Шымкентте ҰҚК департаменті бастығының орынбасары ұсталды

Oinet.kz 15-02-2024 1153

191101120532598e.jpg

Белгілі журналист Михайл Козачков телеграм каналында Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Құзырлы органның шендісіне ұзақ уақыт бойы жергілікті шенеуніктерге қамқорлық көрсетті деген айып тағылған көрінеді. Әрине, қамқорлықты тегін көрсетпегені айтпаса да түсінікті. Қылмыстық іс «лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану» бабымен қозғалған. 

Козачковтың жазуынша, бұл істе үш эпизод бар.

Оның алғашқысы былтыр шілдеде ҰҚК-ның лауазымды қызметкеріне ірі көлемде (200 мың доллар) пара берді деген айыппен сотталып жатқан Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховпен байланысты. Бұған дейін ақпарат құралдарында  Исаховтың 200 мың долларды ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасарына бермек болғаны айтылған болатын. Бұл орынбасар мен ол орынбасар бір адам ба, жоқ екібөлек пе, бұл жағын журналист нақты жазбаған.

Екінші эпизод ҰҚК Шымкент департаментінің бұрынғы тергеушісі Ержан Масақбаев деген азаматқа қатысты істен шыққан көрінеді.  Шымкентте бір жекеменшік мектептің құрылтайшысы бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін істі болады. Ал Масақбаев оның мәселесін шешіп бермек болғанға ұқсайды. Былтыр жазда тергеуші алаяқтық және пара беруге айдап салды деген айыптармен 12 жылға сотталған. Кейін белгілі болғандай, Масақбаев бұл істе жалғыз болмаған.

Үшінші эпизод Шымкент қаласы білім саласына жауапты шенеуніктерден пара алу фактісіне барып тіреледі.  Бірнеше жыл бойы Сарбасовқа жарты миллиард теңге берілген көрінеді. Шамасы мұны  пара берген шенеуніктердің өздері мойындағанға ұқсайды.

Сарбасовтың ісін ҰҚК-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр. Әзірге Козачковтың жазған бұл фактілерін ресми органдар растаған жоқ.

 

 


Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетін басқаруы мүмкін
Прокуратура: Түркістанда шенеуніктер инвестордың құқығын бұзған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу