Кадрлық кризис пе, кадрлық бизнес пе?

Oinet.kz 25-04-2024 527

901f596f59540c1fe2767be12d623f6c.jpg 

Түркістан облысында құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен 8 әлеуметтік нысан бар. Олардың барлығы мектептер. Бұл туралы дүйсенбіде облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.

Былтыр қазанда облыс әкімдігі құрылысы тоқтап қалған нысандардың проблемасын шешу жөнінде жұмыс жоспарын бекіткен. Соның нәтижесінде Жетісай ауданындағы Уәлиханов атындағы 300 орындық мектептің құрылысы былтыр желтоқсанда аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған нысандар жоспар бойынша биыл қараша-желтоқсанда аяқталуы тиіс. Алайда бұл жоспардың толықтай орындалатынына күмән бар.

Құрылысы тоқтап қалған білім ұялары мыналар: Отырар ауданы Ақкөл ауылындағы 100 орындық мектеп, Қазығұрт ауданы Айнатас ауылындағы 100 орындық мектеп, Ордабасы ауданы Арал-Эко массивіндегі 600 орындық, Төрткөл ауылындағы 300 орындық, Қызылжар ауылындағы 300 орындық мектептер.  Мұның ішінде Ордабасы ауданындағы үш мектептің қаржысы әлі шешілмеген. Мердігер екі мектептің қабырғаларын тұрғызғанымен, шатырын жаппай тастап кеткен. Ал 600 орындық үшінші мектептің іргетасы құйылған, қалған бөлігі мүлдем жүргізілмеген. Жұмысын бастап, аяқтамай тастап кеткен мердігерлерге қандай шара көрілді? Енді білім ұяларының құрылысына қаржы неге бөлінбей отыр? Бұл Түркістан облысының құрылыс саласында дау-дамайдың көп екендігінен хабар берсе керек.

Айтпақшы, осы жиында Қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссиясының төрағасы Уәлихан Қайназаров  бақылау басқармасындағы 11 құрылыс инспекторының 6-ауының, яғни 54 пайызының құрылыс саласында тәжірибесінің жоқ екендігін баса айтты. Сонда бұл қалай? Құрылыс саласында біліктілігі жоқ мамандар, құрылыстың сапасын қалай бақылайды? Осы сауалға келгенде Түркістан облыстық бақылау жөніндегі басқарманың басшысы Айдос Исмайылов іштегі жиналып қалған біраз қыжылын жайып салды. Басқарма басшысы конкурстардан өздері ұсынған білікті кадрлар өтпейтінін, аппарат басшысының кадр іріктеудегі әрекеттерімен келіспейтінін кесіп айтты. Бұған не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік.

Бұл жерде әңгіме Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов туралы болып отыр. Тәртіп бойынша бүгінде мемлекеттік қызметтегі лауазымдарға үміткерлер арнайы іріктеу конкурстары арқылы, конкурстық комиссиялардың ұсыныстарымен тағайындалады. Ал конкурстарды облыс әкімінің аппараты ұйымдастырады. Әрине, кандидат кадрларға қойылатын талаптар бар. Ал енді құрылыс саласында тәжірибесі жоқ кандидаттар осы талаптардан қалайша өтіп кетеді, қалайша жеңімпаз атанады? Бұл кадрлық кризис пе, кадрлық бизнес пе?  Бұған қатысты  аппарат басшысының айтар уәжі болса, жариялауға дайынбыз.

«Рейтинг» газеті, 24 сәуір 2024 жыл.  

 

 

 

 

 


Полиция Зағамбардағы жағдайға қатысты түсінік берді
«Лайк жинау үшін…»: Депутаттар мен министрлер апат аймағында арзан пиармен айналысып жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу