Шымкенттегі ескі ипподромның жеріне қатысты дауға Бас прокуратура араласуы мүмкін (видео)
Шымкенттегі ескі ипподромның жеріне қатысты дауға Бас прокуратура араласуы мүмкін. Мұны бүгін Шымкентке келген «Аманат» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек Oinet.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Сапар барысында аталған комиссияға мүше депутаттар Бақытжан Базарбек, Жанарбек Әшімжан жер саласының мамандарымен бірге Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақта болып, онда бір кездері түрлі себептермен жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстарымен танысты. Бақытжан Базарбек 2022 жылы Дендросаябақ пен ипподром жеріне қатысты заңсыздықтарды көтерген заңгер. Біз одан ескі ипподромның жеріне қатысты мәселені сұраған болатынбыз.
- Мен мұны «Ескі Қазақстанның» қитұрқы іс-әрекеті деп есептеймін. Ескі ипподромның жерін Шымкент қалалық әкімдігі 2019 жылы «Жас НС» деп аталатын серіктестікке инвестициялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берген. Кәсіпкерлік кодексі бойынша инвестициялық-инновациялық жобаларға өнеркәсіптік жобалар ғана кіреді. Тұрғын үй оған кірмейді. Мен мәселе көтерген соң, Жер ресурстарын басқару комитетінің Шымкенттегі департаменті тексеру жүргізді, заңбұзушылықтарды анықтады. Сотқа талап арыз берілді. Алғашқы сатыдағы сотта талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот түсініксіз жағдайда тұрғын үй салуды инвестициялық жоба деп тапты. Мен онымен келіскен жоқпын. Шешім сот кабинетіне апелляциялық шағым беру мерзіміне бір күн қалған кезде жарияланды. Яғни, шағым беруге мүмкіндік берген жоқ. Өкінішке қарай, қазір ескі ипподромның орнына тұрғын салып тастаған. Әрине, сот шешімі ел игілігіне қарсы жасалса да біз оны мойындауымыз керек. Бірақ күрес осымен аяқталды деп есептемеймін. Апелляциялық шағым беру беру мерзімін қалпына келтіру үшін Бас прокуратурамен бірлесіп атқарылатын жұмыстарды жоспарлаймыз. Бірақ өз басым сот төрелігімен келіспеймін. Себебі халық демалатын, серуендейтін жерінен айырылды,-деді депутат.
Біз Бақытжан Базарбектен халықтың игілігіне қарсы жасалған осы шешімнің артында тұрған шенеуніктердің нақты атын атауды сұрандық.
- Бұл қаулы Мұрат Әйтеновтың кезінде қабылданған. Жер «BI Group» компаниясына қарасты серіктестікке берілген. Қаулы ресми түрде заңсыз деп танылған жоқ. Мұндай жағдайда шенеуніктерді заңды бұзды деп айта алмаймыз,-деді Б.Базарбек.
Айта кетері, қырық жылдан астам тарихы бар Шымкенттің ескі атшабарының жері осыдан екі-үш жыл бұрын «BI Group» компаниясына элиталық тұрғын үй салу үшін берілді. Бұл шешімге сол кезде қоғам белсенділері, сәулетшілер қарсылық білірді. Әкімдік осыған байланысты қоғамдық тыңдау өткізді. «BI Group» алдын ала жасасқан келісім бойынша «Бозарық» елді мекенінде 6 миллиард теңгеге жаңа ипподром салып берді. Оның ашылуы былтыр наурызда өтті.