Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Президенттің бастамасымен қазынаның қаржысына қол салған немесе парақорлыққа барған шенеуніктердің жемсауынан алынған қаражаттарға мектеп салынып жатыр. Былай қарасаң жемқорлардың жемсауынан шыққан ақшаға салынған мектепте оқитынын білетінін балаларға өнеге тәлім-тәрбие туралы айту да біртүрлі сияқты.
Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен 2023 жылдың қорытындысы бойынша жемқорлардан қайтқан ақшаға еліміз бойынша 43 мектеп тұрғызылған екен. «Бар жақсылық балаларға» деген осы. Елдің осылайша «Әділетті Қазақстанға» үміті ояна бастаған кезде Түркістан облысының білім саласынан жаға ұстатарлық сұмдықтар шығып жатыр.
Жалпы, Түркістан облыстық білім басқармасы жыл сайын жаңа жылды елді шулатумен бастауды әдетке айналдыра бастаған сияқты. Былтыр жыл басында басқарманың сол кездегі басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарлары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілігіп, үстерінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Сағызша созылған қылмыстық іс соңынан күмәнді жағдайда қысқартылғанымен, білім басқармасының басшысы абыройы айрандай төгіліп қызметінен кетуге мәжбүр болды. Арғы жылы Сарыағаш, Сайрам, былтыр Төле би, Шардара аудандық білім бөлімінің басшылары сотталды.
Биылғы жыл Түркістан облысы білім басқармасына тікелей бағынатын аудандық білім бөлімдерінде жұмыс істеген, миллиардттарды шайқаған бухгалтерлердің елді шулатуымен басталды. Есепшілер бюджеттен ұрлады деген қаржылардың көлемі бірнеше миллиардқа жетіп қалды. Білім саласындағы бұл неғылған бітпейтін жемқорлық, бұл не деген тоймайтын мешкейлік? Облыстың бас мұғалімі лауазымына соңғы жылдары жергілікті жерде жұмыс істеп көрмеген сырттан келген кадрлар тағайындалды. Облыстың білім саласын былық-шылықтан тазартады деген сол басшылардың алғашқы екеуі елдің артқан үмітін ақтаған жоқ. Басқарманың басшылығына былтыр қазан айында тағайындалған Ғалымжан Жұмашевтің мамандығы заңгер. Уақтысында Білім және ғылым министрлігінде, Президент әкімшілігінде заң жөніндегі құрылымдарына жетекшілік еткен. Жұмашевті осы қызметке тағайындаған кезде облыс басшысы заңсыздыққа белшесіне жатқан білім саласын жөнге салады, ретке келтіреді деп сенім артқаны айдан анық. Бұл сенім қаншалықты ақталды?
Түркістан облысының білім саласында анықталған жымқырулар былтыр желтоқсанда жария етілді. Антикор Шардара және Сарыағаш ауданы білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін азаматтардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңгені жымқырған. 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, олардың 4-еуі қамауға алынғаны, 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталғаны айтылды. Масқара болғанда тергеу барысында Сарыағашта Тексеру комиссиясының бас инспекторы ұсталды. Ол аталған аудандағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке іліккен көрінеді.
Ал енді өткен аптада Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес ауданының білім бөлімі бухгалтерлеріне қатысты қылмыстық істердің қозғалғанын жария етті. Олар соңғы үш жылдың көлемінде білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізіп, мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерін есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-іне ауыстырған. Осы тәсіл арқылы қазынаның 400 миллион теңгеден астам қаражатын қалтаға басқан. Арада бір күн өтер-өтпе агенттік Түркістан облысы бойынша департаментінің облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен Мақтаарал аудандық білім бөлімінде есепшілердің -1,2 миллиард теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінде -600 млн теңге көлемінде мемлекет қаржысының жымқырылғанына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады.
Екі аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден асады. Олар да соңғы үш жылдың көлемінде мектеп мұғалімдерінің жалақасына қаралған қаржыны жоғарыдағыдай жолмен жымқырған. Дәлірегі ұстаздарға қаралған қаржыны өздерінің сыбайластарына аударып, одан кейін оны алдын ала келісім бойынша бөлісіп отырған.
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта іс бойынша жауапкерлер 120 миллион теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді,-деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, Мақтааралдағы тексеру жұмыстары осыдан екі ай бұрын басталған көрінеді. Тексеру барысында есепшілердің бірі өзіне қол жұмсады деген ақпарат бар. Қаржының бәрін есепшілердің өздері талан-таражға салды деген ақылға сия ма? Бұдан білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары бейхабар болды, «бар жақсылық тек бухгалтерлерге бұйырды» дегенге кім сенеді? Айыпталушылардың арасында білім бөлімінің басшылары, мектеп директорлары бар ма?
Біз жоғарыдағы сауалдарды алға тартып, апта басында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің атына журналистік сауал жолдаған болатынбыз. Басқарманың баспасөз саласына жауапты қызметкері Нұрлан Сұлтанбек хатқа заңға сәйкес алты күннің ішінде жауап беретінін мәлім етті. Апыр-ай, сонда Түркістан облыстық білім басқармасының басшысына қол астында болып жатқан жағдайларға қатысты бір ауыз пікір білдіруге, барды бар, жоқты жоқ деп жауап беруге бір апта уақыт қажет болғаны ма?
Не де болса жауап күтіп көрейік. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, қазір құзырлы органдар қазір тағы бір ауданда тексеру жұмыстарын қызу жүргізіп жатқан көрінеді. Яғни, Түркістанның білім саласындағы шатақ істер мұнымен тоқтамауы мүмкін.