Түркістан облысында аудан, қалалардың рейтингісі белгілі болды

Oinet.kz 23-01-2024 313

0902e0652d2bde7215245e23d5250991_1280x720.jpg 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша былтырдан бастап аудан, қалалардың рейтингісі жасалып келеді. Облыс басшысының төрағалығымен өткен жиында соның қорытындысы жария етілді.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

Жалпы алғанда Түркістан облысында 2023 жылдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі облыста алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібінен орындалды. Бұл салада 437,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Облыс әкімі көрсеткіштерді одан сайын жақсарта түсу керектігін жеткізді. Экономикалық даму бойынша негізгі индикаторларға қол жеткізе алмаған басқарма және аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

Біз аудан, қалаларды аралау барысында аудан, қала әкімдерімен, орынбасарларымен кездесіп, нақты тапсырмалар бергенбіз. Орындалмау қаупі бар индикаторларды да көрсеткенбіз. Осыны назарда ұстаңыздар. Жұмысын дұрыс атқара алмаған жауаптыларға шара көріледі. 2023 жылдың нәтижесі шықты. Енді сіздер 2024, 2025 жылдың жоспарларын қазірден бастап әзірлеп, индикаторларды есептеулеріңіз керек. Кірісті молайту бойынша 2 бағыт ұсынылды. Біріншісі – резервтегі кіріс көздерін, «көлеңкелі экономикада» жүрген тұлғаларды анықтап, сол арқылы салық көлемін көбейту. Екінші бағыт – жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту, кәсіпорындар ашу. Биыл шетелдердегі іссапарларыңызда алған тәжірибені іс жүзінде жүзеге асырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

 


Алматыдағы жер сілкінісі 5 баллды құрады--ТЖМ
Ислам Әбішев: «Мемлекеттік қызметке Сапарбаевтан ұялғанымнан келдім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу