«Өздері жеп қойған». Түркістанда несие алған тұрғындар әкімдіктің алдында шу шығарды (видео)

Oinet.kz 19-01-2024 538

Түркістан облысында Қарнақ ауылының тұрғындары осыдан бірнеше жыл бұрын баспаналарын кепілге қойып несие алған. Алайда осы уақытқа дейін үйлерін кепілден шығара алмай әуреге түсіп жатыр. Ашынған халық кешегі күні Түркістан облыстық әкімдігінің алдына барып, наразылықтарын білдірді.  

2023_06_26_2022_01_18_crop-60_119_845x1127_bankter-nesie-beru-tartibin.jpg

Тұрғындардың бізге айтқан шағымдарына қарағанда, ауыл азаматтары   2016-2017 жылдары «Агронесие корпорациясынан»  “Яссы несие” деп аталатын ұйым арқылы несие алған. Несие алу барысында халық кепілдікке тұрғын үйлерін қойған. Олардың көпшілігі қарыздарынан 5 жыл бұрын құтылып қойған. Алайда әлі күнге дейін үйлері кепілден шығарылмаған. Айтуларынша, барлығының қолында қылмыстық іске қатысы жоқ деген қаулы мен “Яссы несие” ұйымы арқылы алған несиелерінен  толығымен құтылғаны туралы анықтамалары бар. Тұрғындар баспаналардың кепілден шығарылмау себебін  ұйымның өз ішіндегі былық-шылықпен байланыстырады. 

Біздің түсінгеніміз, несиелер ауыл шаруашылығын дамытуға қаралған. «Яссы несие»  несиелерді беру үшін тұрғындарды жеке кәсіпкерлік арқылы топ-топқа біріктірген. Бір топтың ішіндегі несиелер толық жабылмайынша, сол топтағы тұрғындардың ешқайсысының мүліктері кепілден шығарылмайтын жүйені енгізген көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, несиені төлемегендер негізінен сол  несие ұйымының басы-қасында жүрген азаматтар көрінеді. Наразы топ қарызынан құтылған азаматтардың тұрғын үйлерін кепілден шығаруды талап етіп отыр.   

Айта кетейік тұрғындар тұрғындар бұл мәселені былтыр қарашада облыс басшысы Дархан Сатыбалдының Кентау қаласында өткізген жеке қабылдауында қозғаған болатын. 

Біз осыған қатысты Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылдық округінің әкімі  Муртаз Диметовпен хабарласқан болатынбыз. Әкім бұл іс бойынша қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеру амалдарын жүргізіп жатқанын мәлім етті. 

Болат Жанәбіл-басқарма басшысының орынбасары
Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы мен адвокатын соттап жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу