Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Батыс өңірлерінде су тасқыны басталғалы бері қоғам белсенділері, депутаттар, министрлерде тыным жоқ. Біраз депутат, шенеунік етігімен су кешіп жүрген фото, видеоларын әлеуметтік желіге де жүктеді. Мәжілісмендер су тасқынына байланысты Үкімет басшысының атына депутаттық сауалдарды үйіп тастады. Бұдан тасқынның тақсіретін тартқан халыққа тиіп жатқан пайда бар ма?
Фейсбукте қоғам белсендісі Ерболат Мұхамеджан осыған қатысты өзінің пікірін былай білдіріпті:
- Біздің кейбір әнші, әртіс, қоғам қайраткерлері, блогерлер, депутаттар, министрлер су тасқыны орын алған өңірлерге барып жатыр. Барсын әрине, бармасын демейміз. Бірақ сырттай қарағанда контент жасаумен айналысып жатқандай көрінеді. Әнші, әртіс, қоғам қайраткерлері, блогерлер елді сабырға шақырып, үндемей-ақ көмектескеннің орнына, халықты шулатып байбаламға салып жатқандай әсер қалдырады. Ал кейбір депутаттар мен министрлер таза пиар үшін, ибд (имитация бурных деятельности) жасап жүргендей көрінеді. Қастарында бір-бір мобилограф барлығының. Кәдімгі күшті музыка салып, клип сияқты түсірген. Өтірік күрек ұстап, камераға жақсылап ойнап подписчиктерден лайк жинау үшін барған сияқты. Себебі, сол өңірлердегі азаматтармен сөйлессем, керісінше жұмыстарына кедергі жасап жатқанын айтады. Халықты тасуға арналған вертолеттерді кейбір кезде сұрап мазаларын алған, Астанаға звондаған. Бұл қарапайым жергілікті әкімдіктегілер үшін артық жұмыс тудырады. Сосын оларды тасу керек, күту керек, жағдайын жасау керек, көңіл бөлуі керек. Егер осыларды істемесе барған жері туралы нашар әңгіме шығарады. Менің ойымша, төтенше жағдай жарияланған өңірлерге дүрбелең тудыратындардың баруын шектеу керек. Мысалы, баратындар Asarume қайырымдылық қорынан үлгі алуы керек сияқты. Себебі олар нақты жүйелі жоспармен барған. Және сол жоспарға сәйкес жұмыстарын атқаруда. Ешкімге салмақ салмайды, ешкімді шулатпайды, қолдарынан келген дұрыс көмегін аямай беріп жатыр.
Барған соң, шынайы түрде көмегімізді аямайық. Бірақ, “айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады” мақалына сәйкес болмайық…
Мұның алдында ол апат аймағында «арзан пиармен» айналысып жүрген Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың да әрекетін сынаған болатын:
- Осындай арзан пиармен айналысатын шенеуніктер мемлекеттік жүйенің дұрыс дамуына өз зиянын тигізеді. Себебі, дәл қазіргі табиғи апатты өзінің жеке пиарын көрсетуге пайдалануын арсыздық деп есептер едім.
Президент министрге “орта білім сапасын арттырыңыз” десе, бұл кісі “дешевый пиармен” айналысып жүр. Жарайды, барып тазала, көмектес. Бірақ, соны БАҚ-қа шығартып, одан қалса оны баспасөз хатшысының бөлісуі, министрліктегі коммуникацияның өте төмен деңгейін көрсетеді. Менің ойымша, бұл кісіге министр қызметін тастап, қолына күрек ұстап, көше тазалаған әлдеқайда жарасатын сияқты. Себебі орта білім саласын дамытып, қатырып жатқаны шамалы. Қазіргі таңда орта білім саласында коррупция жоғарылап кеткені туралы сарапшылар да айтуда. Мұғалімдердің пікірінше, Президенттің қағазбастылықты азайту туралы тапсырмасын мүлдем орындамаған,--деп жазған Е.Мұхамеджан.