Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Сот тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қаңтар оқиғасына дейін Ұлттық қаіпсіздік комитеті төрағасы Кәрім Мәсімовтың бірінші орынбасары лауазымын атқарған Самат Әбішке қатысты үкімді халықтан бір айға жуық уақыт бойы жасырып келген. Бұл не үшін қажет және кімге қажет болды?
Самат Әбішке қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша алдын ала тергеу амалдарының жүргізіліп жатқаны былтыр қыркүйекте белгілі болған. Биыл қаңтарда оның ісі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына түсті. Іс жабық жағдайда қаралды.
Міне, 19 наурызда «Дат» газетінде Самат Әбішке соттың 8 жылға шартты жазаға кесілгені туралы материал жарияланды. Шамасы материалдың авторы, аталған басылымның шығарушысы, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи болу керек. Депутат мақаланы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
- Бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмаған. Соған қарағанда, мүдделі біреулер «8 жыл» деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл «комедияның» басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай. Ең қиыны – бұл Әділетті Қазақстан құру бастамасын алға қойған қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне белгілі бір деңгейде нұқсан келтіріп, халықтың онсыз да төмен билікке деген сеніміне тағы бір үлкен сызат түсіргелі тұр,-деп жазылған мақалада.
Осыдан кейін 20 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылға соты Самат Әбішке қатысты мәлімет таратты.
"Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болған жарияланымдарға байланысты Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған Ә-ге қатысты қылмыстық іс (Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігі) қаралғанын хабарлайды. "Құпия" белгісін ескере отырып, сот отырыстары жабық форматта өтті. Сотталушы кінәні толық мойындады және жасағанына өкінді. Сот үкімі бойынша, Ә. Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды", - делінген соттың таратқан ресми мәліметінде. Сот 26 ақпанда шығарылған үкімді неге осы уақытқа дейін жария етпегеніне қатысты ешқандай түсінік берген жоқ.
- Шартты жазаны бұрын 2-4 жылға кесетін. Кезінде Абылай Мырзахметовті 6 жылға шартты жазаға кескенін білеміз, ал енді 8 жылға шартты жаза кесу…енді заң мүмкіндік беретін шығар. Бірақ мұндай тұлғаға Қаңтар оқиғасынан кейін, оның қатысушыларын қинап, соғып, азаптап жатқан жағдайда, Әбішті 8 жылға шартты соттау, бір жағынан, ашу-ызаңды тудырады, екінші жағынан, күлкілі жағдай. Біздің халықтың сот жүйесіне деген сенімі сетіней береді деген сөз,-деді Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Ермұрат Бапи.
Қаңтар оқиғасының басты «қаһармандары» Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі де жабық жағдайда өтті. «Дикий Арман» мен кәсіпкер Қайрат Құдайбергеновтың соты да құпия өтіп жатқаны белгілі.
Қаңтарға қатысты құпияларды жарияламауға кімдер мүдделі?