Түркістанда ислам институты ашылады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновпен кездесті. Кездесуде руханият саласындағы мәселелер қозғалды. Сонымен бірге Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Қылует» рухани-мәдени орталығынан ҚМДБ имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтын ашу бастамасы талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспкасөз қызметі хабарлады.
– Түркістан – киелі жер, рухани орталық. Түркістанға жылына кемінде 3-4 рет келмесек, сағынып қалатынымыз бар. Осында қолға алынған бастамалар Қазақ еліне тарайды. Жаңа жылды қасиетті Түркістандағы игі істермен бастап отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгін шаһарда жаңа мешіт бой көтерді. Сонымен бірге облыста салынып жатқан медресенің іргетасын қалау рәсіміне және бір медресенің ашылуына қатысып қайттық. Қазіргі таңда демеушілер есебінен «Қылует» рухани орталығы салынуда. Оған тікелей қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге, барша демеуші азаматтарға Муфтияттың және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін. Осы институт имамдарымыздың білімін жетілдіретін орталыққа айналады деп сенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Биыл 600-ден астам іс-шара өтеді. Сол іс-шараларды Түркістаннан бастап, «Ислам және дәстүр құндылығы» республикалық ғылыми-танымдық конференциясын өткіземіз, – деді Наурызбай-қажы Өтпенов.
– Түркістан рухани астана болғандықтан біздің шаһарға көбірек көңіл бөліп отырсыздар. Шаһарда Ислам институтын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Имамдар жастармен, халықпен тығыз жұмыс істеп, рухани, діни тәлім береді. Сондықтан олардың білімін жетілдіру – уақыт талабы. Түркістанда мықты теологтар мен профессорлардан дәріс алу арқылы имамдарымыздың білімі жетіле түсіп, елге сапалы қызмет етеді деп сенемін. Жастар тәрбиесі, руханият саласындағы игі бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу бағытында халықаралық деңгейде конференция өткізуді де қарастырайық. Қазақтың руханиятын, Түркістанның тарихын дәріптеуде бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды.
«Қылует» рухани-мәдени орталығында Көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институты салынуда. 100 орынға арналған дәрісхана, 60 орынға арналған кітапхана, 120 орынға арналған жатақхана, 60 орынға арналған асхана салу көзделген. Бұл ірі жобалар демеушілік есебінен жүзеге асады.
Бүгінде Түркістан облысындағы мешіттерде мыңнан астам діни қызметкер бар. Ал 5 өңірде 2 мыңнан астам өкіл қызмет етеді. Аталған рухани орталықта Қожа Ахмет Ясауи еңбектері мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының дін саласында қызмет атқарып жүрген имамдардың білімін жетілдіру көзделіп отыр. Сонымен бірге имамдарға терең білім беру, тарихты, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін арттыру да жоспарланған. Дін ғұламалары мен теологтар дәріс береді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы мен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Қылует» рухани орталығының және орталық құрамындағы Ислам институтының құрылыс барысымен танысқан болатын. Орталық биыл ашылады деп жоспарлануда.
Сонымен бірге Түркістанда 300 адамдық мешіт ашылды. Ашылу салтанатына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов қатысты. Мешітті салуға «Үлес» қайырымдылық қоры және тұрғындар мен кәсіпкерлер демеуші болған.