«Ойлан Пашинян, ойлан» Армения ҰҚШҰ-нан әлі шыққан жоқ

Oinet.kz 28-02-2024 332

Армения Ұжымдық қаупсіздік шарты ұйымындағы мүшелігін тоқтатып қойды. Бұл туралы Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян    France 24 телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.  Премьердің айтуынша, Ұйым Арменияға қатысты шарттарды орындамаған. 

Screenshot_10.jpg

«Біздің ойымызша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл мәселе біздің назарымызсыз тыс қалмады. Біз осы шартқа қатысуымызды тоқтаттық. Әрі қарай не болатынын көрейік», - деді Пашинян сұхбатында.

«Енді Армениядағы Ресейдің әскери базалары жабылуы мүмкін бе?» деген сауалға Пашинян «Дәл қазіргі уақытта ол туралы мәселе жоқ» деп жауап берген. 

Ұжымдық қауіпсіздік шарты  ұйымы 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен құрылған. Бүгінгі күні Ұйымға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше. 2022 жылы Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы және Украина мен Ресей арасынындағы соғыстан кейін ҰҚШҰ-ның белсенділігі күшейді. Сол жылы Иманғали Тасмағамбетов ұйымның бас хатшылығына тағайындалды. Биылдан бастап Қазақстанның Ұйым төрағалығының тізгінін қолға алғаны белгілі.  

Дүние екіге жарылып, соғыс қаупі күн санап күшейіп келе жатқан кезде әскери одақтан шығып кететіндей Арменияны не түлен түртті?    

Жалпы Арменияның соңғы уақытта Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына деген өкпесі қара қазандай. Оның басты себебі «Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде менің сойылымды соқпадыңдар, Әзірбайжанға бүйректерің бұрды» дегенге саяды. Дәлірегі Армения билігі 2022 жылдың күзінде Әзірбайжанмен шекарадағы жағдай шиеленіскен кезде ҰҚШҰ-ның көмек бермегеніне наразы. Былтыр Пашинян Минскіде өткен Ұйымның саммитіне, оның алдын ТМД басшыларының жиынына қатыспай қойды. Алайда өкпе қаншалықты орынды? Ең бастысы, Пашиняннің бұл мәлімдемесіне ұйым және оған мүше өзге елдер қалай қарады?

Бір қызығы, ақпарат құралдары «Армения Ұйымнан шықты» деп,  шулап жатқан кезде  ҰҚШҰ- тарапына бұған қатысты ешқандай түсініктеме болған жоқ. Ұйымның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов те үнсіз. Қазақстан да, Ресей де үнсіз? 

Ал Беларусь президенті Алексендар Лукашенко Пашинянның мәлімдемесін салқынқандылықпен қабылдапты. 

-Біз Арменияның шешімін Қазанда президенттермен талқылағанбыз. Бәрі бірқалыпты. Ешкім ақылынан адасып қалған жоқ. Арменияға ҰҚШҰ-да болуы керек. Біз ұйымнан ешкімді қуып шықпаймыз, барлық уақыта Арменияны одақтас ретінде қолдауға дайынбыз. Егер олар ҰҚШҰ-да болғысы келмесе, одан ешнәрсе құлап қалмайды.-деді Лукашенко. 

Бірақ Батьканың айтуынша, Ереваннан әзірге ешқандай ресми хабарлама келіп түспеген. Себебі Арменияда мұндай шешім Парламент арқылы қабылданады. 

-Пашинян әзірге ұйымнан шығу-шықпау туралы нақты шешім қабылдай алмай отыр. Менің ойымша, Парламентте дұрыс ойлай алатын азаматтар отыр. Олардың бізге деген ешқандай өкпесі болмауы керек,-дейді Лукашенко. Ал енді Таулы Қарабақтағы мәселеге келсек, Армения одақтас ел болса, Әзірбайжан да бөтен емес.   Сондықтан Ұйым Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығысқа араласқысы келмеген. Лукашенко Ұйымнан шығудың оңай, ал қайта кірудің қиын екенін алға тартты. Сондықтан Пашинянға жақсылап ойлануға кеңес берді.  

Шетелдік ақпарат құралдарына берген сұхбатында Пашинян өзінің эмоциясын жасыра алмай, тым асығыс мәлімдеме жасап жіберген сияқты. Дегенмен... 

Егер Армения бүгін Ұйымдық қаупсіздік шарты ұйымынан шығып кетсе, ертең Еуразиялық одақтан да теріс айналуы мүмкін. Әбден мүмкін. Сондықтан бүгінгі досты ертең дұшпанға айналдырмаудың жолын ҰҚШҰ-ға мүше өзге елдер де ойлануы тиіс. 

Сейтжановтың компаниясымен туыдаған дау оң шешілді
Бергейді елге қайтара алмаймыз-- Бас прокуратура
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу