаховқа үкім шықты
Түркістанда қызы мен ұлын өлтірген әйелдің соты өтіп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу