Дархан Сатыбалды: ...орынбасарлар лауазымдарынан босатылады
Түркістан облысының бірқатар аудандарында ауыз су мәселесі өзекті болып тұр. Кейбір аумақта табылған су тартылып кетсе, енді бір аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары нәтиже бермеуде.
Ал Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округінің Дастан елді мекенінде кестемен берілетін ауыз су нысандарында ауыз су дебеті төмендеген және қысқа мерзімде су тазартқыш сүргілері жарамсыз күйге түскен. Келес өзенінің бойынан бұрғыланып жатқан су ұңғымасы бойынша бұған дейін жүргізілген бұрғылау жұмыстары нәтиже бермеген. Тіршілік нәрін іздестіру жұмыстары жалғасып, қазір Келес өзені маңынан 200 метр ұңғыма қазылуда. Қажетті су қоры анықталған соң Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол және Қауыншы елді мекендері ауыз сумен қамтылатын болады. Біртілек ауылдық округінің Игілік елді мекенінде ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары біткен. Енді мемлекеттік қабылдау рәсімдері аяқталған соң «ҚазСуШар» РМК-ға қарасты «Оңтүстікауызсу» филиалының «Сарыағаш ТСЖ» өндірістік бөлімшесі мекемесіне сенімгерлік басқаруға өткізіледі. Нәтижесінде, 1151 тұрғын ауыз сумен қамтылады.
Облыс әкімі ауыз су нысандары уақтылы тапсырылмаған және осы салада олқылық анықталған Шардара, Ордабасы, Келес аудандары мен Арыс қаласының басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды. «Біздің алдымызда облысты 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын, – деген Дархан Сатыбалды су шаруашылығына жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керектігін де айтты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, өңірде 737 елді мекен (91,3%) ауыз сумен қамтылған. Қалған 70 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталып кеткен. 41 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, оның 14-інде жұмыс басталған. 9 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. 14 елді мекенде барлау жұмыстары жүруде. 29 елді мекенге кешенді-модульдік блок орнатылады. Биыл 47 нысанның құрылысы жүрсе, оның 37-сі жыл соңына дейін тапсырылады. 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Жыл соңына дейін жаңадан 22 елді мекен ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 759-ға жетеді. Халық саны бойынша индикатормен есептегенде ауылды жердегі елді мекендердің ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетсе, қалалар 100 пайыз қамтылмақ.