Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 3-4 жыл бұрын кадрлық саясатқа қатысты жиында «Меритократия принциптері де барлық уақытта сақтала бермейді. Әлі күнге дейін қамқорлық және таныс арқылы, ықпалды қамқоршының көмегімен қызмет сатысында ілгерілеу жайттары бар. Бұған жол беруге болмайды. Мұндай жүйені қоғамдық пікір арқылы да сыни сараптамаға ұшырату қажет» деген болатын.
Командалық көші-қонның дұрыс еместігі бұған дейін талай алқалы жиындарда айтылғанымен, оның әлі күнге жалғасып келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, келген басшылардың жергілікті мамандарды менсінбей, кадрды сырттан әкелуге әуес екендігі рас. Алайда сол кадрлардың ештеңені тындырмастан келген көшпен кері кеткенін де көзіміз көрді.
Әр әкімнің өзінше команда жасақтағысы келетіні табиғи заңдылық шығар. Бірақ сол командаға сырттан кадр алып келу қаншалықты дұрыс? Әлде қалыптасқан жүйені бұзу, тың тәжіриелерді енгізу де қажеттілік пе? Бірақ, сырттан келген кадрлардың жергілікті жағдайға бейімделіп, мәселенің мән-жайына қанығу үшін де біраз уақыттың керек екендігін мойындау керек. «Іс тетігін кадр шешеді». Жалпы осы кадрлық саясаттың аражігін ажыратып беретін қандай да бір қағида ереже бар ма? «Бүгінгі күннің сауалында» біз осы мәселеге қатысты елге белгілі кісілердің пікірлерін тыңдап көрген едік.
Батырбек КӨШЕРБАЙ, кәсіпкер, меценат:
Шеттен кадр алдырғанда айып жоқ
Жалпы кадр қайдан келсе де Қазақстан азаматы ғой. Бұл жерде мәселе сеніп тапсырылған істі дұрыс атқара алуында. Міндетті ойдағыдай жүзеге асыра алса, ол құнды кадр саналады. Мейлі қай жерден келсе де. Түптеп келгенде бәрі бір елдің азаматтары ғой. Егер аймақтың дамуына гүлденуіне жұмыс істесе, өзінің біліктілігі мен тәжірибесін көрсете алса, одан басқа қандай талап болуы керек?! Кейде істі қожыратып жіберетіндер бар, оларды жақсы маман, білікті кадр дей алмаймыз. Мейлі, ол қай жерде келсе де бәрібір. Жергілікті жерден алына ма, жоқ шеттен шақырылған маман ба? Жалпы, егер адам білікті, тәжірибелі кадр болса, оның сол тәжірибесін мемлекет пайдаланып басқа өңірге жіберіп жатса, неге бармасқа?! Негізінен тек «жергілікті жерден кадр алынсын!» деген қатып қалған ереже, қағида жоқ қой. Ал, «жергілікті маман болмаса, халықпен тіл табысуы қиын болады, үйренісуге, барған жердің жағдайын түсініп, аймақпен танысып шығуға біршама уақыт кетеді» деген уәжбен келіспеймін. Мемлекеттік істе таңдау деген жоқ. Тек бір ғана міндет бар, ол – халыққа жұмыс жасау. Елдің қай бұрышында жүрсе де бірінші кезекте мемлекеттік қызметшінің басты парызы – елге пайдасын тигізу. Сосын әрбір аймақтың халқының өзінің менталитеті болады. «Шеттен келген кадрдың алдынан шығатын қиындықтың бірі – жергілікті тұрғындардың өзіндік менталитеті» деген сөзбен де келіспеймін. Өйткені мемлекеттік қызметтің менталитетке, басқаға не қатысы бар?! Мәселен, бұрын қаланың тазалығы көңіл көншітпейтін. Қазір шаһар реттеліп қалды. Қар жауса, артынан тазалап кетеді. Бәрі керемет болып кетті дей алмаймын. Дегенмен, бұрынғы кезбен салыстырғанда бүгінде кішкене болса да ілгерілеу бар. «Өзге жердің адамымын» демей әрбір әкімдік қызметкері қаладан халық демалатын гүлзар, саябақтар ашып, елге жағдай жасауы керек. Сондықтан бұл жерде кадрларды шеттетудің еш қисыны жоқ. Барлық маман тек іскерлігімен ғана өлшенуі тиіс. Егер ол халқына қалтқысыз қызмет жасап жатса, одан артық не керек. Сосын қызметке тағайындалған азаматтардың өмірбаянын көреміз. Ол жерде жазылған дүние бір бөлек те, шынайы жағдайда көрсеткен іскерлік қабілеті бір басқа нәрсе. Оған баға беретін халық пен төреші уақыт.
