Түркістан облысының білім саласынан 400 миллион теңге ұрланған
Білім беру саласындағы қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактілерін Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті анықтады. Бұл туралы аталған агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділов хабарлады.
Сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлері ілінді, олар 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізген.
Мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-не ауыстырылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады.
Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Айта кетері, осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін Сарыағаш пен Шардара аудандарында анықталған болатын.