Бұрынғы Мәжіліс депутаты Сайрамда заманауи мал базарын ашпақ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысында 20-дан астам жобаның жүзеге асырылу барысы, қазіргі жай-күйі сарапталып, өзекті мәселелері талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС-нің құрама жем зауыты, мал сою комбинаты және жануарлардың қалдықтардын терең өңдеу, замануи мал базары жобалары, сондай-ақ Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-нің 4500 га алқапқа жаңбырлату жүйесін енгізу және 25 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы құрылысы жобалары бойынша компанияның негізін қалаушысы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев баяндады.
Инвестордың айтуынша, бұл жобалар арқылы жұмыс орындары көбейеді. Аустралиялық тәсілмен салынатын заманауи мал базарында саудагерлерге де, келушілерге де қолайлы жағдай жасалмақ. ЖСҚ және рұқсат құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аустралиялық компаниялардан коммерциялық жеңілдіктер күтілуде. Алматы-Самара тас жолының бойында 40 га мал базарын салу үшін жер учаскелері анықталды.
«Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері әрбір жобаны сүйемелдеп, соңына дейін жетуін бақылауда ұстасын. Әр жоба бойынша Жол картасы әзірленіп, әкімдік өз міндетін, инвесторлар өз міндетін уақтылы орындаулары тиіс. Созбалаңға салуға болмайды. Бізге өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвестициялық штабта айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілсін», деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырма берді.