Талғат ҚАРЖАУОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:
Кейде мәселені сырттан келген маман жақсы шешеді
Менің жеке ойым, сырттан кадр әкелу кадр тапшылығына байланысты болса керек. Оның үстіне қандай да бір жағдай болса, бірінші кезекте басшы жауап береді. Сондықтан оның өзіне сенімді, бұрыннан таныс адам іздеуі де жасырын емес. Сырттан кадр әкелсе не бопты? Бәрі бір Қазақстанның азаматтары ғой. Өзіміз де алғашқы жұмыс бастағанда сонау Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарында істедік қой. Дегенмен сырттан келген адамды бастапқыда қабылдамау, шеттету барлық жерде бар. Тіпті мен қызмет атқарған солтүстік өңірлерде де оңтүстіктен барған мамандарды, сөздің шыны керек, аса бір жылы құшақпен қарсы ала бермейтін. Бірақ оңтүстіктің жігіттері пысықтау, белсендірек келетіні белгілі емес пе? Жұмысқа да көбірек жауапкершілікпен қараймыз. Осындай қасиеттің арқасында болар, ұжымға тез сіңісіп, жұмысты ұршықша жылдам үйіріп алып кеттік. Соның нәтижесінде оңтүстіктің жігіттерінің іскерлігіне, шапшаңдығына, алғырлығына көздері жетіп, керісінше бізге қарап бой түзеп, көп нәрсені бізден үйрене бастады. Сол себепті адам өз ісіне берік болса, кез келген жерде жарып шығады. Ол енді жаңа айтқанымдай жеке тұлғалық қасиетке байланысты. Бұдан бөлек, жалпы «сырттан кадр әкелуге болмайды!» деген ешқандай да заңда көрсетілмеген. Өйткені олардың бәрі республиканың азаматы саналады. Сол үшін елдің қай түкпіріне барып жұмыс істеймін десе де өз еркі. Ең бастысы – мемлекеттік қызметте өз біліктілігін, тәжірибесін көрсете алса болды. Бұл жерде қатып қалған бір қағида жоқ. Адамдармен қарым-қатынасы жақсы, алдында өз саласында жетістікке жеткен азамат болса, елдің қай бұрышында қызмет атқарса да алдына қойған міндетті абыроймен атқарып шыға алады. Керісінше кейбір азаматтар бар, жергілікті жерде қызмет атқарса да өзін көрсете алмай жүреді. Тәжірибесі, біліктілігі бәрібір төмен тартып тұрады. Оған қарағанда сырттан келген кадр мәселеге тез түсініп, жұмысты оңай алып кетуі мүмкін.
Шәріпбек ЖАМАЛБЕК, Түркістан облысы тұтыну кооперативтері одағының төрағасы:
Кадрлар жергілікті жерден жасақталғаны дұрыс
Ішінде араласып көрмегеннен кейін пәлен деп айту қиын. Дегенмен өңірдің, аймақтың төңірегінен іздеген дұрыс қой. Мейлі, ол облыс бола ма, қала бола ма. Шымкент пен Түркістан облысының бөлінгеніне бес-ақ жыл болды. Сондықтан кадр мәселесінде бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайды-ау. Өзара араласа берсін. Түсінеміз, мамандарды Президенттің кадр резервінен жіберіп жатады. Ал, кейде келген мамандар ол жақтан болмай шығады. Сондықтан облыс, қала болсын кадрды өздері өсіргені дұрыс. Өйткені жергілікті жерді білетін, сол аймақтың тұрғылықты халқының менталитетін білетін азамат қызметке келсе, әлдеқайда пайдасы көбірек болар еді. Мамандар жаңа қызметке үйренем дегенше кем дегенде жарты немесе бір жыл уақыт өтіп кетеді. Тіпті аудан, ауыл округі болса да мамандарды жергілікті жерден алу керек. Жоғарыда айтқанымдай, Президенттің кадр резервің бар. Ол жақта нақты қанша адам тұрғанын анық білмеймін. Жүз бәлкім, екі жүз болар. Бірақ та тиісті министрліктер резервке қоярдан алдын мамандарды аудан, облыстарға 1-2 жылға жіберіп, тәжірибеден өткізіп барып қойса құба-құп болар еді.
