Журналистер Одағының ұсынысымен газет атауы көшеге берілді
Түркістан облысы Түлкібас ауданында тоқсан жылдан астам тарихы бар «Шамшырақ» газетінің аты аудан орталығы Рысқұлов ауылындағы көшелердің біріне берілді. Бұл туралы Қазақстан Журналистер одағының атқарушы директоры Ғалымжан Елшібай фейсбуктегі парақшасында жазды.
-Аудан халқына етене таныс «Шамшырақ» – тарихы терең, ізденімпаз журналистерінің табанды еңбегінің нәтижесінде облысқа, елімізге танымал газет. Басылым 92 жыл бойы өңірдің тыныс-тіршілігін қоғамдық-саяси, мәдени іс шаралар арқылы да, жергіліктің халықтың мұң-мұқтажын өзекті мәселелерді көтеру және билікке дер кезінде жеткізу арқылы да халыққа қызмет етіп келеді. Алты Алаштың мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», деген еді. Осы тұрғыда айтсақ, бүгінде халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып отырған «Шамшырақ» газетінің 92 жылдығына орай Түлкібас ауданы әкімдігі мен Қазақстан Журналистер одағының қолдауымен аудан орталығындағы көшеге «Шамшырақ» атауы берілді. Яғни басылымның еңбегі ел журналистері, жергілікті оқырмандары мен билік тарапынан жоғары бағаланып отыр.
Әріптестерімізді, яғни «Шамшырақ» газетінің ұжымын осындай қуанышымен құттықтаймын. Иә, ел жоғары бағалап отырған бүгінгі жетістіктің бастауы осы басылымда еңбек еткен аға буыннан басталады. «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, абайтанушы, бауыржантанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, сатирик ақын Алпысбай Боранбайұлы, ақын Әбдібек Аралбайұлының тырнақалды туындылары осы тарихы терең басылымда жарыққа шығып, оқырмандарына ұсынылған болатын. 92 жылдық тарихы бар, алғаш «Социалистік егінші» атауымен жарыққа шыққан басылымда Мархабат Байғұт, Қуантай Аршабаев, Амангелді Ізтілеуов, Қазбек Кейкиев, Сайдулла Саттарханов, Біләл Құлбек, Мұрат Пірәлиев, Әбдісаттар Әлібаев, Кендебай Айтқұлов, Арысбай Айтаманов, Орынтай Көмеков сынды есімі елге мәлім тілшілер еңбек еткен. Басылым бүгінде ұлттық және халықаралық дәрежедегі оқу орындарының түлектерімен, яғни ізденімпаз жастармен толыққан. Аға буынды алыстатпай жас буынға көптеген мүмкіндіктер беріп, заманауи бағытта жаңашылдықтармен толығып отырған редакцияның бүгінгі жетістігі басшының еңбегінің нәтижесі екенін де айта кетелік. Алдағы уақытта редакция ұжымы тың бастамаларымен, жаңашылдығымен оқырмандар қатарын арттыра түседі деген сенімдеміз. Ауданның, тыныс-тіршілігін, жаңалықтарын жеткізу жолындағы еңбектеріңіз жандана берсін! Қаламдарыңыз ұшталып, жазарларыңыз таусылмасын. Шығармашылық шабыт, мол табыс тілеймін! Ал «Шамшырақ» көшесі атауына сай үлгілі де бағыт-бағдар болатын даңғылға айнала берсін!-деп жазған Ғ.Елшібай.