Жоғалған баланың өлі денесі табылды
Түркістан облысында із-түссіз жоғалған 4 жастағы баланың өлі денесі табылды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті хабарлады.
-Түркістан қаласының полициясына баланың жоғалғаны туралы хабарлама 1 желтоқсан күні кешкі уақытта келіп түсті. Жергілікті тұрғын ойнауға шыққан ұлының, қайта оралмағанын жеткізген.
Жоғалған баланы іздеуге полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары, сондай-ақ Ұлттық ұланның құтқарушылары мен әскери қызметшілері жұмылдырылды. Аталмыш кішкентай ұл баланың фотосуреті бар бағдарлар БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Баланы іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар мен оқиғаға бей-жай қарай алмаған азаматтар көмек көрсетті. Іздеу барысында жақын маңдағы аумақтарды, тұрғын үйлерді аралау жүргізілді. Қараусыз қалған үйлер, арықтар және кішкентай бала бара алады-ау деген басқа да орындар тексерілді.
Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде, 3 желтоқсан күні түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан (септик) табылды. Баланың денесін медициналық сарапшылар тексереді, ал мәйіттен зорлық-зомбылық пен қандай да өлім белгілері табылмады.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобының қызметкерлері, полиция департаменті мен прокуратура басшылығы жұмыс жасауда. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда,-делінген Полиция департаменті таратқан мәліметте.