Әр облыста жоғары оқу орындары бар. Шетелге оқып келген жастар да жетерлік. Солардың бәрін жинақтап, облыс немесе қаладағы қызметтерге өз саласының мамандығына қарай тағайындаса, соның өзі де жетіп қалады. Бұрын қалада өндіріс орындары көп болатын. Көбісі жабылып қалды. Бізге жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмысын алға бастыратын мықты кадрлар керек. Құрылыс материалы немесе басқа халық тұтынатын тауар бола ма, өзімізді өзіміз қамтамасыз ететін хәлге жетуіміз керек. Оған еліміздің күш-қуаты жетеді. Қазақстаннан Менделеев кестесіндегі элементтердің 95 пайызы шығады. Біздің облыста да ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Қорыта айтқанда менің жеке ой-пікірім жергілікті жерден кадрлар жасақталса деймін.
Берік БЕКЖАНОВ, Мәжілістің экс-депутаты:
Алып-қашты әңгімелерге сенбеуге шақырамын
Жалпы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, әрбір лауазымды тұлғаның тағайындалу тәртібі бар. Мемлекеттік қызметке негізінен конкурс арқылы қабылданады. Заң бәріне ортақ, Қазақстан мемлекетінің кез келген азаматына бірдей. Мемлекеттік қызмет конкурстық жүйеге негізделген. Сондықтан адамдардың кез келген лауазымды қызметке тұруы конкурс арқылы анықталады. Еліміздің Конституциясында да Қазақстан құқықтық мемлекет деп жазылған. Сол үшін де барлық жағдайда мәселе тек заңмен, ереже аясында шешілгені дұрыс болады. Ал, сырттан кадр алып келу мәселесі біріншіден біліктілігіне, екіншіден сол маманның тәжірибесіне байланысты болса керек. Бірақ та заң бойынша бәрін де конкурстық комиссия шешеді. Яғни, аталған комиссия тағайындау құқы бар лауазымды тұлғаға үміткерді ұсынады. Содан кейін ғана тағайындаушы осы үміткер жаңа қызметке лайық па, жоқ па, өзі шешеді. Негізінде қызметке тағайындау осындай заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс. Яғни, барлық адам заң талабына сәйкес қызметке тағайындалып, заң шеңберінде қызметінен босатылады. Бұл жағынан ешқандай күмән болмау керек. Және біреулердің қызметке қалай келгендігі жөнінде алып-қашты әңгімелерге сенбеуге шақырамын. Сонымен бірге, әр мемлекеттік қызметтің квалификациялық талаптары болады. Үміткер ең алдымен соған сай болуы керек. Демек адам бір қызметке ұсынылса, квалификациялық талапқа сай екендігін білдіреді. Бұл тәртіп бәріне де бірдей жүреді. Оның үстіне қазір база орталықтандырылған. Сол себепті кез келген адам егер мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келсе, сол базаға кіріп өтінішін қалдыра алады. Қандай лауазым бар, конкурс қашан жарияланады, оған қатысудың талаптары қандай осы сауалдардың жауабын біліп, мемлекеттік қызметке әр адам ұмтылып көрсе болады. Сондықтан, ең алдымен біз кезекте қызметке келген мамандарға жеріне, ата қонысына қарап емес, тәжірибесіне, білімі мен біліктіліне қарап баға беруіміз керек.